Бұл туралы «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңесте айтылды.
Өңірде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету жүйесін дамыту – «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясындағы басты әлеуметтік бағыттардың бірі.
Кеңесте 2025 жылы Балқаш ауданында жаңа оңалту орталығын ашу мәселесі қаралды. Бұл жоспар – жол картасында нақты көрсетілген әлеуметтік міндет. Алайда қазіргі демографиялық және географиялық жағдай ескеріле отырып, мамандар бұл орталықтың тиімді жұмыс істеуі үшін қосымша сараптама қажет екенін айтты. Облыс бойынша 42 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген, оның 6800-ден астамы – 18 жасқа дейінгі балалар.
«Балқаш ауданында ерекше қажеттіліктері бар 102 бала тіркелгенімен, қазіргі таңда тек төртеуі ғана арнайы оңалту қызметіне мұқтаж болып отыр. Сонымен қатар, бұл ауданда ауылдар бір-бірінен қашық орналасқан. Жол қатынасының қиындығы ата-аналар мен балалар үшін орталыққа тұрақты барып-келуді қиындатады. Сондықтан бұл мәселе бүгін кеңесте талқыланып, нақты қажеттілікке сай пысықталатын болады», – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ержан Байқоңыс.
Бүгінде өңірде ерекше балаларға арналған екі мемлекеттік оңалту орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, 14 үкіметтік емес ұйым әлеуметтік тапсырыс аясында 800-ге жуық балаға қызмет көрсетіп отыр. Бұл – маңызды көрсеткіш, бірақ сұраныс одан да жоғары. Сондықтан партия бекіткен жоспар негізінде инфрақұрылымды кеңейту жалғасады.
Білім беру бағыты бойынша да мәселе өзекті. Облыста ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 13 түзету кабинеті жұмыс істейді. Бұл кабинеттерде туғаннан 18 жасқа дейінгі дамуында бұзылысы бар балаларға кешенді көмек көрсетіледі. Мысалы, логопед, дефектолог, психолог, әлеуметтік педагог сынды мамандар баламен жеке жұмыс жүргізіп, оның дамуына көмектеседі. 2025 жылдың бірінші жартысында бұл кабинеттерге 3 188 бала тіркелген. Оның тек 1 159-ы ғана нақты көмек алған. Қалған 2 мыңнан астам бала кезекте тұр. Бұл жүктемені азайту үшін қосымша мамандар тарту және кеңістікті кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Бүгінде 13 кабинеттің тек бесеуінде ғана жеке ғимарат бар. Қалғаны мектептер мен басқа мекемелердің базасында жалға алынған орындарда қызмет етеді. Көпшілігінде арнайы ойын немесе спорт залы жоқ. Сонымен қатар, штатта бар болғаны 38 маман ғана жұмыс істейді. Мұндай жағдайда барлық балаға уақытылы көмек көрсету қиын. Біз бұл мәселені жақсы түсініп отырмыз. Қазірдің өзінде Қонаев пен Еңбекшіқазақ ауданындағы орталықтарға қосымша штат бөлу жоспарда бар», – деді Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева.
Оның айтуынша, қазіргі сұраныс пен бала санына қарай тек Қонаевта емес, халқы көп Талғар мен Қарасай аудандарында да қосымша қызметтер қажет. Бұл ұсыныстар партия бекіткен жоспарлар аясында кезең-кезеңімен қаралып жатыр. 2027 жылы жаңадан құрылатын Алатау қаласында жаңа түзету орталығын ашу көзделген. Сонымен қатар, 2026 және 2030 жылдары 0–3 жас аралығындағы балаларға арналған ерте қолдау қызметтерін енгізу де жоспарда тұр.
Айта кету керек, бұл бастамалардың барлығы «AMANAT» партиясының бекітілген жол картасындағы әлеуметтік міндеттер шеңберінде жүзеге асып жатыр. Балаларға арналған оңалту мен түзету қызметтерін кеңейту – тек бір реттік шешім емес, ұзақ мерзімді жүйелі жұмыс. Партия мен жергілікті билік бұл бағыттағы ұсыныстарды дер кезінде қабылдап, нақты қажеттілікке сай пысықтап келеді. Барлық бастама өңір тұрғындарының сұранысына негізделіп, кәсіби сараптамамен іске асырылып жатыр.
«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі