Талғар ауданы Қызыл қайрат ауылдық Мәдениет үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Қазақстан халқының тағылымы мол дәстүрлері» атты облыстық ұйғыр мәдениеті фестивалі аясында «Көк чөшүр» мерекесі өтті.
Мәдениет үйінің алды ығы-жығы жұрт. Қоңыр да жуан дауысты ұзын кернейлердің үні мен дабылдың дауысы құдды бір үлкен қуанышты оқиға болатынын жалпақ жұртқа жариялап жатқандай. «Жақсылыққа асық» демекші, тойға баратындай сәнді киінген үлкен-кіші жан-жақтан асыға басып келе жатыр. Олардың бәрін шаштарын бірнеше өрім етіп өрген ұлттық киімдегі алты қыз ауладағы қақпа алдынан әдеппен: «Қош келдіңіздер!» – деп қарсы алып, әрқайсысына мерекелік шараның бағдарламасын ұсынып тұр. Аула ішіндегі қаз-қатар тігілген шатырларда ұйғыр этномәдени бірлестігі ұлттық тағам түрлері, киім үлгілері, қолөнер бұйымдары, бау-бақша өнімдері, жеміс-жидек, тұрмыстық заттар, жалпы ұйғыр ұлтының дәстүрі, өмір салты, мәдениетімен дерлік толық таныстыратындай көрме ұйымдастырған.
Фестивальдің мақсаты – Қазақстан халқының мәдениетін, салт-дәстүрлерін құрметтеу, қоғамдық тұрақтылық пен ел бірлігін насихаттау. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, барлық деңгейдегі этномәдени бірлестіктер, ҚХА құрылымдарының, ақсақалдар, ардагерлер, аналар кеңесінің төрағалары, қоғам белсенділері, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері, аудан тұрғындары қатысты.
Көрермендер алдында белгілі әншілер мен музыканттар – көрнекті мәдениет қайраткері Сабыржан Манашовтың жетекшілігіндегі «Достық» ансамблі, әншілер Дилшат Юсупов, Фархад Молотов, Альбина Ахметова, Бахтияр Тиранов, сондай-ақ «Малика» би студиясы мен «Ильхам» бишілер тобы өнерлерін көрсетті. Жиналған жұрт әр нөмірді шебер атқарған өнерпаздарға қуана қол соғып, рухани ләззат алды. Олар орындаған патриоттық әндер, әсем билер мен әзіл-сықақтардың әрқайсысынан Отанға деген сүйіспеншілік, бір шаңырақ астында тұратын Қазақстан халқының достығы мен бірлігінің бекемдігі сезіледі.
– Бірлік пен келісім – біздің басты құндылығымыз, баға жетпес игілігіміз, зайырлы мемлекет пен қоғамның негізі. Біздің елімізде 130-дан астам этнос өкілдері бір шатырдың астында тату-тәтті өмір сүруде. «Көк чөшүр» – табиғаттың жаңаруын, өмірдің оянуын және оның берген сыйына алғыс білдіретін ұйғырлардың ежелгі дәстүрлі мерекесі. Бүгінгі шара – жай ғана фестиваль емес, бұл – мәдени мұраның жалғасы және қайта жандануы, Қазақстан халқы достығының айғағы, ұрпақтар сабақтастығы мен бейбітшілік белгісі! – деді Талғар ауданы әкімінің орынбасары Әнуарбек Әскербеков.
Шара барысында ұйғыр этномәдени бірлестігінің белсенділері мен фестивальға қатысушыларға «Сахават», «Мехриван ана», «Гамхор» медальдары мен ұйғыр республикалық этномәдени орталығының Алғыс хаттары табыс етілді.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы