Іле ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «АССАМБЛЕЯ. ПАРЛАМЕНТ. МӘСЛИХАТТАР» жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамаблеясының мүшесі, облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл: бейбітшілік, тұрақтылық, даму» тақырыбында этномәдени бірлестіктердің және қоғамдық құрылым өкілдерімен кездесу өткізді. Ондағы мақсат – этносаралық қатынасты, қоғамдық тұрақтылықты нығайту және Ассамблея жанынан құрылған депутаттық топтың жұмысын кеңінен таныстыру.
Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Іле ауданы мен Алатау қаласының этномәдени бірлестіктері және құрылымдарының төрағалары, белсенділері, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері қатысты.
Жиынды Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов жүргізді. Алғашқы болып баяндама жасаған Қуат Сұлтанұлы: «Алматы облысындағы ұлт пен ұлыстардың ауызбіршілігі мен тұрақтылығын баса айтқым келеді. Кешегі Батыстағы ауылдарымызды топан су басқанда да облысымыздың Ассамблея мүшелері ең алғашқылардың бірі болып көмек көрсетті. Қандай да бір қоғамдық жұмыстар мен іс шараларда жұмылған жұдырықтай бірлесе әрекет етеді. Біздің партиялық бақылауларымызда да аудандарымыздың қай қайсысы болмасын облысымыздың диаспора мүшелері жүреді. Президентіміз алға қойған міндеттемелеріміздің басымдығы да осы диплломатиялық, ынымақтастықтың төңірегінде өрбиді. Біз алдағы уақытта да қоғамымыздың дамуында, ынтымақтастығымызды ту етіп, кез-келген мәселелеріміздің түйінін бірге шешуіміз керек. Сіздерді осы істе бірге болуға шақырамын», – деді.
Жарыссөзде Іле аудандық мәслихатының төрағасы Мұхит Кәрібаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алатау қалалық мәслихатының төрағасы Роза Абилова, «Қазақстандық ұйғырлардың республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Іле аудандық филиалының төрағасы Рашидам Ушурова, «Алматы облыстық орыс орталығы» қоғамдық бірлестігінің Іле аудандық филиалының төрағасы Лилия Гасанова, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі Іле аудандық филиалының мүшесі Ният Исмаилов сөз сөйлеп, ел бірлігі мен даму жолындағы атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.
Жалпы Іле ауданы – этностар тығыз қоныстанған өңір. Ауданда Ассамблеяның өңірлік құрылымдары, этномәдени орталықтар белсенді жұмыс атқаруда. Олар мәдени іс-шаралармен ғана шектелмей, жастар тәрбиесі, қайырымдылық саласы, қоғамдық келісім бағытында да көп іс тындырып келеді.
Бүгінгі таңда бейбітшілік пен бірлік – сыртқы және ішкі тұрақтылықтың басты кепілі. Дүниежүзінде орын алып жатқан дағдарыс пен шиеленістерге біз бей-жай қарап отырғанымыз жоқ. Түрлі дөңгелек үстелдер мен жиындар өткізіп, талқыға саламыз. Мұндай жағдайда ел ішіндегі келісім мен татулықтың маңыздылығы бұрынғыдан да арта түседі. Алдағы уақытта да этносаралық түсіністікті нығайтып, қазақстандық бірегейлікті дамыту керектігін жақсы біледі. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мәслихаттардың бірлескен жұмысы аудан көлемінде үлкен рөл атқарады. «АССАМБЛЕЯ. ПАРЛАМЕНТ. МӘСЛИХАТТАР» жобасы осы тұрғыда аса өзекті.
Бүгінде ауданда 34 этнос өкілі тату тіршілік кешіп, азаматтар түрлі салада табанды еңбек етуде. Өңірімізде 2 облыстық және 2 аудандық этномәдени бірлестік тіркеліп, белсенді жұмыс жүргізуде. Аталған бірлестіктер мен орталықтар ел бірлігін нығайтуға, салт-дәстүрлерді сақтауға және ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруға бағытталған іс-шараларға белсене атсалысуда.
Іле ауданы мен ауылдық округтерде 91 кеңес мүшесін біріктіретін 10 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Олар отбасы құндылықтарын дәріптеу, жас ұрпақты ұлттық тәрбиемен сусындату, зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы институтын нығайту бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Сондай-ақ, аудан бойынша 90 кеңес мүшесін қамтитын 10 ақсақалдар кеңесі құрылған. Бұл кеңестер ауылдық жерлерде қоғамдық тәртіпті сақтау, жастарға тәлім-тәрбие беру, салт-дәстүрді жаңғырту және ауыл өміріне белсенді араласу бағытында жұмыс істейді.
Қоғамда туындаған даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге ықпал ету мақсатында ауданда 9 округтік, 1 аудандық қоғамдық медиатор қызмет етеді. Олар азаматтар арасындағы келісім мен татуластыру үрдісін жүзеге асырып, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы