Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен жол-көлік оқиғаларының себептерін зерделеу, жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған шаралар мен ұсыныстар әзірлеу үшін құрылған ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті.
Жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым былтыр Премьер-министр мен Бас прокуратураның жол-көлік оқиғасын төмендету жайлы тапсырма бергенін, алайда облыс көлемінде жол-көлік оқиғасының көрсеткіші жоғары болып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Нұрлан Ерғалиұлы биыл төрт айдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғасы 55,5 пайызға, зардап шеккендер саны 92,3 пайызға артып, қаза тапқандар саны 28 пайызға өскенін, олардың ішінде кәмелетке толмаған 5 бала бар екенін, сондықтан бүгінгі басқосуда осы мәселенің түйінін тарқату үшін бірлескен шараларды қолға алу керегін шегелеп айтты.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Мақсат Аймағамбетов жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері малдың күрежолға шығып кетуінен, жол белгілерінің орнатылмауынан, жарықтандырылмауынан болып отырғанына тоқталды.
Келесі кезекте полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Әбдінұр Тасыбаев биылғы төрт айда болған жол-көлік оқиғасы жайлы дерек-дәйекті алға тартып, жол апатының көпшілігі жүргізушінің жылдамдықты шамадан тыс асыруынан болғанын жеткізді. Жол-көлік оқиғасының алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды тілге тиек ете келе, жолданған ұсыныстарға тиісті орындар тарапынан жауап берілмегенін алға тартты.
Өз кезегінде сөз алған жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетов былтыр және биыл жол салу және жөндеу бойынша атқарылған жұмыс жайында сөз қозғады. Нұрлан Әбдірахым басқарма басшысының құқық қорғау органдары тарапынан берілген ұсыныстардың қаржы тапшылығына байланысты орындалмай қалғаны жайлы уәжіне бюджетті жоспарлағанда тиісті орындармен ақылдасып, қаражатты жол апаты жиі болатын өте қауіпті аумақтарға бағыттау керегін баса айтты.
Аталған жұмыс тобы заңнама талаптарын күшейту, жол-көлік оқиғасын есепке алу мен тіркеуді жетілдіру, алдын алу және ескерту шараларын іске асыру бағытында жұмыс жүргізуде. Азаматтардың хабардарлығын арттыру және жаңа жол апаттарының алдын алу мақсатында департамент тарапынан апаттық қауіпті жол учаскелерінің интерактивті картасы әзірленген. Оған мобильді телефон арқылы QR-кодты сканерлеп қол жеткізуге болады. Карта арқылы тіркелген жол-көлік оқиғасының санын көруге, ең қауіпті жол учаскелерінің қай жерде орналасқанын білуге болады.
Жиын қорытындысында облыс көлеміндегі жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында бірлескен шаралар қолға алынатын болды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ