Қазақ үшін ауылдың орны ерекше. Сондықтан да халқымыз оны алтын бесікке теңейді. Ел жүрегі саналатын ауылдың дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Осы орайда облыс әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-турға қатысушылар Іле ауданының Күрті ауылдық округі мен Жамбыл ауданының Үлкен ауылына барып, елдімекенді өркендету мақсатында жүзеге асырылып жатқан ілкімді істер мен толымды тірліктерге куә болып қайтты.
Журналистер қауымы сапарын Іле ауданы Күрті ауылына тартылып жатқан су құбыры желісінің жұмысымен танысудан бастады. Іле ауданындағы 22 елдімекеннің 21-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Тек Күрті ауылы ғана әлі күнге дейін суды тасымалдап ішуге мәжбүр. Прокуратураның қолдауымен мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен 30-дан астам үйі бар осы ауылға ауызсу желісі тартылуда.
– Күрті ауылына ауызсу тарту жобасының құны – 297 млн теңге. Мердігер мекеме – «Арман А.В.К.» ЖШС. Кеңес одағы кезінде гидро барлау жұмыстары жүргізілгенімен, тұщы су көзі табылмаған. Оншақты жыл бұрын бір жоба жасалғанымен, қаражат бөлінбеуі себепті мерзімі өтіп кеткен. Қазіргі таңда ұзындығы 20 шақырымға жуық жаңа жоба жүзеге асуда. Жұмыстың 60 пайызы атқарылды. Қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар Ақши ауылының тұрғындары да ауызсу тапшылығын тартып отыр. Кеңестік кезеңдегі құбырдың тозығы жеткен. Қысымды көтере алмайды. Сондықтан уақытпен берілуде. Ақшиге 2024 жылы су құбырын жүргізу жобасы мемлекеттік сараптамадан өтті. Оның құны 7 млрд теңге шамасында болғандықтан, қаржы мәселесі шешілмей тұр. Мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз. Алайда барлығы қаражатқа тірелуде. Облыс әкімдігінің қолдауымен шілде айында елордаға барып, «Бәйтерек» холдингінде қорғап шықсақ, ұлттық жоба аясында жүзеге асып қалуы мүмкін, – деген аудан әкімінің орынбасары Алмас Бөкенаев құрылыс жұмысының қарқынды жүріп жатқанын, материалдардың сапасы және белгіленген мерзімге сай жүргізілуі басты назарда екеніне тоқталды.
– Осы ауылда туып-өстім. Бұрын мұнда мүлдем ауызсу болмаған. Ақши ауылынан тасымалданатын судың тоннасын 2500 теңгеден сатып аламыз. Кір жууға және тағы басқа қажеттіліктерге суды ауыл іргесінде ағып жатқан өзеннен аламыз. Сорғы құрылғысы болмағандықтан бау-бақша егуге мүмкіндік болмай тұр. Тіршілік нәрінің тапшылығы салдарынан тұрғындардың бірсыпырасы үйлерін тастап кетіп қалған. Енді құбыр арқылы су келсе, олар да қайта оралар еді. Балалар алаңы пайдалануға берілді. Су құбыры желісінің құрылысы аяқталған соң ауылішілік жолдар салу жоспарланған. Ауылымыз көркейетін күн алыс емес, – деп ағынан жарылды Салтанат Шәмшиева есімді ауыл тұрғыны.
БАҚ өкілдері одан кейін бұрын Күрті ауданының орталығы болған Ақши ауылына атбасын бұрды. Мұнда оларды қарсы алған Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов инвесторлар қаржысына салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс алаңына бастап барды. Әкімнің айтуынша, бұл жерде жоспар бойынша 81 тұрғын үй салу жоспарланған. Салынып болған үйлер аудан бойынша кезекте тұрған 5 мыңдай әлеуметтік осал топ санатына жататын адамдарға «Отбасы банк» арқылы кезең-кезеңмен беріледі. Ауданның басқа елдімекенінде тұратындар бұл ауылға келгісі келмесе, кезегі жоғалмайды. Жалпы аумағы 10 сотық болатын үйлер бой түзегеннен кейін көшелеріне асфальт төселіп, балалар алаңы мен көлік тұрақтары салынады.
Журналистер келесі кезекте «Дәулет-Бекет» зауытына аялдады. Зауыт ішін аралап көріп, оның өнімдерімен танысты. Кәсіпорын директоры Сыдық Дәулетов БАҚ өкілдерін зауыттың іргесі қаланған кезден осы күнге дейінгі тарихынан сыр шертті.
– Түйе шаруашылығымен айналысқаныма 25 жыл болды. Бүгінде 5 мың бас түйе бар. Шамамен 1 мыңдайы сауылады. 28 мың гектар жайылымдық жердің 1 мың гектар аумағына тамшылатып суару әдісімен жоңышқа, жүгері егіп, мал азығын дайындаймыз. Түйе сүті зауытқа жеткізілгеннен кейін өңделеді. Айына 30 тонна құрғақ сүт өндіріледі. Оның 30 пайызы Қытайға экспортталады. Келешекте түйе басын 15 мыңға жеткізіп, құрғақ сүт өндіруді екі есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Ет өндіріп, түйе сүтін өңдеп, құрт, балқаймақ жасаймыз. Алдағы уақытта түйе жүні мен терісін өңдеуді де қолға алуды ниет етіп отырмыз. Шұбатты Алматы қаласы мен облысындағы шұбатханаларымызда сатамыз. Бұрын зауытта Израильдің құрылғылары болған. 2021 жылы Қытайда жасалған құрал-жабдықтар әкеліп орнаттық. Мұның басқару жүйесі Германияның «Сименс» компаниясынікі. Еуропаның технологиясынан ешқандай кем емес. Біздің шаруашылық әлем бойынша екінші орында тұрғанын атап өткен жөн. Жуырда Гиннестің рекордтар кітабына өтінім беріп қойдық, – деді шаруашылық жетекшісі Сыдық Дәулетов.
1964 жылы Қарақалпақстан жерінде дүниеге келген Сыдық Әбуұлы – Маңғыстаудағы әулие Бекеттің ұрпағы. Кәсібін бір түйемен бастаған ол бүгінде жылқы, сиыр және қой шаруашылығын да өрістетіп, атакәсіп арқылы Ақши ауылының өркендеуіне үлес қосып, 100-ден астам тұрғынды жұмыспен қамтуда. Баспанаға мұқтаж жандарға үй салып беріп, басқа да қайырымдылық көмек көрсетуде. 2008 жылы шаруа қожалығына «Асыл тұқымды мал шаруашылығы» мәртебесі берілсе, 2010 жылы Қараөткел жәрмеңкесінде «Алтын белгі» иеленген. Шаруашылық иесі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын алған. Бүгінде шаруа қожалығында «Қазақ бактрианы», «Түрікмен аруанасы» сияқты түйе тұқымы өсірілуде. Сонымен қатар осы ауылда «Дәулет-Бекеттің» «Аруана» атты шипажайы да бар.
Келесі кезекте журналистер қауымы Күрті ауылдық округінің жаңадан сайланған әкімі Ғабит Рахымбайдың қызметке кіріскенінің куәсі болды. Ғабит Даниялұлы – Күрті ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын өндірістік салада бастап, одан әрі мемлекеттік қызмет пен жеке кәсіпкерлік бағытында еңбек еткен. Тәжірибелі, түрлі салада қызмет етіп, басқарушылық пен ұйымдастырушылық қабілетімен танылған кәсіби маман.
Соңғы қызметі – облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры болған.
Жиында ауылдық оругтің жаңа басшысын көпшілікке таныстырған Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов оның жұмысына сәттілік тілесе, ауыл ақсақалдары баталарын берді.
Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет болған кезде Кеңес одағы тұсында барынша дамыған ауыл шаруашылығы саласы тұралап, мал мен ұжымның техникасы жекеменшікке өтіп, талан-таражға ұшырады. Көптеген ауылда Мәдениет үйі, кітапхана, балабақша секілді әлеуметтік нысандар да жабылды. Кейінгі кезде мемлекет тарапынан ауылға көңіл бөлінуде. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар аясында ауылда егін егіп, мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік мол. «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде Ақши ауылындағы «Дәулет-Бекет» шаруашылығының өнімдерін әлемге танытуы – соның бір айғағы. Шаруалардың мемлекет тарапынан жасалатын түрлі көмектерді алуына облыс пен аудан әкімдерінің көрсетіп жатқан көмек-қолдауларын да атап өткен жөн.
Баспасөз турына қатысушылардың сапары Жамбыл ауданының Үлкен ауылында мәресіне жетті. 47,399 га құрайтын ауылдық округтің аумағына Үлкен ауылы кіреді. Жамбыл ауданының оңтүстік-шығыс бөлігінде және Балқаш көлінің жағасында қоныстанған ауыл аудан орталығынан 343, облыс орталығынан 332 шақырым қашықтықта орналасқан. 1987 жылы салынған ауылдағы жалғыз мектепте 253 оқушы білім алады. Педагогтар саны – 46. Оқушылар бір ауысымда оқиды. Сонымен қатар 1 шағын футбол алаңы, 1 балалар ойын алаңы және 1 «Street workout», мектеп кітапханасы мен «Балқаш-энерго-1» ЖШС ғимаратында ауылдық кітапхана бар. Ауылда барлық үй көпқабатты. Округте 5 ірі шаруа қожалығы бар. Ауылдық округінің кәсіпкерлік саласында тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы саны 34 бірлікті құрайды. Округтің ірі кәсіпорындарының бірі – ауылдың 42 адамы жұмыс істейтін Солтүстік-Оңтүстік электр энергиясының транзитін жүзеге асыратын «KEGOC» АҚ. Қазір ауылда балық зауыты ғана жұмыс істеп тұр. Тұрғындар бүгінде бос тұрған пәтерлердің барлығының иесі бар екенін, АЭС құрылысы басталып, ауылдың тамырына қан жүгірсе, олардың өз үйлеріне қайтып келетініне сенімді екендерін айтты.
– Үлкен ауылы Кеңес одағы кезінде соңғы үлгіде салынған кент болатын. Тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған мұндай елдімекен еліміздің ешбір өңірінде жоқ. Өзім мұнда 1987 жылы салынатын болған Оңтүстік Қазақстан ГРЭС-інің құрылысына бөлім басшысы қызметіне келгенмін. Алайда одақ тараған соң, оның құрылысы тоқтап қалды. Ендігі үмітіміз АЭС құрылысы болып тұр. Референдумда тұрғындардың 90 пайыздайы АЭС салынуын қолдап дауыс берді. Ауылға Балқаш көлі тиіп тұр. Сондықтан оның келешегі зор болатынына сенімдімін, – деді ауыл тұрғыны Рахима Қайырбекова.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аудан көлемінде 16 нысанның бой көтеріп жатқанын, соның біреуі Үлкен ауылындағы емхана құрылысы екенін тілге тиек етті. Қазіргі кезде Үлкен ауылының дәрігерлік амбулаториясы көпқабатты тұрғын үйде орналасқан. Онда 2 дәрігер, 4 медбике еңбек етуде. Келушілер саны – күніне 25 адам. Биыл күзде пайдалануға берілу жоспарланып отырған жаңа емханада күніне 50 келушіге қызмет көрсетуге мүмкіндік болады екен. Сонымен бірге заманауи құрылғылармен жабдықталмақ.
– 1980 жылдары Оңтүстік Қазақстан ГРЭС-нің салынуы жоспарланған. Оның құрылысына қатысатын адамдарды баспанамен қамту мақсатында Үлкен қалашығы бой көтерген. Кеңес одағы тараған соң, ол жоба тоқтап қалды. Одан кейін бой көтеруі тиіс жылу-электр орталығының құрылысы да қаражат болмағандықтан, басталмай қалды. Енді Мемлекет басшысының бастамасымен АЭС салуға ауыл іргесінен жер белгіленді. Құрылыс жұмысы басталса, ауылға да оң әсері болар еді. Қазір ауылдың ішкі жолдарының жобалау-сметалық құжаттамасы дайын болды. Емхана құрылысын өздеріңіз көрдіңіздер. Сонымен қатар туризмді дамыту бағытына көңіл бөлінуде. Шомылу маусымында көлдің жағалауында демалыс аймақтарын көбейтсек деп отырмыз. Қазірдің өзінде Алматы облысымен қатар, Қарағанды, Жамбыл облыстарының бірқатар аймағынан демалушылар көптеп келуде, – деді Үлкен ауылының әкімі Кенжемұрат Қасенов.
Тұрғындардың пікірінше, АЭС құрылысы елдімкекенді дамытуға септігін тигізеді. Ауылда жұмыс орындары көптеп ашылып, халықтың күнкөрісі жақсара түсетіні анық. Қазіргі кезде Үлкен ауылы тұрғындарының арман-тілегі де осы болып тұр.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ