Қонаев қаласында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен «XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» тақырыбында форум өтті. Аудан әкімдері, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының мамандары, зиялы қауым, белсенді жастар ұйымдарының өкілдері басқосқан шарада кәсіби мамандар тарапынан қаржылық алаяқтық, пирамида, дроптар, криптовалюта мен цифрлық қауіптер туралы кеңнен айтылды.
Аталған форумда аймақ басшысы қоғамдағы күрделі мәселелерді талқылап, алдағы бірлескен маңызды міндеттерді айқындау мақсатында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында: «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның, әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», – деп нақты міндеттерді белгілеген болатын.Биыл 1 сәуірде Үкімет қаулысымен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдама» бекітіліп, нақты міндеттер белгіленді. Өңірімізде Мемлекет басшымыздың «Заң мен Тәртіп» қағидасын іске асыруда облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп, кешенді шараларды қолға алдық. Жаңа бастамаларға әрдайым қолдау көрсетіп келеміз. Заманауи мүмкіндіктерді өз пайдасына асырған алаяқтар жасаған қылмыстар азаматтардың лайықты өмір сүруіне теріс әсер етуде. Түрлі гаджет мен смартфондағы бағдарламалардың көмегімен жасалатын алаяқтық, кибершабуылдар схемасы сәт сайын өзгеріп, қадамдары жаңарып барады. Халықтың қаржылық қауіпсіздігі үшін қаржылық пирамидалар, құмар ойындарға тәуелділік, интернет-алаяқтық, дропперлік қылмыстардың алдын алуда уақытылы, тиісті шешімдер қабылдаудың маңыздылығы артты. Бүгінгі форумда ұсынылған тың идеялар мен жаңа бастамалар жүйелі іске ұласып, нақты нәтижелерге бастайды деп сенемін,– деді Марат Әлеусізұлы.
Форум аясында кәсіби сарапшылар халықтың қаржылық қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығын арттыру жолдары, цифрлық ортадағы алаяқтық қауіптері туралы мазмұнды баяндамалар жасалды. Кибералаяқтықтың заманауи түрлеріне ерекше назар аударылды. Облыстық полиция департаментінің киберқылмыспен күрес басқармасының өкілі дипфейк, фишинг сайттары және банк деректерін ұрлау схемалары түріндегі жаңа қауіптерге егжей-тегжейлі тоқталды. Қатысушыларға жеке қаражатты және интернеттегі деректерді қорғау бойынша қарапайым және қолжетімді ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, Қаржылық мониторинг агенттігінің арнайы бейнематериалдары көрсетілді.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өкілдерінің дерегеніше, жыл басынан бүкіл ел бойынша жалған инвестициялық жобалар туралы ақпарат таратқан 7 мыңнан астам интернет-сайт бұғатталған. Сонымен қоса, жалпы аудиториясы 276 мың адамды құраған Instagram және Telegram желілеріндегі 43 заңсыз чат жабылып, 86 мыңнан астам азаматты тартылған 36 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған. Ал 2021 жылдан бері 100-ден астам қаржы пирамидасының қызметіне тиым салынып, 227 ұйымдастырушы нақты мерзімге бас бостандығынан айырылған. – Бүгінде елімізде ең кең тараған интернеттегі алаяқтықтың бір түрі – инвестициялық алаяқтық саналады. Бұл қазіргі таңда қатты дамып жатқан нейро желінің көмегімен жүзеге асырылады. Әсіресе танымал азаматтардың жасанды бейнероликтері өте көп. Қазір жұрт көбіне осындай алаяқтарға ұрынып жатыр. Бұл елімізде ғана емес, бүкіл дүниежүзін алаңдатқан ғаламдық мәселеге айналды. Форумда жалған компаниялардың қызметі құрбанының шынайы тарихы көрсетілді, бұл қатысушыларға нақты тәуекелдер мен салдарын бағалауға мүмкіндік берді, – дейді шараның маңыздылығын түсіндірген Алматы облысы бойынша Қаржылық мониторингі агенттігінің басшысы – Данияр Ақжанов.
Ерзат АСЫЛ