Әр қызметтің қыр-сыры, ерекшелігі, арқалайтын жүгінің салмағы әртүрлі болады. Соның ішінде адам жанының арашасына айналған ақ халатты абзал жанның қызметі ешқашан ескірмейтін, тіпті жер бетінен жойылмайтын ізгі мамандық десек, ақиқаттың ауылынан алыстай қоймаспыз. Ел дамуына елеулі үлес қосуда шоқтығы биік, маңызды саланың ыстығы мен суығына төзіп, саналы ғұмырын халық денсаулығын нығайтуға арнап жүрген жандар жетерлік. Соның бірі – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының бас сарапшысы Әсел Қазымбекова.
Әсел Сейілханқызы Жетісу облысы Сарқан ауданында дүниеге келген. Он бір жасында анасының денсаулығы сыр беріп, сырқаттанып қалады. Қант диабетіне шалдыққан анасын күтіп, оған дәрігер тағайындағын ем-домын жасап, күтінуін әрдайым қадағалап жүрген ол болашақта дәрігер болуды армандайды. Сол асқақ арманы орта мектепті бітірген өрімдей қызды Асфендияров атындағы Қазақ медициналық университетіне жетелеп апарады. Жоғары оқу орнында 7 жыл білім алып, қиындығы мол, зор жауапкершілік пен асқан білімді, үлкен төзімді талап ететін мамандықты меңгереді.
Дәрігерлік қызмет те сан салаға бөлінеді. Әселдің мамандығы – педиатр. Оқуын тәмамдауға бір жыл қалғанда тұрмысқа шығуына байланысты Сарқан ауданы Бақалы ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктте балалар дәрігері болып еңбек жолын бастайды. Соңғы курста оқып жүрген ол тәжірибесінің жоқтығына қарамастан қызметтің қызығын да, ауыртпалығын да қатар көріп, өз міндетін мүлтіксіз атқарады. Кадр тапшылығына байланысты ауылда басқа дәрігер болмағандықтан басы ауырып, балтыры сыздаған үлкендерге де көмек көрсетеді. Осылайша ауыл жұртшылығының құрметіне бөленіп, денсаулық сақтау саласы басшығының көзіне түскен, өз ісін жетік білетін білікті маман Талдықорған қаласындағы №1 емханаға қызметке орналасады. Мұнда шеберлігін шыңдап, зор ізденіс үстінде озық тәжірибе қайнарынан сусындайды.
Бала дәрігерінің жұмысы өте күрделі екенін ешкім теріске шығара қоймас. Ол еліміздің ертеңі саналатын бүгінгі бүлдіршіндерді емханада қабылдап та, бір мезгіл шақыртуға да үлгеріп, ата-ананалармен де байланыста болып, әрбір ісіне жауапкершілікпен қарайды. Жарқын жүзінен әрқашан жылылық есіп тұратын Әсел алдына ауырып келген балаға мейірімін төге, еркелете отырып денсаулығын тексереді. Оның осындай көркем мінезін кішкентайлар да жүрекке жылы қабылдайды.
Күні-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз еңбек етіп жүрген Әсел Сейілханқызы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облыстық филиалына қызметке шақырылады. Осылайша, өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің сапасына жауап беретін маман болып шыға келеді. Жаңа жұмыс орнында да қабілет-қарымымен, мәдениеттілігімен, қарапайымдылығымен, еңбексүйгіштігімен көпшіліктің ыстық ықыласына ие болады. Алматы облысы екіге бөлінген тұста Қонаев қаласына қоныс аударған ол қызметін абыройлы атқаруда.
– Дәрігер – күрделі мамандық. Бұл салада әрдайым білімді жетілдіріп, өзіңді дамытып отыруың керек. Себебі медицинада жаңашылдық көп. Қазіргі таңда технология күн сайын өзгеріп жатыр. Сондықтан мамандар үнемі біліктілігін арттырып отыруы қажет, – дейді Әсел Сейілханқызы.
Ол туралы барлық жерде жақсы сөздер, жылы лебіздер айтылып жатады. Алайда абырой биігіне көтерілген сала майталманы өте қарапайым, өзін елден ерекше етіп көрсетуге ұмтылмайды. Өз ісіне жауапты, тәжірибелі маманды бойындағы шыншылдық және қайсарлық қасиеттері үшін әріптестері де жоғары бағалайды.
– Әсел Қазымбековамен бірге қызмет еткенімізге 7 жыл болды. Ол өте білікті, тәжірибелі маман. Оның міндетіне көрсетілген медициналық қызмет түріне бақылау, зерттеу жүргізу кіреді. Мұнымен қоса науқастардың сырқаттануына қарай емделуі мен диагностикасын бақылайды. Ең күрделі тапсырмаларға жауапты бас сарапшының филиалдағы еңбегі өлшеусіз. Мұндай мамандар әрдайым құрметке лайықты, – деп ағынан жарылды ӘМСҚ облыстық филиалының бөлім басшысы Дина Әмірбаева.
Кәсіби маманның еселі еңбегі ескерусіз қалмай, Денсаулық сақтау саласының үздігі атанып, министрдің және ӘМСҚ басшысының Құрмет грамотасымен марапатталған. Гиппократ антынан айнымайтын абзал жан төл мерекесі қарсаңында «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалін кеудесіне тағып отыр.
Әсел Сейілханқызы – білікті қызметкер ғана емес, шаңырағына шаттық шұғыласын төккен өмірлік серігі екеуі 3 бала тәрбиелеп отырған берекелі отбасының ұйытқысы. Әйел адамға осыншама тірлікті алып жүру оңай емес. Соның бәріне үлгеру тек қайратты, сабырлы жанға ғана тән қасиет. Бұл ретте Әсел Қазымбекованың өнегелі жолы жастарға үлгі болары сөзсіз.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ