Биыл Ақдала ауылының құрылғанына 50 жыл толуда. Осы айтулы датаға орай әрі Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Ақдала орта мектебінде «Жас диқаншылар» отряды құрылды. Білім шаңырағында өткен салтанатты шара жас диқаншылар бұрышының лентасын қиюдан басталды.
Жаңадан ашылған «Жас диқаншылар отряды» бұрышына ардагер диқаншылардың суреттері ілініп, егіс алқапта өсетін дәнді дақылдар мен күріш сабақтары қойылған. Сонымен қатар жас диқаншылар құрамы жайында да мәліметтер берілген. Шараға арнайы келген қонақтар тарихи суреттерді көріп, Ақдала ауылының іргетасы қаланған жылдарды еске алып, естеліктерімен бөлісті.
Мұнан соң жиналған көпшілік ел мен жер тарихын дәріптеу, жасөспірімдерді ауыл шаруашылығы саласына баулу мақсатында ұйымдастырылған «Ақдала – еңбек даңқының алтын діңгегі» тақырыбындағы мәдени шараны тамашалады.
Шара барысында жас диқаншылар күріш дақылының өсімі мен күтімі, пайдасы жайында дайындаған ғылыми жобаларымен таныстырып, мектеп оқушылары туған жер жайында жазылған өлең шумақтарын жатқа оқып, әуелете ән шырқады.
«Жас диқаншылар» отрядына оқушыларды қабылдау рәсімінде сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Асқар Кәдірұлы игі бастама үшін мектеп ұжымына алғысын жеткізсе, «Бақанас» күріш сортының өсіп-жетілуіне сүбелі үлесін қосқан білікті агроном Жанат Аймақов оқушылардың бабалар салған сара жолға қадам басып жатқанына дән риза екенін айтып, жас диқаншылар ісіне сәттілік тіледі.
Өз кезегінде «Жас диқаншылар» отрядына қабылданған оқушыларға арнайы куәліктер табысталып, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекен Шыбықбаев ақ батасын берді. Мектеп ұстаздары Әниятулла Ахметовтің «Шалқыма» әнін шарықтата орындап, шараның көрігін қыздыра түсті.
Жаңа жобаны жүзеге асырған Ақдала орта мектебінің ұстаздары «Бір уыс күріш – мың уыс береке!» деген ұранды берік ұстанып, «Жас диқаншылар» жобасы – білім мен тәрбиенің, тарих пен тәжірибенің тоғысқан бірегей үлгісі болатынына сенім білдірді. Ардагер диқаншылар да игі бастаманың жемісті боларына және оқушылардың екңбекпен шыңдалып, туған жерінің тарихынан мол мағлұмат алып, болашаққа батыл қадам жасайтындарына тілектесті екендіктерін жеткізді.
Бақтығали Дәуітбаев
Балқаш ауданы