Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмаларын талқылау жөніндегі IV шақырылған облыстық қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы Ұйғыр ауданына ат басын бұрды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залына аудан белсенділері, ақсақалдар, қоғамдық кеңес мүшелері, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері түгелдей жиналды. «Жаңа қоғам жағдайындағы жергілікті қоғамдық бақылау: өңірлік мәселелер және шешу жолдары» атты дөңгелек үстелдің тізгінін облыстық қоғамдық кеңес төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Қазыбек Дәуітәлиев алып, жиынның маңыздылығын атап өтті.
Алғашқы сөз кезегі облысық қоғамдық кеңестің аграрлық сектор жөніндегі комиссия төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Алматы облысының Құрметті азаматы Тынышбай Досымбековке берілді. Ол еліміздегі қой шаруашылығын дамытудағы кедергілер, оларды шешу жолдары, сапалы қой тұқымын көбейту мәселелері туралы ойымен бөлісті. Сонымен қатар суды үнемдеу, тамшылап суғару әдісін күнделікті тұрмыста пайдалану мәселесін де қаузады.
Жиында негізгі баяндаманы жасаған ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Қазыбек Дәуітәлиев мемлекет үшін әділетті қоғам құрудың маңызын талдап берді. Қоғамда әділдік болмаған жағдайда ол мемлекет ұзақ өмір сүре алмайтынын алға тартты. «Қоғам өз ішінен түзелуі керек. Егер қоғам өзгермесе, жөнге келмесе, жүздеген, мыңдаған заңның өзгергенінен пайда болмайды. Кез келген мәселе қоғамда талқыға түсуі тиіс. Бірақ оны біз саясиландырмауымыз керек. Бізге, ең алдымен, көмекке келетін – ауылдық оукругтердегі қауымдастықтар. Олар ел ішіндегі мәселелерді дер кезінде аудандық, шама келмесе облыстық деңгейге көтеруі керек. Бұл жерде мәселелер шешілмей, кеңге құлаш сермеп жатса, біз оны Ұлттық құрылтайға ұсынамыз», – деп мәселенің мәнісін кеңінен ашып түсіндірген Қазыбек Нұрсейітұлы қоғамдағы әр мәселеге ұсақ-түйек деп қарамауымыз қажет екенін, сол кішкентай дүние ертеңгі үлкен проблеманың бастауы болатынын нақты мысалдармен түсіндіріп берді.
Мінбеге көтерілген ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, «Таңбалы тас» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры Бибігүл Дәндіғараева Алматы облысы аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғалу жайына тоқталып, осы орайда атқарылуы тиіс жұмыстарды жіпке тізді.
Ұйғыр аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Құралбек Бекмұханбетов болса, қоғамдық бақылаудың өзекті мәселелерін қозғап, кеңестің жұмыс жоспарымен таныстырды. Медицина ғылымдарының кандидаты Зинаш Күштекова ауылдық жерлерде денсаулық сақтау жүйесін жетілдірудің және санитариялық-эпидемиялық қызметтің мәселелері туралы кеңінен толғады. Алматы облысы бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жанна Қырғызалықызы бүгінгі таңдағы ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер, осы саланы дамытуға арналған бағдарламалардағы олқылықтар жайына тоқталды. Кейде талдап, таразыламай бағдарламаларды қолданысқа енгізіп, артынан опық жеп қалатын кездеріміздің де болатынын, сондай кемшіліктер кесірінен талай шаруалар бармақ тістеп қалып жатқанын нақты мысалдармен жеткізді.
«Құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек», – деген еді ел Президенті Ұлттық құрылтайда. Ел тарихындағы құрылтайды қайта жаңғыртып, халықтың біртұтастығын сақтаудағы өзекті мәселелерді ортаға салып, алқалы жиында талқылау халықтың оң көзқарасына ие болды. Ондағы көтерілген әр мәселе маңызды екені анық. Құрылтай сол түйінді дүниені бірлесе шешіп, ұлт болу жолында ұйысуды ұсынады. Ұлттық құрылтайдың отырыстарында елдік мәселелер көтеріліп, жиналған жұрт та өз ойын ортаға салды, ел болашағына алаңдайтындарын жеткізді. Ендігі міндет – осы келелі жиында айтылғандардан тайынбай, көрсетілген межелерге абыроймен жетіп, ұлт ретінде ұлы істерді іске асыру.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы




