Қарасай ауданындағы «Nur-Aman» спорт кешенінде комбат дзю-дзюцудан Әлем кубогы өтті. Дүбірлі додаға 12 мемлекеттен 250-ден астам спортшы қатысты. Аталған жарыста еліміздің ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орыннан көрінді.
Қазақстанда бұл спорт түрі 2009 жылдан бері таныла бастады. Қазіргі таңда 6000 адам дзю-дзюцумен айналысады, соның ішінде 1300 спортшы Алматы облысынан. Осы уақыт аралығында көптеген спорт шеберлері шықты. Олар халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр. Соңғы үш әлем және Азия чемпионаттарында ел құрамасы үздік нәтиже көрсетіп, мерейімізді үстем етті. Биылғы Әлем кубогында да сол деңгейден көрінді. Қоржынымызға 11 алтын, 11 күміс және 6 қола медаль түсті.
«Әр аймақта жетістікке жетіп жүрген ұл-қыздарымыз аз емес. Соның ішінде Алматы мен Астана қалалары, Алматы және Қостанай облыстарын ерекше атап өтуге болады. Біз спортшыларды түрлі деңгейдегі жарыстарға жиі қатыстырамыз. Жеңіске бастар жол – мол тәжірибе, тыңғылықты дайындық, – дейді қазақстандық дзю-дзюцу және спорттық джиу-джитсу қауымдастығының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Канат Тілеуімбетов.
«Дзю-дзюцу» халықаралық жекпе-жек федерациясының президенті Владислав Шипинскийдің айтуынша, елімізде осындай ауқымды жарыстарды ұйымдастыру деңгейі жыл өткен жоғарылап келеді. Айта кетейік, Әлем кубогі жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында Алматы облысының спортшылары да бар.
«Әрине, халықаралық жарысқа мықтылар ғана іріктеліп келеді. Сондықтан бұл дода өте тартысты өтті. Әлемдік бәсекеде өнер көрсеткен спортшылардың осалы жоқ. Бәрі де шеттерінен мықты. Қарсыластан басым түсу оңайға соқпады. Бапкерлердің айтқанын мүлтіксіз орындап, шеберлігімізді шыңдаудың нәтижесінде ғана жеңіске қол жеткіздік, – дейді Әлем кубогының жеңімпазы, дзю-дзюцудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Меруерт Бердіханова.
Чемпион атағын Меруертпен қатар Алматы облысының өкілдері – Әсел Серікбаева, Машырап Қарақат, Наргиз Русланқызы, Жәнел Кенжехан, Малика Әжібаева, Эльдар Маратов, Лунара Мансұрқызы және Арман Алдияров жеңіп алды. Ақбота Барлыбай мен Жантас Ақтас күміс жүлдеге ие болды.
Жалпыкомандалық есеп бойынша Қырғызстан құрамасы екінші, Өзбекстан спортшылары үшінші орын иеленді.
Өз тілшіміз
Қарасай ауданы