-13 °c
Qonaev
Saturday, June 21, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Әнімен жүрек тербеген

    13.06.2025
    in Барлық жаңалықтар
    Әнімен жүрек тербеген
    0
    SHARES
    1
    VIEWS

     Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі сазгер, ақын, журналист, облыстың және ауданның Құрметті азаматы Жодасхан Құрамысовты еске алуға арналған «Өмір-ай» атты шығармашылық кеш өтті. Шараға ақын-жазушылар, танымал өнер майталмандары, ел ағалары мен өңір жұртшылығы қатысты. Кеш барысында естеліктер айтылып, жүрек қылын шертер әндері орындалды.  

    Көрермен назарына алдымен Жолдасхан Әукенұлының шығармашылық жолынан сыр шертетін бейнебаян ұсынылды. Бір басына жеті өнер жиған тума талант әсіресе «Суықтөбе сазы», «Майтөбе» сияқты әндері арқылы жұртшылыққа танылғаны белгілі. Экранда сазды әуені жүрек тербеген композиторлығымен қатар айтыста өрнекті сөзден дес бермеген арқалы ақындығы, баспасөз саласында да айшықты із қалдырған қаламы қарымды журналистігі өмір белесінің әр сатысынан жарқырай көрініс тапты.

    Салтанатты сәтте Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертастың арнайы ықыласты тілегін көпшілікке орынбасары Әділбек Қамбарұлы жеткізді. Онда тіршілігінде ғибратты ғұмыр кешіп, ет-жүрегі елім деп соққан, артына өшпес із, мол рухани мұра қалдырған Жодасхан Құрамысовтың өмір жолы тынымсыз еңбекпен, ізденіспен, адалдықпен өрілгеніне тоқталды. Адамдық болмысы мен азаматтық ұстанымы баса айтылды. Қызметіне шын берілген, сөзі мен ісі үйлескен, абыройын ешқашан аласартпаған тұлға қай салада еңбек етсе де, қандай ортада жүрсе де әділдік жолынан таймаған. Елдің қамын ойлау оның өмірлік қағидасына айналғаны, артына қалдырған көркем туындылары бүгінгі ұрпақ үшін рухани азық, ал ізденушілерге тың зерттеу көзі болмақ екені сөз етілді. «Атақ үшін емес, елінің сенімі мен халықтың алғысын алу үшін өмір сүрген осындай тұлғаларды еске алу –  өткенге тағзым ету ғана  емес, болашаққа жасалатын айқын бағдар іспетті. Өйткені жарқын бейнесін еске ала отырып, жас ұрпақ өмір жолынан үлгі алады, ұлтқа қызмет етудің мәнін ұғады. Бұл кеш сонысымен де маңызды. Жолдасхан ағаның есімі ұрпақ жадында мәңгілік қалады, – деді әкімнің идеология жөніндегі орынбасары.

    Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының  бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров ізгі тілегін арнады.

    – Шаң аспанға көтерілгенімен, шаң күйінде қалады, ал асыл тас батпақта жатса да жарқырайды. Туған халқына деген үлкен құрметпен, шексіз махаббатпен туындаған таза өнер ұлтқа әрдайым қызмет ете береді. Жолдасхан ағамыз өмірден өтсе де асыл мұрасы бүгінгі ұрпаққа қызмет атқарып жатқаны содан. Асыл бейнесі шығармашылығы арқылы уақыт өткен сайын елдің жүрегінен алар орнын тереңдете түседі. 80 жылдығына орай кітапханаларда насихаттау жұмысы жүргізілді. Облыстағы өнер ұжымдарының репертуарында көптеген әні бар. Қазақ радиосының алтын қорындағы әндері эфирден беріліп жатады. Осының барлығы туындыларының өміршеңдігін көрсетеді. Жолдасхан ағамен әріптес, қызмет бабында сапарлас та болдық. Жұмысына, ісіне адалдығын, ұлтқа деген құрметін, ақсақалдық келбетін ешқашан төмендеткен емес. Сол болмысымен жүрегімізде сақталады, ал рухани мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек, – деді ақын, сазгер Төлеужан Нүсіпжанұлы.

    Жолдасхан Құрамысовтың қаламдас-әріптестері, көзкөрген замандас, қатарластары да мінбеде жарқын бейнесін көпшілік жадында тағы бір жаңғыртты. Бұл орайда облыстың және ауданның Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Әскербек Абаев,  Қазақстан Журналистика академиясының академигі, публицист-жазушы, әрі бала кезден бір ауылда тетелес өскен жерлесі Жұмаш Арғымбайұлы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Нүсіпбай Әбдірахым, туыстары атынан Әмірхан ақсақал сөз алып, сан қырлы дарын иесі, жүрегі таза абзал жан туралы өз естеліктерімен бөлісті. Сахна төрінде артында қалған асыл жары Ақжолтай анаға сый-құрмет көрсетілді.

    Еске алу кешінің салтанатты бөлімінен кейін Жолдасхан Құрамысовтың тыңдаушы жүрегін тебіренткен сазды әндері кеңінен орындалды. Концерттік бағдарламаны жүргізу тізгінін «Жетісу» газетінің бас редакторы, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері Жұматай Оспанұлы алды. Ән арасында мерейтой иесінің жеке адамдық қасиеті мен шығармашылығынан сыр ақтарып, көркем мінезді, жаны жайсаң, айналасына мейірім шуағын төгіп жүретін ғажап жан болғанын айтты. Сонымен қатар автордың әр туындысының жазылу тарихымен де көрерменді таныстырып отырды. Жодасхан Құрамысовтың «Жамбыл ата елі», «Қастегім», «Өмір-ай», «Ұзынағаш вальсі», «Қалқам-ау», «Аламан бәйге», «Еңлік гүл», «Ей, ұлар, сен де ұлар, мен де ұлар», «Арман – ғашық», «Майтөбе», «Қайрылып неге қарадың?», «Бөрілі менің байрағым», «Райымбек – ұран Райымбек», «Менің пірім – Сүйінбай» әндері шырқалды. Оны аудандық «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әншілері, «Жерұйық» тобы, сондай-ақ Ұлжан Айнақұлова, Өмірқұл Айниязов, Талғат Күзембаев, Бақыткүл Әбенова сияқты басқа да белгілі өнер майталмандары нақышына келтіре орындап, көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлады.

    Бұл кеш – ұлттық руханиятқа өзіндік үлес қосқан ардақты тұлғаның жарқын бейнесін жас ұрпақ жадында жаңғыртқан тағылымды шара болды.

    Серік САТЫБАЛДИЕВ

    Жамбыл ауданы

    Ұсынымдар

    Алматы облысында «AMANAT» партиясы депутаттарының форумы өтті

    Алматы облысында «AMANAT» партиясы депутаттарының форумы өтті

    2 years ago
    Көк күмбез кімге көзтүрткі?

    Мұсылмандық діни бірегейлік

    5 months ago
    Жазғы универсиадада Қазақстан спортшылары тағы екі медаль жеңіп алды

    Жазғы универсиадада Қазақстан спортшылары тағы екі медаль жеңіп алды

    2 years ago
    Орақ науқаны ойдағыдай

    Орақ науқаны ойдағыдай

    9 months ago
    Президент Алматы облысының әкімін қабылдады

    Президент Алматы облысының әкімін қабылдады

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.