Талғар қалалық Мәдениет үйінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиында биылғы жартыжылдықтың қорытындысы талқыланып, келесі жартыжылдыққа арналған жұмыс жоспары белгіленді.
Елімізде дене шынықтыру мен спорт басым бағыттардың қатарында. Алматы облысында да бұл сала қарқынды дамып келеді. Өңірде кәсіби спорт кадрларын дайындау жақсы жолға қойылған. Жыл өткен сайын спорт саласын қаржыландыру көлемі артып, шәкіртақы мөлшері көбейіп, жетекші спортшылар мен жаттықтырушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде, материалдық-техникалық база нығайып, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен спорт нысандарын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Биылғы жылдың алты айында Алматы облысының спортшылары республикалық және халықаралық турнирлерде 1017-ден астам медаль жеңіп алды, оның 394-і алтын. Өткен жартыжылдықтағы ең жарқын жеңістердің бірі – жерлесіміз, биатлоннан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әсет Дүйсеновтің Харбин қаласында өткен IX қысқы Азия ойындарында күміс жүлдеге ие болғаны. Жоғары нәтижеге қол жеткізген облыстың 223 үздік спортшысына Алматы облысы әкімдігінің 51 000 теңгеден 570 000 теңгеге дейінгі стипендиясы төленеді», – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек өз баяндамасында.
Мемлекет басшысының өңірлерде бұқаралық және жастар спортын дамыту жөніндегі тапсырмасы өңірде ойдағыдай орындалуда. Спорттық-бұқаралық іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес бүгінге дейін облыста 2050 спорттық іс-шара өткізілді. Оның ішінде «Ұлы Дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесін ерекшелеп айтуға болады. Сондай-ақ «Қымызмұрындық – 2025» фестивалі аясында ұлттық спорт түрлерінен «Жолан жүйрігі» бәйгесі, «Толағай» алыптар сайысы, «Алатау арланы» турнирі және тағы басқа спорттық жарыстар кіреді.
Дене шынықтыру және спортпен айналысатындар саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде ол 642 276 адамға жетті. Бұл жалпы облыс халқының 41,4 пайызын құрайды. Спорттың 67 түрімен айналысатын 25 285 спортшы тіркелген. Олармен 969 жаттықтырушы жұмыс істейді. Бүгінде облыста 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар. Олардың барлығы ең заманауи құралдармен жабдықталған және халықаралық стандартқа сай.
2025 жылы Кеген ауданы Жалағаш ауылында және Жамбыл ауданы Тарғап ауылында 2 спорт кешенінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ «Қонаев Арена» бірыңғай көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы да жоспарда бар. Қазіргі уақытта нысанның жобалық-сметалық құжаттары дайындалды.
Сондай-ақ алдағы жартыжылдықтың жоспарында Талғар ауданындағы «Атлетико де Мадрид» Қазақстан футбол академиясының құрылысын жалғастыру бар. Жоба қолданыстағы «Ақбұлақ» спорт орталығының аумағында жүзеге асырылуда және қазақстандық және испандық серіктестер арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың нәтижесі болып саналады.
Академия әлемдік деңгейдегі футболшыларды дайындайтын толыққанды орталыққа айналады деп күтілуде. Бұл қазақстандық футболдың дамуына айтарлықтай серпін беріп, жаңа таланттарды дамытуға жағдай жасайды және отандық спортшылардың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
«Алатау лигасы-2025» спорт жобасын жүзеге асыру жалғасады, оның ішінде спорттың төрт түрінен: футбол, волейбол, баскетбол және үстел теннисі бойынша жарыстар өтеді.
Еркін күрес, грек-рим күресі, бокс, қазақ күресі, таэквондо және дзюдо сияқты спорттың 6 түрінен жарыстар өтетін «Жеңіс жолы лигасы – 2025» спорт жобасы жүзеге асырылады. Аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстарға 15 жас (U15) жас санатындағы балуандар қатысады. Қатысушылардың жалпы саны шамамен 10 000 адамды құрайды.
Соның ішінде биылғы жылы облыстық спорт басқармасы «BARSTAR» спорттық подкастын іске қосты. «YOUTUBE» желісінде облыстың танымал параспортшыларының жетістіктері туралы арнайы сұхбат жарияланған болатын. Бұл жоба жалғасын табады, оның аясында облыстың спорт жұлдыздарымен, беделді спорт қайраткерлерімен және тағы басқа шаралар жоспарлануда.
Интернет – қазіргі уақытта жастар арасында әртүрлі ақпаратты таратудың ең тиімді құралы. Оның ішінде жас ұрпақты экстремистік топтарға тартатын қауіпті ақпараттар да жоқ емес. Алқа отырысында Алматы облысы дін істері басқармасы дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының бөлім басшысы Уәли Қайсар сөз сөйлеп, спорт саласы қызметкерлері арасында деструктивті діни ағымдардың таралуына жол бермеу және алдын алу шаралары туралы айтты. Ол Қазақстанда діни сенім бостандығына кепілдік берілгенін, бірақ тәртіпсіздікке жол берілмейтінін атап өтті.
«Спортшылардың деструктивті ағымдардың ықпалына түсуіне әлеуметтік жағдай себеп болады. Ақшаның жоқтығы, жұмыстың тапшылығы жастарды табыс көзін іздеуге итермелейді. Ал мұнда рекрутерлер өз көмегін ұсынады. Олар моральдық және материалдық қолдау көрсетеді, сөйтіп жымысқы ойларын жүзеге асырады», – деді Уәли Қайсар.
Жиында Райымбек, Іле, Ұйғыр аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдері мамандарының да есептері тыңдалды.
Бұқаралық спортты, спорттық медицинаны одан әрі дамыту, ауылдық жерлерде спортты белсенді түрде насихаттау, сондай-ақ спортшылардың шеберліктерін арттыру жұмыстары жалғасады.
Алқа мәжілісін қорытындылаған Рахман Шахарбек спорт мектептерінің, федерациялардың және басқа да спорт мекемелері директорларына алдағы ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді