Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласында орналасқан «Білім-Инновация» лицейінің түлегі Акрамжан Кадыров АҚШ-тың беделді төрт университетінен оқу грантын ұтып алды.
Arizona State University, Michigan State University, Ohio State University және Indiana University-ден тегін оқу әрі шәкіртақы алу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ ол Nazarbayev University-нен де шақырту алды. Акрамжан барлық оқу орындарына Computer Science, яғни компьютерлік ғылымдар мамандығы бойынша құжат тапсырған екен.
Оқу мен білімге құштар, озық ойлы, өресі биік, көкжиегі кең жас дарын «Білім-Инновация» лицейіне оқуға түсу үшін 4-сыныптан бастап тыңғылықты дайындалған. Ынта-жігері мен табандылығының арқасында Акрамжан өзі армандаған ортада білім алып, бүгінде жарқын болашаққа батыл қадам жасауға дайын отыр.
6-сыныптан бастап информатика пәнінен олимпиадаларға қатысып, бағдарламалау саласымен қатар ғылымдардың патшасы саналатын математикада да үздік нәтижемен ерекшеленген. Білімге құштар өрен мектепте пікірсайыс клубын құрып, көпшілік алдында қысылмай еркін сөйлеу машығын да меңгерген. Халықаралық деңгейде «IronMind Olympiad»-та «Best Speaker» санатында жеңімпаз. «KBO Junior» халықаралық олимпиадасынан қола медаль, «Тілдер олимпиадасынан» алтын медаль иеленді. Сондай-ақ оның қоржынында «Қазақстан білім олимпиадасы», «Жарқын болашақ» олимпиадасынан республикалық және облыстық кезеңдерде информатика пәні бойынша әр жылдары алған бірнеше алтын, күміс, қола медальдары бар.
Бүгінде жоғары сұранысқа ие бағдарламалау тілін терең меңгеруге талпынған жастың арманы – әлемдік деңгейдегі ICPC бағдарламалау чемпионатында алтын медаль жеңіп алу. Ол бұл жолда бүгіннен бастап сенімді, әрі жүйелі қадамдар жасап келеді. Мақсатын нақты білетін, жасындай жарқырап тұрған осындай жастар барда болашағымыз жарқын болары анық.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы