Жөкең – Жолсейіт Молдасанов туралы жазу маған қиын тигені рас. Бір ауданда және бір шаруашылықта бірге жұмыс істегеннен болар, көңілімде жинақталған ол туралы жақсы ой айтуын күтіп мазалағалы қашан?! Президентіміз биылғы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағаннан кейін сол ойымды жұртшылыққа жеткізуді жөн көрдім. Өмірден түйген өнегесі мен тәжірибесі мол адамның өткенін айтудың артықтығы жоқ шығар? Еңбек қашанда болсын еңбек. Қазақ халқы әу бастан еңбек етуді тіршіліктің көзі, тұтқасы, бүкіл тәрбиенің басы деп санаған. Табысқа адам еңбекқорлығымен жететінін білеміз. Ұлттық құрылтайдың I отырысында Президентіміз Қ.Тоқаев: «Шын мәнінде, елді еңбекқорлық қана көркейтеді. Табысқа жетудің ең басты кілті – еңбек. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс», – деген болатын.
«Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Жөкең – Жолсейіт Молдасанов бүкіл өмір жолын қой бағуға арнаған. Оның қыры мен сырын терең меңгерген. Осы саланың академигі десе де болады. 1934-1950 жылдар аралығында Қазақстандық белгілі ғалымдар Н.Бутарин, А.Жандеркин, Ә.Есенжолов биязы жүнді жаңакавказдық типтегі рамбулье және прекос саулықтарын алғаш рет Тянь-Шань тауларындағы жабайы арқармен ұрықтандыру арқылы Арқар-меринос қойын өмірге келтірді. Бұл дүниежүзіндегі қой өсіру бойынша үлкен жаңалық еді. Биік таулы меринос типіндегі қойдың жаңа тұқымы бұдандастыру негізінде басталды. Бұл тұқым уақыт сынақтарынан сәтті өтіп, өзін ең жақсы жағынан көрсете білді. Табиғаттың қатал жағдайында өмір сүруге бейімделген етті-жүнді меринос қойы тау жайылымдарын кеңінен игеріп, төмен бағалы ет, сапалы жүн өндіруге мүмкіндік берді. Ұзақ жыл бойы қойдың әр буынын сұрыптау мен жұптау негізінде, «өз төлінен өсіру» әдісін жүргізгенде ғалымдар шопандар еңбегіне жүгінді.
Жаңа тұқымды қалыптастыру оңай болған жоқ, ол отыз жылғы ғылыми-селекциялық жұмыстардың нәтижесі еді. Міне, сол уақытта жас шопан Жөкең будан қойларды күтіп-баптауды, өсіруді қолға алды. Ғалымдардың ұсыныстарын орындап, мол тәжірибе жинақтады. Тұқымды жерсіндіріп өсіру, кейбір қасиеттерін жақсарту, жетілдіру Жөкеңнің еншісіне тиді. Жөкеңді Арқар-меринос қойының бірлескен авторы десе де болады. Жөкеңмен бірге жұмыс істегендегі байқағаным, ол Арқар-меринос қойының тұқымдық ерекшіліктері мен қасиеттерін жақсы білуші еді. Зоотехникалық-селекциялық жұмыстарды, ешкімге сенбей, өзі атқаратын. Арқар-меринос қойы – ірі сүйекті, дене бітімі тығыз, тұяқтары мықты, таулы жерде еркін жүріп-тұратын, биік тау қияларында жақсы жайылатын қой. Жөкеңнің қойы осылай сұрыпталған. Бірде осы қойдың қалай жайылатынын сұрағанымда, Жөкең: « Бұл қой нағыз жайылым малы, жазда көк шөп – оның азығы. Оның тұмсығының, ернінің, тістерінің ерекшеліктері жайылымға бейімделген. Ол жаңа қылтиып шыққан шөпті тістеп жей алады. Мұндай аласа шөпті басқа мал жей алмайды. Ал қыста аяғы ұзын, тұяғы мықты болғандықтан қарды аяғымен тарпып, жайылымды ашып, жайылады», – дегені бар. Айтқаны рас, оны мен шаруашылықта пайдаландым. Шопандарға салсаң, ерте күзде-ақ қысқа дайындалған шөпті беріп, қой отарын қорада ұстағысы келеді. Оған жол бермедік. Қойды қалың қарға дейін жайылымда жаюды қатаң енгіздік. Жайылымды көп пайдалану шығынды азайтуға мүмкіндік берді. Жөкең күн ашықта қойды қора алдындағы ашық алаңда ұстайтын. Ол ашық алаңда қой тез жетіліп, жүндері жақсы өсетінін, денесі шынығып, тәбеті ашылатынын да айтушы еді. «Қой семіз болса, ішіндегісі де егіз болады» дегенін де естігенмін. Оған ақ қойдың қыры мен сыры әбден мәлім. Жайылымнан қайтқан қойдың тоқтығын қабағынан білетін. Ауырып тұрған қойды көзі бірден шалып қалатын. Іші қатқан жас қозыны аяқтарынан ұстап, аударып, төңкеріп, сипалап, тік тұрғызғанын, адасқан қозыны жазбай анасының бауырына қойғанын өз көзіммен көргенім бар.
Саулықтарды қыста төлдетуді де алғаш Жөкең қолға алды. Қыста саулықтар қоңды, суықта туған қозылар сергек, дендері сау болады. Ерте марқайып, көктемде жайылымға шығып кетеді. Еркек қозылары жазғы жайылымнан кейін етке тапсыруға жарап қалады. Жөкеңнің төл алу көрсеткіштеріне күмәнданған жоғарғыдағылар тексерушілерін жіберген кездері де болды. Олар өрістегі саулықтардың соңынан ілесіп жүрген егіз қозыларды көріп және Жөкеңнің төл алу әдісін тыңдап, көздерін жеткізді.
Жөкең егіз, не үш қозы тапқан саулықтардың төлдерін іріктеп алып, келешек тұқымдық мақсатқа барынша пайдаланады. Олардың бөксесінің толықтығы, жауырынының жалпақтығы, кеудесінің кеңдігі сияқты селекциялық белгілеріне ерекше назар аударады. Сондай сұрыпталған қозылармен келешек саулық отарын жасақтайды. Жөкеңнің: «Адам болар жігіттің төңірегі кең келеді, Қошқар болар қозының маңдайы дөң келеді», – деп айтқанын да естігем. Арқар-меринос қойы – ет және жүн өнімді мал. Әр қойдан Жөкең орташа 4,0-4,5 келі жуылған жүн қырқып жүрді, жүнінің ұзындығы 10-12 сантиметр, жіңішкелігі 64-60 сапа болатын. Етке тапсырған қойларының орташа салмағы 50-55 келі тартатын.
Мен Қарқара кеңшарына басшы болар алдында шаруашылықта мал көрсеткіштері төмендеп кеткен еді. Шаруашылық 100 саулықтан орташа 93 қозы, 3,1 келі жүн қырқып, етке тапсырған қойының орташа салмағы 38 келі шамасында болған. Әр сиырдан жылына 1400 келі сүт сауып, 100 сиырдан 55-тен бұзау алуға дейін барған. Шаруашылыққа бара сала Жөкеңмен ақылдастым. Қатар отырып, жағдайды түзеудің жолдарын қарастырдық. Ақыры, ауылдағы мектеп бітіріп, бос жүрген жастарды мал шаруашылығына тарту керектігіне тоқтадық. Партия, комсомол ұйымдары, мектеп басшысы ауыл жастарымен сөйлесіп, ата-аналарының келісімін алып, комсомол-жастар бригадаларын ұйымдастыра бастадық. Кеңшардың Мәдениет үйінде Жөкеңнің тәжірибе мектебін аштық. Жөкең жастармен кездесіп, өзінің мал бағудағы озық әдістерін айтып, олардың еңбекке деген құлшынысын арттырды. Осылай жағдай түбегейлі өзгерді. Жөкең өзі жетекшілік жасап, «Эделвейс» қой бордақылайтын жастар бригадасы өмірге келді. Нүсіпәлі Тәңірберген басқарған бригада 3000 бас еркек қойды қой бордақылау кешенінде күтіп-бағып, әр қойын 62 келі салмақпен етке тапсырды. Жөкең жастар жұмысына араласып, ақылын айтып, қамқорлығын аяған жоқ.
Бірде Жөкеңнен: «Шопандардың қой бағуда қандай шарушылыққа зиянды әрекеттері болады?» – деп сұрадым. Жөкең: «Ондайлар бізде бар ғой», – деп өзінің әсем күлкісімен жауап берді. «Жөке, соларды ойланып, маған жазып беріңізші», – деп өтіндім. Көп ұзамай Жөкең жазғанын маған әкеліп берді. Иә, жазғандары менің ойымнан шықты. Қой шаруашылығын өрге бастырмай жүрген кертартпа жағдайлар еді. Мал мамандарымен келісіп, осыларды болдырмау мен кертартпалыққа қарсы шараларды күшейттік. Шопандарды, малшылар мен сауыншыларды ай сайын Жөкеңнің тәжірибе мектебіне жинап, мал шаруашылығының барысын талқылап отырдық. Кемшіліктерге талдау жасап, жақсы тәжірибелермен алмастық. Осылай шаруашылықта ешкім «зиянды әрекеттерін» іске асыра алмайтын жағдай қалыптасты. Нәтижесінде, еңбек тәртібі түзеліп, көрсеткіштеріміз жоғарылай бастады. Шаруашылық 100 саулықтан 112 қозы алатын жағдайға қол жеткізді. Әр сиырдан жылына 2700 келі сүт саудық, 100 аналықтан 85-тен бұзау алдық. Осы жақсы істердің басы-қасында көшбасшы болып Жөкең жүрді.
Қой шарушылығы Қазақстанның мал шаруашылығының жетекші саласы болып келген және солай бола береді. Оның себебі, қой, негізінен, жайылым малы. Қазақстанның 200 млн гектарға жуық жайылымын тек қой малы ғана тиімді пайдаланады. Қой малы береке мен молшылық әкелетін түлік. Алдағы күннен тек жақсылық күткен ата-бабаларымыз қой малын құт-берекенің көзі деп есептеген. Қой малының етін – уыз, сүтін – бал, жүнін – жібек, елтірісін – алтын деп бағалаған. Осылай қастерлеудің астарында қазағымыздың салт-дәстүрі жатқанын білеміз. Пайғамбар хадистерінде қой жануары қарапайымдылық пен тазалықтың символы, береке нысаны ретінде айтылуы бекер емес.
Жолсейіт Молдасанов – адал еңбегімен еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан адам. Әкесі Жөкең екі жасқа толмаған кезде бай деген жаламен Орал жаққа айдалып кетіп, сонда қайтыс болды. Асыраушысынан айрылғаннан кейін анасы Нұрбала шарушылықтың бір отар қойын бағып, үш баласын тәрбиелеп өсірді. Анасына көмекші болып, қолқабыс тигізіп жүрген ағасы Бағашар соғысқа кетіп, оралмады. Жөкең анасы екеуі тіршілігін жалғастыра берді. Белі қатаймай көп қиыншылық көрсе де, мойымай, анасына көмектесті. Жөкең: «Соғыс жылдары тым ауыр болды. Ішерге тамақ, киерге киім табылмаған да кездер басымыздан өтті. Баққан қойымыздың арқасында аман қалдық», – деп айтып отырушы еді. 1947 жылдан бастап Қарқара кеңшарында өмірінің соңына дейін аға шопан болып еңбек етті. 1973 жылы әр 100 саулықтан 160-тан қозы алып, қатарының алдына шықса, 1984 жылы 176-дан қозы өсіріп, дүйім жұртты таңғалдырды.
Еңбегі жоғары бағаланып, ҚазССР Еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, Социалистік Еңбек Ері, ССРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атақтарын алды. СОКП-ның XXIV, XXV, XXV съездеріне делегат болып қатысты, екі съезде СОКП-ның тексеру комиссиясының мүшелігіне сайланды.
Мен Жөкеңнің бір құрметі мен жақсылығына үлес қосқаныма қуанамын және есімнен кетпейді. Бірде министрліктен бір жұмыскерді ССРО Мемлекеттік сыйлығына ұсыну туралы тапсырма алдым. Шаруашылық картоппен айналысатындықтан олардың сұрап отырғаны, әрине, картоп өсіруші. Сол жылы біз картоптан мол өнім алып, Одақ Туын жеңіп алғанбыз. Бірақ мен экономиске Жөкеңнің көрсеткіштерін дайындатып, қажетті құжаттарын тапсыруға Алматыға келдім. Министрлік қабылдамай, қайтарып берді. Дереу облыстың басшысы К.Аухадиевке бардым. Кеңес Мұстаханұлы министр Е.Жерембаевпен сөйлесіп, қабылдайтын болды. Осылай 1985 жылы шілде айында Жөкең Мәскеудің шешімімен Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.
Сол кездегі Қазақстан басшысы Д.Қонаевтың съездерге және пленумдарға Жөкеңді өз ұшағына отырғызып апарып, әкеліп жүргенін білеміз. Ауданға қызметтік сапармен келгенде де Жөкеңмен кездесіп, Ұлтуар жеңгеміздің дастарқанынан дәм татып кетуші еді. Жөкең мен Ұлтуар жеңгеміз – көп бала өсірген отбасы. Пейілдері кең, қашан, кім барса да дастарқаны жаюлы, үйлері құт пен берекенің мекеніндей еді. Ауданға келген республика мен облыс басшылары Жөкеңмен жүздеспей, оның дастарқанынан дәм татпай кетпейтін. Ханға да, қараға да дастарқан жаятын. Көктемде сақманшылар бөлген кезде «Молдасановтың отарына жіберіңізші» деушілер көбейетін. Қой төлдеп бітіп, сақман аяқталғанша оларды бөлектемей, сол үлкен дастарқаннан тамақтандыратын.
Ұлтуар жеңгеміздің дастарқаны жиналмайтын. «Ұлтарақтай болса да, атақоныс жер қымбат» деген сөз әр адамның жүрегіне терең орныққан. Жөкең өмір сүрген Қарқара өңірі – сеңгір-сеңгір тауларымен, өзен-суымен ғана бай емес, ғасырлар бойы құпиясын сақтап жатқан тарихымен, жәдігерлерімен де әйгілі. Қарқара – бүкіл Алаш жұртын аузына қаратқан Жәмеңке, Ұзақ, Әубәкір сынды көсем, батыр адамдардың өлкесі. Осылардың елі үшін жасаған ерлік істері кейінгі ұрпаққа өнеге, үлгі етуге әбден тұратын тарихи қайталанбас құбылыс. Жолсейт есімі осылармен пара-пар десек, ешқандай қателеспейміз. Ол бабаларының ерлігін ерен еңбегімен жалғастырды. Жолсейіт есімі мен Қарқара атауы синонимге айналғалы қашан?! Жолсейіт десек, Қарқара, Қарқара десек, Жолсейіт есімізде тұрады. Қарқара – азаттық жолында бабалар қаны тамған, қазақ халқының құт-берекелі жайлауы. Бүгінде қуат-күшін жоймай, құлпырып, өткеннен сыр бермей тұр. Жөкең қойын жайған Қарқара жайлауы кілем тектес ауқымды жазық, шұрайлылығы соншалық, түгін тартсаң, майы шығады. Көтерем көкке ілінсе, өлмейтұғын жер. Жөкеңнің Құмтекейі – құтты қоныс. Отбасына да, еңбегіне де, жақсылықтарына да куә болған, басына бақ қондырған құтты мекенін ұрпағым есіне алып жүрсін деген ниетпен Жөкең бір немересінің атын Құмтекей қойыпты. Қазір осы мекенге ұлы Қанатбек иелік етеді. «Құмтекей» шаруа қожалығының басшысы. Жөкеңнің еңбегін жалғастырып келеді. Асылтұқымды мал өсірумен шұғылданады. Жоғалып бара жатқан Арқар-меринос қойын Қанатбектің қожалығынан көруге болады.
Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық. Сөз жоқ, олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет», – деді. Қазір, Құдайға шүкір, ұлтымыэ тәуелсіздік алып, дербес мемлекеттің азат күндерін кешіп жатыр. Көк Туымыз желбіреп, Елтаңбамыз жарқырап, Әнұранымыз шарықтап тұр. Өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды. Өзіміздің бабаларға, ақындар мен жазушыларға, өнер адамдарына ескерткіштер қойыла бастады. Шынын айтсақ, еңбек адамдары биік дәрежеде бағаланып жатқан жоқ. Еңбек адамын дәріптеу, оған ескерткш қою мемлекеттік деңгейдегі шара болуға тиіс және ол өскелең ұрпақ тәрбиесінің маңызды бөлігін құрайды. Жас ұрпақ осындай ескерткіштерді көргенде тарихи тұлғалар туралы біліп қана қоймай, ғажайып әсер алады, еңбектің ұлылығын түсінеді, еліне деген отансүйгіштік рухы оянады.
Жолсейіт Молдасанов осындай ескерткішке лайық адал еңбек адамы. Ол ескерткіш марқұм болған Жөкең үшін емес, қазіргі және болашақ ұрпақ үшін қажет. Өзі көп жыл еңбек еткен Қарқара ауылына, не аудан орталығына ескерткішін қою, мұражайын ашу біздің борышымыз деп есептеймін. Озық ел боламыз десек, адал еңбекті бағалағанымыз абзал.
Бексырға ДАНЫШПАНОВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы