Талғар қаласында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Алматы өңірлік филиалының директоры, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дәутәлиевтің қатысуымен көшпелі кеңес өтті. Онда Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтқан негізгі бастамаларды тиімді іске асыру жөніндегі шаралар талқыланды.
Кеңестің бірінші бөлімі «Жаңа қоғам жағдайындағы жергілікті қоғамдық бақылау: өңірлік мәселелер және шешу жолдары» тақырыбында өтті. Оған мемлекеттік органдардың, Қазақстан халқы Ассамблеясы, қоғамдық кеңес пен жергілікті қоғамдық бақылау және жастар ұйымдарының мүшелері қатысты. Жиынды ашып, жүргізіп отырған Қазыбек Дәутәлиев «Жаңа қоғам құру ісіндегі заң және тәртіп: азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуын қамтамасыз етудің өңірлік мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтқан – «Заң және тәртіп», «Еңбек мәдениеті», «Адал азаматтың құндылықтарын іске асыру», «Буллинг пен кибербуллингке, лудоманияға қарсы күрес» деп аталатын төрт бағыт бойынша кең түрде түсінік берді. Сонымен бірге мұндай көшпелі кеңестің мақсаты – жергілікті қоғамдық бақылауды дамыту проблемаларын талқылау ғана емес, қоғамдық кеңестер мен жергілікті қоғамдастық жиналыстарының функционалдық-ақпараттық байланысы мәселелерін де қамтитынын атап өтті. Оның айтуынша, «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңның 6-бабына сәйкес, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейіндегі қоғамдық кеңес функциялары жергілікті қоғамдастық жиналысына жүктеледі.
– Егер ауыл тұрғындарының мәселесі төменгі деңгейде шешілмесе, онда жергілікті қоғамдастық оны жоғары инстанцияның талқылауына шығарады. Қазірге дейін біз 7 аудан орталығында, 7 ауылдық округте 7 көшпелі отырыс өткіздік. Жиын барысында бізге 164 ұсыныс келіп түсті. Олардың көпшілігі жүйелі сипатқа ие, біразы сол жерде шешілді, кейбіреулері Ұлттық құрылтай отырысына шығарылды, – деді Қазыбек Дәуталиев. Ол сонымен қатар бұл дөңгелек үстелдің адами құндылықтарды сіңіру, адамның дүниетанымы мен ойын өзгерту, әділ қоғам қалыптастыру мақсатын қоятын идеологиялық-насихаттық негізі де бар екенін атап өтті.
– Мысалы, ел Президенті бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» акциясы – тек тазалықты сақтау, сенбіліктер өткізу ғана емес, оның әдептілік пен ішкі тазалықты тәрбиелеу сияқты идеологиялық мәні де бар. Жергілікті жерлерде азаматтардың күш-жігерін жандандыру, мемлекетті басқару ісінде адамдардың өз құқықтарын белсенді пайдалануы өте маңызды, – деген ол билік пен қоғам арасындағы кері байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін осындай ашық диалог алаңдарының да маңыздылығын атап көрсетті.
Көшпелі кеңесте сөз сөйлеген аудан әкімі Таңат Айдарбеков те Президенттің Ұлттық құрылтайда алға қойған міндеттерінің маңыздылығына тоқталып, олардың Талғар ауданында қалай іске асырылып жатқанын жан-жақты сөз етті. Ол ауданда экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету және әлеуметтік өзгерістер үшін берік негіз құру, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру мақсатында қабылданып жатқан жүйелі шешімдер туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, Талғар ауданы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына салмақты үлес қосып келе жатыр. Аудан экономикасының негізгі бағыттары – өнеркәсіп, туризм, шағын және орта бизнес.
– Ауданның жетістіктері көзге анық көрініп тұр, мемлекеттік бюджетке түсім көлемі 43 млрд теңгені, өндірілген өнім көлемі 134,4 млрд теңгені құрады. Биылғы жылы «ДАМУ» қоры арқылы жалпы сомасы 921,4 млн теңгеге 17 жоба қаржыландырылды, ауданда туристік саланың 37 нысаны жұмыс істейді, оларда 550 адам жұмыспен қамтылған. Жыл басынан бері ауданға келген туристер саны 17% -ға артып, 28,8 мың адамды құрады. Қазіргі кезде инвестиция көлемі 16,4 млрд теңге болатын 7 жоба іске қосылады, соның аясында 287 жұмыс орнын құру жоспарланған. «Қайрат» индустриялық аймағында жалпы сомасы 15,4 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылуда.
Ауданда үш 9 қабатты 72 пәтерлі тұрғын үй және 10 жеке тұрғын үй кешені бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 287,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында дайын пәтерлер сатып алынып, 94 адам баспаналы болды. Биыл 157 пәтер беру жоспарланған. Бұл – атқарылған жұмыстың бір бөлігі ғана, алда одан да көп жұмыс істеуіміз керек, – деді аудан әкімі.
Кеңесте ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, «Таңбалы тас» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры Бибігүл Дандығараева «Алматы облысы аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғалу жайы және «қара археологтармен» күрес жүргізуде жергілікті мемлекеттік органдардың атқаратын ролі» тақырыбында өз ойын ортаға салды. Тарихи маңызы бар мәдени нысандар мен ескерткіштерді қорғау мәселесін көтерген ол жастарды Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге және өткеннің мәдени мұрасын сақтауға шақырды.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Айдар Сариповтың сөзі болды. Ол осы кездесудің маңыздылығын атап өтіп, соңғы кезде кеңес қандай жұмыстар атқарғанына тоқталды. Оның айтуынша, кеңес мүшелерінің күшімен 36 жоспарлы және 2 көшпелі отырыс өткізілген. Сонда 32 нормативтік-құқықтық акт бойынша ұсыныстар талқыланып, біразы жаңадан енгізілген. Жеке азаматтар мен заңды тұлғалардың 4 өтініші қаралып, тиісті органдарға 3 ресми хат жолданған. Кеңес мүшелері 6 дөңгелек үстел өткізіп, оның жұмысына белсене қатысқан. Қазір оның 21 мүшесі бар. Олардың барлығы аудандағы қоғамдық процестер мен өзгерістердің белсенді қатысушылары ретінде тіл мәдениеті, балабақшалардың, Мәдениет үйлерінің жетіспеушілігі, ағаштарды заңсыз кесу, экологиялық тазалық секілді басқа да маңызды мәселелерді көтерген.
Көшпелі кеңестің жұмысын қорытындылай келе, Қазыбек Дәуталиев көтерілген барлық сұрақтарды бақылауға алып, қысқа мерзімде оларды шешу жолдарын қарастыруға уәде берді. Сондай-ақ ол талғарлықтардың жоғары белсенділігін және жергілікті қоғамдық кеңестің жақсы жұмысын атап өтіп, Ұлттық құрылтайда қойылған міндеттерді табысты іске асыру үшін мемлекеттік құрылымдардың, сарапшылар қауымдастығы мен азаматтық қоғамның бірлескен белсенді жұмысы қажет екенін айрықша атап айтты.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы