Биыл адамзат баласының тарихындағы зардабы мен қасіреті өте ауыр, ең қанқұйлы Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр.
Тарихқа Ұлы Отан соғысы деп жазылған осы қантөгіс Кеңес Одағының жеңісімен аяқталды. Бұған Қазақстанның қосқан үлесі ұшан-теңіз. Соғыста атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда шығарылса, әрбір бесінші қазақстандық Отан қорғау үшін майданға аттанды.
Сол сұрапыл майданға қатысқан миллиондардың қатарында Әжі Қайырұлы Қайыровта бар еді. Әкесі Қайыр екі ағайынды, үлкен ағасы Әбу, жеңгесі Биғайша. Олардан Әзила, Қасиет, Қуаныш, Күлімхан есімді ұл-қыздары бар. Әжі Қайырұлы Отан алдындағы антына адал, қайсар жүректі сарбаз ретінде елін, жерін қорғауға аттанды. Жауынгерлік сапта жүріп, туған жерінің бостандығы үшін жанын шүберекке түйген боздақтардың бірі болды.
Әжі Қайырұлы Қайыров 1903 жылы бесінші ақпанда Алматы облысы, Кеген ауданы, Қарқара (бұрынғы Құмтекей) ауылында дүниеге келген. Ол өзінің өмір жолында көптеген қиындықтарды басынан өткеріп, елінің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күрескен нағыз патриот болды. Ауылда туып-өскен Әжі ақсақал ата-анасынан алған тәрбиесімен қазақ халқының ұлттық құндылықтарын бойына сіңірді. Жастайынан еңбекке араласып, ауыл шаруашылығында жұмыс істеп, үлкендердің тәлім-тәрбиесін алды. Оның бойындағы еңбекқорлық пен табандылық, кейіннен соғыс жылдарында да көрініс тапты. 1941 жылы елде соғыс басталғанда, Әжі Қайыров әскерге шақырылып, 92-атқыштар полкінің құрамында қатардағы атқыш қызметін атқарды. 1942 жылғы мамыр мен тамыз айлары аралығында Сталинград шайқасына қатысып, Отан қорғау жолында жанын салды. Бұл шайқас- тарихтағы ең ауыр, әрі шешуші кезеңдердің бірі еді. Сталинград майданында көрсеткен ерлігі үшін Әжі Қайырұлы көптеген құрметке ие болды. Сол жылдары ол тек жауынгер ғана емес, батылдығымен көзге түскен көшбасшы болды. Соғыстан жараланып оралған қазақ сарбазы ауылдастарының алдында үлкен құрметке ие болып, ауылдың шаруашылық жұмыстарына араласып кетеді. Тың жерлерді игергені үшін «Еңбек Ері» медалімен марапатталды. Оның еңбекқорлығы мен табандылығы ауыл тұрғындарына үлгі болып, жастарды еңбек етуге шақырып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты.
Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Әжі Қайырұлы көптеген марапатқа ие болды. 1965 жылдың мамыр айында «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының жеңісіне 20 жыл» медалімен марапатталса, кейінгі жылдары «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының жеңісіне 30 жыл», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының жеңісіне 40 жыл» медалдарымен наградталды. 1985 жылы «ССРО қарулы күштерінің 50 жылдығы» медалімен және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін ІІ-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.
Әжі Қайыров жұбайы Аятқан Нұрғожаевамен отау құрып, 53 жыл бірге өмір сүрді. Ұлдары Өмipзақ, Мұрат, Секен, Бақыт, Бақытжан, Марат, Талғат, қыздары Қуандық, Гүлсiм, Гүлсiмхан, Тома, Тілеухан, Бақытгүл, Кенжегүл есімді он төрт баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Отбасылық өмірі баянды болып, ұрпақтарынан 53 немере, 138 шөбере, 39 шөпшек сүйді. Балалары бүгінде елімізде әр салада еңбек етіп, ата жолын жалғап келеді. Барлығына жоғары білім беріп, тәрбиелеп өсірген Әжі Қайырұлының еңбегі мен ерлігі олардың бойында да ізін қалдырды.
Әжі Қайырұлының ерлігі мен еңбек жолы, өмірі мен қызметі қазіргі ұрпаққа үлгі болып табылады. Ол тек соғыс ардагері ғана емес, сондай-ақ қоғамның дамуына да үлес қосқан еңбекқор азамат. Соғыс жылдарындағы қиындықтарға қарамастан, ол өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілігін ешқашан жоғалтқан жоқ.
1996 жылы 93 жасында өмірден өткен Әжі Қайыровтың есімі ұрпағының жүрегінде мәңгі сақталады.
«Ер есімі-ел есінде», биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біз сол ерлік жылдарын тағы бір мәрте еске алып, ардагерлер рухына тағзым етеміз. Өйткені, бүгінгі бейбіт аспанымыз, тәуелсіздігіміз- біздің ата-бабаларымыздың төгілген қанымен, жанқиярлық ерлігімен келген баға жетпес аманат. Оны көздің қарашығындай сақтау- ұрпақтың қасиетті борышы.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы