Биылғы оқу жылы Талғар ауданының білім бөлімі үшін табысты болды. Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Ол 196 түлекке «Алтын белгі» мәртебесін алуға мүмкіндік берді. Мәдениет үйінде осы құрмет белгісінің иегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Алқызыл кілем төселген, әртүрлі гүл шоқтары және шармен безендірілген аудандық Мәдениет үйінің үлкен залына өңірдегі 43 мектептің жүздерінен қуаныш нұры шашылған мұғалімдер мен «Алтын белгі» иегерлері жиналды. Салтанатты шараға Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков, ұстаздар мен мектеп директорлары, аудандық білім бөлімінің өкілдері, ата-аналар мен мектеп бітіруші жастардың туыстары қатысты.
Осы қуанышты бөлісіп, білім саласы қызметкерлерін оқу жылының табысты аяқталуымен, үздік түлектерді жеткен жетістіктерімен құттықтаған аудан әкімі Таңат Айдарбековтің сөзі толғанысқа толы болды.
– Бүгін сіздер балалықпен қоштасып, үлкен өмірдің табалдырығын аттайсыздар. Осы жауапты кезеңде мектепте алған білімді сауатты пайдалану және дұрыс таңдау жасау өте маңызды. Сіздердің еңбектеріңіз еш кетпейтініне, өздеріңіз қалаған мамандықтың майталман иесі атанып, ел мерейін үстем ететіндеріңізге кәміл сенемін. Сіздерге мықты денсаулық, қажымас күш-жігер тілеймін! – деді Таңат Есенкелдіұлы.
Аудан басшысы сондай-ақ, білім бөлімі соңғы жылдары жақсы жетістіктерге жетіп жатқанын атап айтты. 2024-2025 оқу жылында ауданда 53 782 оқушы білім алған, оның ішінде 2 340 адам 11-сыныпты бітіріпті, 196 түлек «Алтын белгіге», 215 түлек «Қызыл аттестатқа» ие болған.
Түлектерді ата-аналары да құттықтады, оқушылардың өздері де тілек білдіруден тыс қалмады. Оқу озаттары атынан Бесағаш ауылындағы №29 орта мектептің оқушысы Хамит Бадалов аудан әкіміне жылы қабылдап, тебірене құттықтағаны, үздік түлектер мен олардың ұстаздарына, ата-аналарына құрмет көрсеткені, ізгі тілек білдіргені үшін алғыс білдірді.
Ұстаздар тарапынан да жас түлектерге алдағы асыл армандарына жетуде сәт-сапар айтылды. Шара соңында үздік түлектер аудан әкімі, білім бөлімінің басшылары және ұстаздарымен естелік суретке түсіп, мерекелік концертке ұласты.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Талғар ауданы