Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасы қай деңгейде орындалып жатыр? Қоғамдық бақылауды қалай күшейтуге болады? Осы мәселелер Алматы облыстық қоғамдық кеңесі IV шақырылымының көшпелі отырысында талқыланды. Жиынды кеңес төрағасы Қазыбек Дәутәлиев ашып, жүргізіп отырды.
Аталған отырыстың екі бөлімнен тұрғанын ерекше атап өтуге болады. Бірінші бөлім Қаскелең қаласындағы аудандық Мәдениет үйінде өтті. «Жаңа қоғам жағдайындағы жергілікті қоғамдық бақылау: аймақтық мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбындағы дөңгелек үстел басындағы әңгіме барысында қоғам үшін маңызды тақырыптар қамтылды.
Дөңгелек үстел жұмысын аша отырып, Қазыбек Нұрсейітұлы Ұлттық құрылтай мен оның отырыстарының маңыздылығын атап өтті. Мәселені шешу жергілікті жерден басталатынын, онда шешімін таппаса, аудандық, облыстық кеңестерде қаралып, кейін Ұлттық құрылтай деңгейіне шығарылатынын, бұл саналы қоғам мен Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы қадам екенін алға тартты.
Басқосуда сөз алған Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктерімен таныстырды. Ол өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Содан кейін кеңес модераторы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облыстық филиалының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор, Ұлттық құрылтай мүшесі Қазыбек Дәутәлиев «Жаңа қоғам құрудағы заң мен тәртіп: азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуы» тақырыбында баяндама жасады. Ол азаматтардың саналық деңгейі, мінез-құлық мәдениеті, құқығын білуі қоғам дамуына тікелей әсер ететінін жеткізді. Оның айтуынша, бәрі қарапайым нәрселерден – үй, аула, көше, қоғамдық орындардың тазалығы мен адамдарға деген құрметтен бастау алады. Статистика бойынша, ұсақ бұзақылық азайса, ауыр қылмыстар саны да кемиді. Олар бір-бірімен тығыз байланысты. Өмір сапасын жақсарту үшін азаматтар немқұрайлы болмауы, қоғамдық бақылауға, мемлекеттік басқаруға белсенді араласуы тиіс.
Келесі кезекте мінбеге көтерілген «Таңбалы тас» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің директоры, Ұлттық құрылтай мүшесі Бибігүл Дәндіғараева Алматы облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жайында сөз қозғады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті төрағасының бірінші орынбасары Айдос Мамыт жемқорлықпен күрес турасында баяндады. Ал медицина ғылымдарының кандидаты, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Зинаш Күштекова ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру мәселесін қозғады.
Қазыбек Нұрсейітұлы үш маңызды ұлттық жоба – «Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Қолжетімді интернет» жайына тоқталды. «Atlant Media» ЖШС директоры, Қарасай аудандық «Naqty» газетінің бас редакторы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, аудандық мәслихаттың депутаты Атлана Исаева «Жергілікті қоғамдық бақылау мен билік және БАҚ арасындағы өзара әрекеттестік» туралы баяндама жасады. Ол Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне ерекше мән бергенін жеткізді. БАҚ тек жаңалық таратып қана қоймай, «адалдық алаңы» болуы тиіс. Оның айтуынша, БАҚ-тың қоғамдық бақылау саласына араласуы өз нәтижесін беруде. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балалар мәселесі жарияланғаннан кейін «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданды.
Аудан көлемінде де БАҚ көмегімен әлеуметтік бейімдеу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерді қоғамға қайта тарту мәселелері шешілді. Осы жерде облыстағы алғашқы дағдарыс орталығы ашылып, әйелдерге материалдық көмек, оқу, жұмысқа орналасу, реабилитация ісінде қолдау көрсетілуде.
«Azamatsha KZ» қайырымдылық қорының жетекшісі, жеті баланың анасы Мәдина Сауытбекова «Гендер және әділет: әйелдерді қылмыстан қалай құтқаруға болады?» тақырыбында баяндама жасап, «ADAM» жобасын таныстырды. Бұл жоба аясында әйел сотталушыларға жан-жақты көмек беріледі. Жауғашты ауылындағы әйелдер колониясында 600 әйел жазасын өтеп жатыр. Олардың 210-ы – тұрмыстық зорлықтың құрбаны. Көп жыл бойы күйеулерінің қорлығына шыдап, ақыры өздерін қорғамақ болып, аса ауыр қылмыс жасаған. Нәтижесінде, аналары тірі болса да, олардың сәбилері балалар үйінде тәрбиеленуде. Бұл – еліміздегі үлкен мәселе. Жоба аясында әйелдерге психологиялық, заңгерлік көмек көрсетіліп, қаржылық сауаттылыққа үйрету және сұранысқа ие мамандықтарға оқыту қарастырылған.
Аудандық мәслихат депутаты Елена Константинова ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерді қолдау тетіктеріне тоқталды. Ол несие беру мен субсидиялау бағыттарын атап өтті. Несие – қайтарымды қаржылай көмек болса, субсидия – қайтарымсыз көмек. Осы орайда «Агробизнес» және «Кең дала» бағдарламаларын таныстырды.
Қарасай ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы Жанат Исағұлов қоғамдық бақылаудың өзекті мәселелерін көтеріп, кеңестің жұмыс жоспарын ортаға салды.
Алматы облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Арман Шәріпов «Адвокаттық қызмет және заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі құқықтық көмектің қолжетімділігі» тақырыбында баяндама жасады.
Ол ең маңызды әрі бірінші құқық – өмір сүру құқығы екенін, ол бала ана құрсағында жатқанда пайда болатынын, сондықтан тұрмыстық зорлыққа ұшыраған әйелдердің үндемеуі, ұялуы немесе айналасының пікірінен қорқуы дұрыс еместігін айтты. Олар міндетті түрде құқық қорғау органдарына жүгініп, әділеттілік іздеуі қажет. Ал өтініш жазған жағдайда, істі соңына дейін жеткізу маңызды. Әйтпесе, олар отбасындағы тиранның қолынан қаза табуы мүмкін.
Дөңгелек үстелдің қорытындысында Қазыбек Нұрсейітұлы Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің «MedBaqylau» жобасы мен оны жүзеге асыру жайында әңгімеледі.
Екінші бөлім Елтай ауылдық округінің Береке ауылындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда жергілікті тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, ауылдық жерлерде қоғамдық бақылау жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстар тыңдалды.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы