«Жаз айының беташары – жақсылықтың бастауы» деп тегін айтылмаса керек. Расында, күнтізбеден маусым айының алғашқы парағы ашылғаннан-ақ қуанышты сәттер құшағын жая түседі. Соның бірін ғана тілімізге тиек етсек, ол – мектеп түлектерінің араға жылдар салып қайта жүздесуі.
Таяуда 1970 жылы «Нарынқол» орта мектебін бітірген 10 «Г» сыныбы түлектерінің 55 жылдық кездесуі өтті. Олардың осыншама уақыттан кейінгі жүздесуінен бір-біріне деген сыйластықты, бауырмалдықты, сағынышты анық аңғарасың. Қазір «Нарынқол» орта мектебі жерлесіміз, журналист, жазушы Тельман Жанұзақовтың есімімен аталады.
Бұл кездесуді ұйымдастырып отырған түлектер – бүгінде 73 жастың белесіне шыққан ардақты аталар мен апалар. Олардың әрқайсысы бір-бір үйдің бәйтерегі десе де болады. Тағылымды кеште ең алдымен бақилық болған сыныптастарға Құран бағышталды. Жиналғандар мектептегі естен кетпес қызықты сәттерді еске түсіріп, балалық шаққа ойша саяхат жасады. Осы орайда оқушы кезінде белсенді болған Тұрдыш Иембердиева, Әбілқасым Смағұлов, Бақыт Тағыбеков, Нұрқасым Бағашаров, Дәріжан Ермекбаев, Әлия Кенжебаева, Сарқыт Алмабекова, Аманкелді Малаев, Амантай Сейлібаев, Күлсара Алдабекова, Жәнет Бүйенбаев, Нұрмұхамед Есімбеков, Нағима Мәдиева, Төлепберген Шарғынбаев, Бүбіш Мұрапбаева, Қарлыға Сәрсекова, Бүбина Көккөзова, Дүйсенбай Сламжановтар сол бір адамдық асыл қасиеттерін сары алтындай сақтап қалған.
Әрқайсысы адал еңбектің арқасында абырой атаулыдан кенде қалмаған. Өз мамандығының білгірі атанып, еліне елеулі азаматтар қатарында. Кезінде сыныптастары суретші болады деп жүрген Нұрмұхамед Есімбеков жазушы атанып кеткен. Ұлағатты ұстаздың жақында «Нарынқол әңгімелері» деген жаңа кітабы жарық көріпті. Оған бәріміз қуандық.
Сөйтіп, мектеп бітірушілер кеші есте қаларлықтай қызықты өтті. Бәрі армансыз шер тарқатып, бір жасарып қалғандай әсерге бөленді. Кездесудің ерекшелігі де осы болды.
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы,
Райымбек ауданы