Бүгінгі бейбіт күннің әрбір сәті – қанмен, термен келген қасиетті аманат екенін ұмытпауымыз керек. Сол аманатты бізге сыйлаған ерлердің бірі, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, менің атам Жайылхан Қадыров еді.
Атам 1914 жылы 1 қаңтарда Кеген ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, ұжымшарда механизатор болып қызмет етті. 1942 жылы елін жаудан қорғау үшін сұрапыл соғысқа аттанады. Майдан даласында 64-инженерлік-саперлік бригада құрамында неміс басқыншыларына қарсы кескілесе шайқасты. Мина тазарту – майдандағы ең ауыр, ең қауіпті міндеттің бірі. Атам Жайылхан өзіне жүктелген тапсырманы мүлтіксіз орындауға тырысты. Жауды тезірек тізе бүктіріп, жеңіс туын желбірету үшін күндіз отырмады, түнде ұйықтамады. Соғыстағы сарбаздардың бар арманы – туған жерге аман-есен оралып, бейбіт күннің әр сәтін жан жүрегімен сезіну болды. Бірақ сол арманға жете алмай, шейіт кеткен боздақтар қаншама десеңізші?! Менің атам да оқ пен оттың арасында жүріп, ажалдан аман қалған. Бірде кезекті тапсырма үстінде минадан денесінің бірнеше жеріне жарықшақ түсіп, ауыр жараланады. Жарықшақтар алынғанымен, жүрек тұсына қадалған соғыс қасіреті өмірінің соңына дейін сол күйі қалып қойған.
1945 жылы соғыс аяқталып, атам туған жерімен қайта қауышады. Соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіруге білек сыбана кіріседі. Ардагерлікке сүйеніп өмір сүруден гөрі, адал еңбекпен өмір кешуді жөн санады. Зайыбы Ажар апаммен бірге 12 құрсақ көтеріп, соның ішінде 7 ұл мен 4 қызды тәрбиелеп өсірді.
Атам өмірден өткенде мен 3 жаста едім. Бірақ есімде қалған бір бейне бар: үлкен көзді, сабырлы, жылы жүзді адам еді. Мен сол бейнеге қарап, оның бойындағы үлкен рухты сезінемін. Атаммен тікелей әңгімелесе алмасам да, оның өмірі мен үшін – өнеге.
Тағы бір ерекше жайт – атамның туған күні 1 қаңтар, келіншегім де дәл осы күні өмірге келіпті. Кейін ұлым – Шоқан да 1 қаңтар күні дүниеге келді. Мұны біздің отбасымызда рухани байланыс, бір-бірімізге дарыған тағдыр тізбегі деп қабылдаймыз.
Атам ешқашан батырлығымен мақтанған емес. Бірақ оның өмірі – біз үшін үнсіз ерлік. Оның қарапайым болмысының астарында терең рух, қайсарлық, Отанға деген шексіз махаббат жатты.
Мен өз атамды мақтан етемін. Ол – біздің отбасымыздың ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы. Ер есімі – ел есінде.
Айдын Жайылханов,
Еңбекшіқазақ ауданы