Әні-міне дегенше, жадыраған жаз да келіп жетті. Ерте көктемде қолына кетпен-күрегін алған диқаншылар күріш егу жұмысын аяқтап, дән сіңірілген алқаптарды сумен бастыруда. Бұл іс аудан әкімінің тікелей бақылауында тұрғандықтан, осы салаға жауапты мамандар алқаптағы тынымсыз тіршілік басынан табылуда.
Ауыл шаруашылығы мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, биыл аудан көлеміндегі 28 824 гектар суармалы жерге егін егу жоспарланған. Егіс алқабының 6000 гектарына күріш, 5060 гектарына бидай, 1018 гектар жерге арпа, дәнді дақылдар егілсе, 119 гектарға картоп, 230 гектарға көкөніс және 262 гектар жерге бау-бақша, ал қалған егістік алқапқа қысқы мал азығы ретінде көпжылдық және біржылдық жоңышқа егу көзделген. Қазіргі таңда күріш егу жұмысының 5500 гектарына дән себіліп, оның 5400 гектары сумен бастырылыпты.
Дала төсін дүбірге бөлеп жатқан шаруашылықтардың бірі – «Агрофирма «Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталмыш шаруашылықтың егіс алқабына арнайы барып, ол жердегі жұмыс барысын бағамдадық.
Еңбектің қарақазанын қайнатып жатқан диқаншылардың атқарып жатқан жұмысы шаш-етектен. Тұқым сепкішке күріш дәнін салушы жұмысшы топ мүшелері Дархан Несіпбеков, Нұрбол Райымқұлов және Асқар Әбденбаев сынды жігіттердің өз істеріне берік екендіктері аңғарылып-ақ тұр. Ал механизаторлар Руслан Өтегенов пен Ермек Кенжетай, бөлімше басшысы Мұхит Раушанов, есепші Бауыржан Несіпбеков жұмыс жоспарын шаруашылық басшысына түсіндіріп жатты.
Ерте тұрып, кеш жатып, күні бойы дала жұмысымен айналысып жатқан диқаншылар қауымының бар арманы – ауа райының қолайлы болғаны. Олардың айтуынша, жаз айларындағы аптап ыстық күріш дақылының өсіп-жетілуіне әсер етсе, жаңбырлы күндер арпа-бидайдың мол өнім беруіне септігін тигізеді екен. Тек толассыз жауын-шашын егін егу және ору жұмысы кезінде кедергі келтірмесе болғаны.
Әңгіме барысында «Агрофирма «Бірлік» ЖШС директоры Алмас Қыстаубаев көктемгі дала жұмысына он екі «МТЗ 1221», жиырма бес «МТЗ-80» және екі «YTO-Х1304» тракторы мен сегіз тұқым сепкіш, төрт автогрейдер, жиырма соқа техникасы жұмылдырылғанын, сонымен қатар өзінің шаруашылығына қарасты егістік алқаптың 1300 гектар суармалы жерге күріш, 1300 гектарына бидай және 2900 гектар жерге көпжылдық шөп егілгенін, сондай-ақ күріш дәні сіңірілген егіс алқаптың 1100 гектарын сумен бастырып үлгергенін атап өтті.
Әңгіме барысында Алмас Әбдіжаппарұлы қысқы мал азығын дайындау жұмысы да жоспарланып қойғанын айтып, алдағы күндері басталатын шөп ору науқанына екі «Германка», екі «МасDоn», сегіз шөп жентектегіш дайындап, 15 шаруашылықпен келісімшарт жасасып қойғанын айтты.
Иә, егін егу – жауапты кезең. Аграрлы ауданымыздың тасын өрге дөңгелетіп жүрген диқаншылар қауымына бұл кезеңде үлкен міндет артылады. Басты мақсат – егін егу жұмысын дер кезінде аяқтап, мол өнімнің негізін қалау. Бұл берекесі мол игілікті іс барысында егін егумен айналысатын әрбір шаруашылыққа жауапкершілік жүктеледі.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы