Биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеуіне ниетті кандидаттардың құжаттарын қабылдау 1 маусымнан бастап бір ай уақыт аралығында арнайы ақпараттық жүйеде онлайн режимде жүзеге асырылады. Бұл туралы баспасөз-мәслихатында Қазақста Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлтан Сейдалиев айтты.
Төртінші іріктеудің ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Яғни, резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады.
Нұрсұлтан Ақылбекұлының айтуына қарағанда, кандидаттарға қойылатын жалпы талаптар бұған дейін өткізілген іріктеудің талаптары сияқты, яғни, кандидаттардың жасы 35-тен аспауы, жоғары білімінің, бес жылдан кем емес еңбек өтілінің және қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес болуы туралы талаптар сақталатын болады. Іріктеуге қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар жіберілмейді.
– Іріктеу Президент Жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес 6 кезеңнен тұрады және маусым – қазан айларында өткізіледі. Әр кезеңге нақтырақ тоқталып өтсем. Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау кезеңінде Талаптарға сәйкес келетін барлық кандидаттар мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан өтеді. Бұл ретте сандық тестілеуге әр салалық бағыт бойынша ең көп балл жинаған кандидаттардың 50 пайызы жіберіледі. Ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңінде кандидаттардың таңдаған салалық бағыттарына байланысты нақты проблемаларды шешу бойынша ұсыныстарын бағалауға бағытталған. Бұл кезең онлайн режимде эссе жазу форматында өтеді. Ал соңғы кезеңдерде үміткерлер сарапшылық комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысына 100-ден аспайтын кандидаттар тізімі ұсынылады. Резервке үздік 50 кандидатты қабылдау үшін Ұлттық комиссияның отырысын қазан айының 25 күніне дейін өткізіп, қазан айының соңына дейін шешім шығару жоспарлануда. Қашанда мемлекеттік аппаратқа білімді, еңбекқор, отанға қызмет етуді өзіне парыз санайтын жастар қажет, – дейді Нұрсұлтан Сейдалиев.
Ерзат АСЫЛ