Мамандыққа сүйіспеншілікті ел мен жерге деген махаббатпен ұластырып, қаламды жанына серік еткен Анарбек Бердібаевты Еңбекшіқазақ ауданының жұрты жақсы таниды. Туған өлкенің кешегі тарихы, бүгінгі болмысы, ауылдағы ағайынның қуанышы, тұрмыс-тіршілігі туралы жазып, түйіткілді мәселелердің мән-жайына кеңінен тоқталып, жағымды жаңалықтың жаршысы болып жүрген журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудармашы Анарбек Мөкішұлы – газетіміздің тұрақты авторы.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Анарбек аға жастайынан жазу-сызуға әуес болады. Мектеп қабырғасында жүргенде өлеңдері аудандық газет беттерінде жиі жарияланып, поэзияға, жалпы жазу өнеріне деген қызығушылығын арттырып, шабытын шыңдай түседі. Оқушы кезден газеттен қол үзбей, күні бүгінге дейін оқырманға ой салар тұщымды жазбаларын жариялап келеді.
1953 жылдың 12 қаңтарында Қорам ауылында дүниеге келген Анарбек Мөкішұлы Қорам, Достық, Ащысай ауылдарындағы мектептерде білім алады. 1970-1971 жылдары Отан алдындағы борышын Забайкалье өлкесінде өтеп, танкистер әскери бөлімшесінде сержанттық шенмен жүргізуші-механик, взвод командирінің орынбасары болып әскери қызмет атқарған. Елге оралған соң А.Саттаров атындағы кеңшарда құрылысшы болып еңбек етеді. Құрылыс құрал-саймандарымен қатар қаламын да жанынан тастамай, жазуға құмартқан жастың қабілетін аудандық білім бөлімі бағалап, Анарбек Мөкішұлы Қаратұрық мектеп интернатына тәрбиеші әрі дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмысқа кіріседі.
Журналистиканың қазанында қайнап, ондағы өмірдің бір бөлшегі болуды ойлаған Анарбек Мөкішұлы ҚазМУ-дың журналистика факультетінде білім алып, 1984 жылдан бастап бұрынғы Шелек аудандық «Еңбек туы» газетіне орналасады. Әуелі корректор, кейін жергілікті радио хабарын тарату бөлімінің меңгерушісі, сондай-ақ хат бөлімінде жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары міндеттерін атқарды. Редакция мен баспахана бастауыш партия ұйымының хатшысы болды. Одан кейін Шелек аудандық тұтынушылар қоғамдары одағында және Шелек аудандық әкімі аппаратында аудармашы, бас маман қызметтерін атқарды. Ал аудан таратылған соң Шелек кәсіптік-техникалық училищесінде, кейін А.Розыбақиев атындағы орта мектепте ұстаздық етіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді.
Аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің Шелек тілшілер қосынында қызмет атқарып, зейнетке шыққанымен, әлі күнге сол жерде журналистік жолын жалғастырып келеді. Әрі облыстық, республикалық газеттерден қол үзбей, елу жылға жуық аудан мен ауылдың жағымды жаңалықтарын оқырманға сүйіншілеп, туған жердің тарихы, ел мен өңірдің өркендеп-өсуіне үлкен үлес қосқан тұлғалар жайында тереңнен қалам тербеп жүр.
Анарбек Бердібаев – білікті журналист қана емес, ақын. «Шұрайлы Шелегім», «Сарбаздар серті», «Қазақ елі», «Бабалар арманы – еркіндік», «Қазақтың ару қызы», «Астанам – Ақ ордам», «Мектебім», «Қимас қалқам-ай!» сынды жиырмаға жуық өлеңіне ән жазылған. Сонымен қатар ұйғыр қаламгерлері Жәмшит Розахунов, Исрайыл Розиев, Иминжан Тохтияровтың, Авут Масимовтың шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ