-13 °c
Qonaev
Sunday, May 11, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    ЖЕҢІСТЕ ТУҒАН ЖЕҢІСТЕР

    08.05.2025
    in Барлық жаңалықтар, Тарих
    ЖЕҢІСТЕ ТУҒАН ЖЕҢІСТЕР
    0
    SHARES
    3
    VIEWS

    1945 жылдың 9 мамыры, яғни Жеңіс күні талайлардың жүректеріне жылу ұялатып, қуаныш сыйлағаны айтпаса да түсінікті. 5 жыл бойы соғыстың зардабын тартып, ана баладан, әйел жардан, бала әкеден айырылып, жоқтау айтып қалған жанұялар ұлы күнді аңсары ауа күткені анық. Сондықтан  Жеңіс күнінің құрметіне талай сәбидің есімі де Жеңіс атанды. Бүгін біз сол Жеңіс есімін арқалап, өмірде де талай жеңіске жеткен жандар жайында сөз қозғамақпыз.

    Алтын құрсақты ана

    Жеңіс күнінің төл құрдасы Жеңіс апамыз 9 мамыр күні 80 жасқа толады. 1945 жылдың 9 мамырында Ұйғыр ауданына қарасты Үлкен Дихан ауылында дүниеге келген. Әкесі Нұрпейіс пен анасы Бибиша Ұлы жеңіс күнімен қатар дүниеге келген сәбиіне Жеңіс деп азан шақырып, ат қояды. Бірақ ол кездегі құжатқа деген бей-жайлық болар, баланың туған күні 1 маусым деп жазылып кеткен екен.

    Жеңіс апамыз өмірінде талай қиындық көреді. 2 жасында әкеден айырылады. Есеймей жатып, анасын өзгеге атастырып жібереді. Небәрі 3-4 жастағы бүлдіршін қыз ағасының қамқорлығында қалады. 15 жасында аға-жеңгесінің қолынан ұзатылады. «Күздің суық күндерінің бірі. Қараша айы. Той жасайтын болды. Құдалыққа 2 қария мен 1 кемпір келді. Қалыңмалға деп қой алып келгені есімде. Содан мені арбамен алып кетті. Ол кезде қазіргідей зулаған көлік қайда? Ұлан-асыр той да жоқ. Елдің аузы енді ғана аққа жетіп, жарып жатқан кезі. Өзім де 15 жастамын. Мен баламын, жасым кіші дегенді де ойламаппыз. Тіпті кімге, қандай адамға тұрмысқа кетіп барамын деген де ой болмапты. Жолдасымды ұзатылып барғаннан кейін ғана көрдім ғой», – деп өткен күндерін еске алды.

    Арғы беттен келген өмірлік жарымен 60 жылға жуық бірге ғұмыр кешеді. Молдахан қария екеуі өмір бойы мал соңында жүреді. Жаз жайлау, қыс қыстау жүріп, 6 баланы дүниеге әкеледі. Бірі ұлы кішкентай кезінде шетінеп кеткен екен. Қалған үш ұл мен екі қызды оқытады, тоқытады, үйлі-жайлы етеді. Осыдан 9 жыл бұрын Молдахан қария өмірден өтеді.

    Өткен күнде өкпесі жоғын айтады анамыз. 5 баланы арқасына таңып алып жүріп, мал да бағатын, сиыр да сауатын, құрт-майын жасап, ірімшігін қайнатып, келген қонағына дастарқанын да жайнатып тастайтын. Мұны ауылдастары да жақсы біледі. Ананың тәрбиесін ала алмаса да, ененің  қамқорлығын көрді. «Қазір ойласам, келін болып түскенде  бала екенмін ғой. Білгеннен білмегенім көп. Енем марқұм қабағын бір түйместен көп нәрсені үйретті. Бірақ ол кісі де ерте дүниеден өтті. Ал қазір мен де келіндеріме ене емес, ана болуға тырысамын», – дейді кейуана.

    Қазір Кіші Дихан ауылында келінімен бір шаңырақта тұрады. Кіші ұлы Қайраты осыдан бірнеше жыл бұрын өмірден озыпты. Тағы бір қызын да жер қойнына тапсырған. Оларды айтқанда анамыз көздеріне жас толып, кемсеңдеп қалды. Бүгінде келіні Роза қызындай қамқорлық танытып отыр екен. «Тамағым дайын, кірім жуулы, төсегім салулы, маған одан артық не керек? Келінім қызымдай. Асты-үстіме түсіп, бәйек болып жүреді. Тіпті өзінің бауырлары да келіп, маған дұрыстап қара деп тапсырып кетеді. Маған одан артық бақыт керек емес. Немере-шөбере сүйдім», – деп бүгінгі күніне тәубе айтып, болашақта да еліміздің бейбіт күнде өмір сүруін жатса-тұрса Жаратқаннан жалбарына сұрайтынын жеткізді қария. Ара-тұра қаладағы балаларына барып тұрады. Бірақ ауыл десе аңсары ерек. Шыдамай қайтып келемін деп күліп қойды.

    Ұлы Жеңіспен қатар өмірге келген Жеңіс Нұрпейісова апамыз өмірдің талай қиындығын көрді. Бірақ жеңісті күндері көп болды. Өзін құрметтейтін жанмен отбасын құрды. Бір жеңіс. Балалы-шағалы болды, бақты, азамат етті бәрін. Үлкен жеңіс. Бастысы сол ұрпағы бейбітшілік заманда алаңсыз ғұмыр кешуде. Міне, осы себептерден де Жеңіс апамыз өзін бақытты сезінеді. Соғыс атты алапаттың ешқашан болмауын ғана тілейді.

    Ұлағатты ұстаз

    Кетпен таудың етегін көмкере жатқан Кетпен ауылында 1970 жылдың 8 мамырында Шәріпқожаевтар отбасында егіз шарана дүниеге келеді. Бұл жанұя 1960-шы жылдары Қытайдан қоныс аударса да, 1941-1945 жылдардағы ұлы Отан соғысын атамекеніндегі туыс-туғанымен, қандас бауырларымен бірге көргендей болып еді. Солар үшін арғы бетте жатып, тілекші болған жандар еді. Сол Жеңістің 25 жылдығы қарсаңында дүниеге келген ұлы мен қызына Жеңіс, Жеңісгүл деп ат қояды Бейсембек қария.

    Кеңес одағы кезіндегі Қызыл Ту ұжымшарында атақты жылқышы болған Бейсембек қария мен Әдепхан анамыз 9 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелейді. Солардың кенжесі Жеңіс пен Жеңісгүлдің екеуі де ұстаздық жолды таңдайды. Ал біз бүгін сол қарашаңырақтың иесі, ұлағатты ұстаз, Жеңіс мерекесімен қатар 55 жастық мерейтойын атап өткелі отырған Жеңіс Бейсембекұлы туралы айтпақпыз.

    Ең әуелі Республикалық медицина училищесін фельдшер мамандығы бойынша тамамдаған Жеңіс ағамыз туған ауылы Кетпенде еңбек жолын бастайды. Бірақ кейіннен Абай атындағы Қазақ педагогикалық ұлттық университетінен  «Тарих және география пәні мүғалімі» мамандығы бойынша білім алып шығады. Ұстаздық жол – басты арманы еді. Ақыры қол жеткізген соң тағы да туған жеріндегі орта мектепте мұғалімдік қызметін бастайды. Жігері мен бар білімін шәкірт тәрбиелеуге жұмсап, білікті маман екендігін дәлелдейді. Ортаға сыйлы, ұжымда беделді болады. Оның қабілеті мен озық білімін көрген басшылық директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды. 2023 жылдан бастап Кетпен ауылдық округіне қарасты Кепебұлақ ауылындағы Н.Исахметов атындағы орта мектептің директоры болады.

    2023 жылы өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында аудандық мәслихаттың депутаты атанды. Әрдайым ауылының мәселесін айтудан, жоғарыға жеткізуден шаршаған емес. Халықтың сенімін арқалап, халық қалаулысы атанған соң сол мандатқа лайық болуды мақсат етеді. Ауылдастарының жағдайының жайлы, әлеуетінің биік болғанын қалайды.

    Ұстаздық жолда да біршама жетістікке жетті. Басты жемісі – бірлігі бекем ұжымды айрандай ұйытып ұстап отыр. Сонымен қатар өзі басшылық еткен мектептен талай білімді шәкірттер тәрбиеленіп, қанат қақты. Оның елеулі еңбегі ескерусіз қалмады. Бірнеше мәрте аудан, облыс басшыларының марапатына ие болды. Өткен жылы ҚР Оқу-ағарту министрінің «Алғыс хатын» арқалады. Бұдан бөлек төсбелгілері мен медальдары да жетерлік.

    Ұстаз ретінде, қоғам белсендісі ретіндегі Жеңіс қандай құрметті болса, ата-анасын сыйлайтын ұл, отбасындағы жар, әке Жеңістің де орны сондай құрметті. Ата-анасын да алақанында аялап бақты. Жан жары Бибісара да ұлағатты ұстаз. Екеуі ұл-қызының тәрбиелі де, иманды болуына еңбек етуде. Ол жолда да Жеңіс ағамыз жеңіске жететіне сенімді.

    Адамның есімі болашағына әсер етеді деп сенеміз. Сондықтан балаға ат қоярда жақсылықтан үміт күтіп, ырымдап жатамыз. Жеңіс ағамыз да өз есімінің өз өміріне лайықтап қойылғанына дән риза. Өйткені жеңісті күндерінің көп екенін айтады. Әрбір сәті, әрбір күні жеңіс.

    Анар Дүйсенбайқызы

    Ұйғыр ауданы

    Ұсынымдар

    Кеген ауданында 30 отбасы жаңа баспанаға ие болды

    Кеген ауданында 30 отбасы жаңа баспанаға ие болды

    6 months ago
    Табиғат –  ортақ байлығымыз

    Газеттің тірегі – оқырман

    7 months ago
    АЯҚ КИІМ ЦЕХЫ АШЫЛДЫ

    АЯҚ КИІМ ЦЕХЫ АШЫЛДЫ

    5 months ago
    Бақыт кілті

    Бақыт кілті

    4 months ago
    Елордада Президент шыршасы өтті

    Елордада Президент шыршасы өтті

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>