Табиғаты таңдай қақтыратын Тәңіртаудың етегі мен Қарадала төсін, асқақ Алатау мен Іленің бойын жайлаған ел-жұрттың жаңалықтар жаршысына айналған Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінде оқырманын рухани байытып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму көкжиегін көрсетуде қаламы қарымды, ойы ұшқыр әріптестерім еселі еңбек етуде. Мен де еліміздің бас басылымы – «Egemen Qazaqstan» газетіне жаңа атауға ие болған облыстық газеттен қанат қақтым.
«Алатау арайы» ғұмыры ғасырдан асқан, қазақ баспасөзінің абызына айналған Алматы облыстық «Жетісу» газетінің жалғасы. Басылымның атауы өзгергенімен, тарихы тереңде жатыр. Арманның ақ қанатымен Алматыға келіп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқып жүргенде-ақ өндірістік тәжірибеден өтіп, кейін тілші, аға тілші, одан кейін Талғар ауданындағы меншікті тілшісі болып аталған газетте 30 жылдан аса тұрақты қалам тербедім. Сан жүздеген журналистің ұстаханасына айналған ата басылымда алдыңғы буын аға-апаларымыздан өнеге алып, тәжірибемізді шыңдап, өз соқпағымызды салдық.
Сынаптай сырғып жатқан жылдар керуенінде журналистік сертке сергектік танытып, қалам мен қазанның құлағын тең ұстап, тәуелсіз еліміздің дамуы мен отбасының береке-бірлігіне, тыныштығына теңдей қызмет етіп келе жатқаныма шүкіршілік етемін. Бұл жолда жалғыз мен емес, қазақ журналистикасында ойып орын алатын әріптестерімнің еңбекқорлығы мен табандылығы, ізденімпаздығы әрі жеделдігі бүгінгі ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасын қалдыруға соны серпін беруде. Сондықтан қызығы мен қиындығы қатар жүретін, жауапкершілігі мол журналистика саласындағы ойы озық, қаламы жүрдек әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, отбасына бақ-береке, еңбектеріне шығармашылық шабыт тілеймін!
Ұлбосын Исабек,
«Egemen Qazaqstan» газетінің Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі
Маманның еңбек жолы қалай, қай жерде бастау алса, оның арғы соқпағы соған қарай бейімделеді. Себебі алғашқы қадам – одан кейінгі сапардың бастауы. Мен студент кезімде-ақ үлкен өмірге араласуды, журналист болуды, өз еңбек жолымды бастауды армандайтынмын. Сөйтіп жүргенде, қасиетті шаңырақ «Алатау арайы» жас мамандар іздеп жатқанын естідім. Көрсетілген нөмірге хабарластым. Артынша осыған дейін басылым беттеріне жарияланған материалдарымды құшақтап, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына жол тарттым.
Сол сәт ерекше есімде қалды. Алматының айналасына шығып көрмеген, Қонаевта ешқашан болмаған мен ойымда «маршрут» құрастырып әлек болдым. Қалай жетерімді білмей тұрмын. Біледі ғой деген таныстарымнан сұрастырып, таңғы алтыда жатақханадан шығып кеттім. Тоғыздан өте Достық көшесіндегі «Алатау арайының» редакциясына да жеттім. Табалдырықты аттаған күннен бастап біразға қалдым. Алғашқы материалым, алғашқы еңбек кітапшасы, алғашқы қызметтік куәлік, алғашқы жиналыстар мен іссапарлар, алғашқы мектеп пен ұжым. Осының бәрі үшін де маған «Алатау арайы» ыстық.
Менің алғашқы ұжымым әліппемдей. Олар тәртіп мен еңбекқорлық, ізденімпаздық пен жылдамдықтан бөлек, журналистиканың өзегін үйретіп берді. Мәселені барлық қырынан ашуды меңгертті. Сұрақ қоя алуды, жауап алудағы шеберлікті танытты. Бойыма жас студентке емес, қалыптасқан маманға қажетті қасиеттерді сіңірді. Сол дағдыларымның арқасында мен республикалық «Жас Алаш» газетіне жұмысқа орналасып, қара шаңырақ газетті еңбек етіп жүрмін.
Баян Мұратбекқызы
«Жас Алаш» газетінің тілшісі