Облыстық мәслихаттың кезекті ХХХVII сессиясы өтті. Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, ардагерлер ұйымы мен қоғамдық кеңестің төрағасы, құқық қорғау органдарының, департаменттер пен басқарма басшылары және онлайн режимде қала, аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары қатысты.
Облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев сессияны ашып, күн тәртібі мен регламент бекітілген соң қаржы басқармасының басшысы Бибігүл Ұзақова 2024 жылға арналған жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді. Одан кейін облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Мейрам Мұсаев сөз сөйледі.
– Былтыр облыс экономикасының өсу қарқынына тікелей әсер ететін көшбасшы өнеркәсіп салалары өнімдерінің тұрақты өсуі байқалды. Негізгі капиталға салынған инвестицияның, құрылыс жұмысының, шағын және орта бизнес субъектілері өндіретін өнімнің көлемі артқан. Әлеуметтік салада тұрақты жағдай қалыптасқан. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда салық түсімдерінің өсуі байқалады. Шығындар бойынша облыстық бюджеттің параметрлері 97,4 пайызға орындалып, игерілмеген қаражат 23 431 999,1 мың теңгені құраған. 4 бюджеттік бағдарлама әкімшісі бойынша ірі қалдықтар қалыптасқан. Талдыбұлақ және Жаңалық ауылдарында «Жайлы мектеп», тұрғын үй құрылысы саласын институционалдық дамыту мақсатында «Қонаев» ӘКК» АҚ дамыту, Іле, Қарасай аудандарының жолы және Қонаев қаласын айналып өтетін жол, облыс орталығында кәріз-тазарту, су алу құрылғылары, магистралдық инженерлік инфрақұрылым (Жаңа Іле) салу жобалары іске асырылмаған, – деген тексеру комиссиясының төрағасы аудит жүргізу барысында анықталған құқықбұзушылықтар бойынша 54 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке және 138 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабардар етті. Мейрам Мырзанұлы сөзінің соңында бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан қандай жұмыстар мен іс-шаралардың жүргізілу керегі жөнінде ұсыныс білдірді.
Келесі кезекте мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Құлмұханбет Исақовтың облыс бойынша салықтардың, кедендік және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуі туралы баяндамасы тыңдалды. Баяндамашының айтуынша, биыл жергілікті бюджет жоспарының болжамды орындалуы 99,2 пайызды құрайды. Қаңтар-мамыр айларына арналған жоспары 110,9 пайызға орындалған. Барлық бағыт бойынша 3-4 тоқсанда жергілікті бюджетке 7 899,1 млн теңге қосымша резервтер күтілуде. Жергілікті бюджеттің жоспарын 100 пайызға орындау мақсатында департамент тарапынан барлық салықтық түсімге әкімшілендіру шаралары жүргізілуде.
Одан әрі жалғасқан сессия отырысында 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бастауыш сынып оқушылары мен түрлі санаттағы отбасылардың балаларын тамақтандыру құны бекітілді. Облыстық мәслихаттың 20 наурыздағы №35-187 «Алматы облысының «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізілді. Сонымен қатар облыс әкімдігі жанындағы жастар саясаты мәселелері жөніндегі кеңестің, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, қандастарды қабылдау жөніндегі комиссиялардың құрамы бекітілді.
Сессия отырысын облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қорытындылады.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ