Қонаевта Халықаралық балаларды қорғау күніне орай футболдан балалар арасында Алматы облысының ашық турнирі басталды. Салтанатты ашылу рәсімінде Алматы облыстық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының директоры Кайыржан Бейсембетов айтулы мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Қымбатты балалар! Сіздерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер – еліміздің ертеңі, аға ұрпақтың үмітісіздер. Үлкен мақсаттарға жету үшін тек жақсы оқу ғана емес, денсаулықты нығайту маңызды, ол үшін спортпен жүйелі түрде айналысу керек. Осындай жарыстар сіздерді шынықтырады. Мол тәжірибе жинақтауға және жаңа достар табуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда балалардың спортпен алаңсыз жаттығуына барынша жағдай жасалған. Тек қана ерінбей еңбектенсе, аянбай тер төксе, жеңіс тұғырынан көрінетіні сөзсіз», – деді Қайыржан Бейсембетов.
Турнирді ұйымдастырушылар мен арнайы келген қонақтар да балаларға ақжарма тілектерін арнады.
«Біз де спорттағы жолымызды осындай жарыстардан бастағанбыз. Ерекше өнер көрсеткен жас футболшыларды спорт мектептерінің жаттықтырушылары назардан тыс қалдырмайды. Үздіктер іріктеліп, облыстық, ұлттық құрамада ойнауына жол ашылады.», -деді ОМБЖСМ директорының орынбасары Ернар Нұрланов.
Турнирге Алматы облысының аудандарынан ғана емес, Алматы мен Астана қалалары және Жетісу облысынан 2014 жылы туған 180-нен астам футболшы қатысуда. Барлығы 9 команда.
Жарыстың мақсаты – балаларды жүйелі спортқа баулу, жас ойыншылардың қабілетін, күші мен ептілігін тексеруге мүмкіндік беру, үздіктерді анықтау, түрлі облыстар мен қалалардағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері арасында тәжірибе алмасу және достық қарым-қатынас орнату.
«Балаларды қорғау күніне арналған бүгінгі іс-шара маған қатты ұнады. Бәрімізге тегін балмұздақ таратты. Ең бастысы, жарыста бар өнерімізді көрсетуге мүмкіндік алдық. Спорт адамды тәрбиелейді. Мақсатқа жетуге үйретеді», – деді қатысушы Жәңгір Ахметжан.
Облыстық турнир 6 маусымда қорытындыланады, барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, медаль, грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Ұйымдастырушылар: Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Алматы облыстық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы, ОМБЖСМ.