Қарт адамдар қарым-қатынас жасайтын қатарластарының жетіспейтінін айтып жатады. Бұл мәселеге барлық аудандарда жұмыс істейтін Ұзақ өмір сүру орталығы көмекке келетіні рас. Солардың бірі – Қарасай ауданы Мерей ауылында орналасқан. Ол жақында күрделі жөндеуден өткен ауылдық Мәдениет үйі жанынан ашылды.
Орталық филиалын Аңса Дүйсенбай басқарады. Оның жетекшілігімен 15 қызметкер еңбек етуде. Аңсаның айтуынша, Мәдениет үйінде аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін бар жағдай жасалған. Қарттардың есте сақтау қабілетін жақсартуға арналған тренингтер өткізіледі, қажет болған жағдайда кәсіби психологтан кеңес алады.
Алайда аталған жайлар орталық ұсынатын мүмкіндіктердің бір бөлігі ғана. Мұнда йога, би, вокал, сондай-ақ қолданбалы өнермен айналысуға, хор репетицияларына қатысуға, актерлік шеберлік сабақтарын алуға, қазақ және ағылшын тілдерін үйренуге, компьютерлік сауаттылықты арттыруға болады. Сонымен қатар денсаулықты жақсартуға да ерекше назар аударылған. Бұл мақсатта фитнес-зал жұмыс істейді. Сонымен қатар үстел теннисімен, шахмат, тоғызқұмалақ сияқты ойындармен айналысуға мүмкіндік бар.
Ұмтыл ауылдық округіндегі аналар кеңесінің төрағасы, білім саласының ардагері Нағима Сағатованың пікірінше, мұндай орталықтар сөз жүзінде емес, іс жүзінде қарттарға шынайы қамқорлық көрсетеді. Бос уақытын тиімді өткізуге, шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға, қоғамдық өмірге белсенді қатысуына ықпал етеді.
– Бұрын көп ата-әжелер белсенді, қоғамға қажет тұлғалар болған, бірақ жасына және денсаулығына байланысты кенеттен шеттеп қалды. Бұл орталықтың басты мақсаты – адамдардың тек өмір сүріп қана қоймай, ұзақ, бақытты, белсенді ғұмыр кешуіне жағдай жасау, – дейді ол. Бұл пікірді Көлді ауылынан келген ақсақал Кенжегазы Соғымбаев та қолдайды. Еңкейген жас болса да, денсаулығы жақсы, жады да мықты. Ол есте сақтау қабілетін жаттықтыру үшін қазақ әдебиетінің классиктері Мұқағали Мақатаев, Абай Құнанбаев және басқа ақындардың өлеңдерін жаттап жүр.
– Ұзақ өмір сүру орталығы Қарасай ауданының барлық қарттарына арналған. Дегенмен Көлді мен Мерей ауылдарының тұрғындары үшін өте ыңғайлы, – деді ол. – Мемлекет бізге қамқорлық көрсетті, ғимарат бөлді, қажетті жиһаз, спорттық құрал-жабдықтар сатып алынды. Мұндай қамқорлықтың арқасында өмір сүру ұзақтығы артып, біз де жас ұрпақты тәрбиелеу сияқты көптеген мәселені шешуде белсенді көмекшіге айналамыз.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы