Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев кәсіби сумо шебері Ерсін Балтағұлмен кездесті. Аймақтың тумасы – жапондық сумо-макуучидің жоғарғы дивизионына жеткен алғашқы қазақстандық балуан. Ол кәсіби сумо мансабын 2021 жылдың қараша айында, 24 жасында бастаған.
Кездесу барысында спорттағы жетістіктер мен Ерсінді үлкен додаға жетелеген жеңісті жол жайында сөз болды. 18 жасқа дейін ол дзюдо және қазақ күресімен айналысты, содан кейін аты аңызға айналған Асасерю екодзунаның шақыруымен Жапонияға қоныс аударды. Кейін Нихон университетіне түсіп, университеттің сумо клубына қосылады. Университетті бітірген соң, ол кәсіби сумомен айналысады. Әуесқой балуандарға берілетін жеңілдіктердің арқасында, төменгі екі дивизионнан аттап өтіп, бірден санданмэ дәрежесінен бастауға мүмкіндік алады. Бұл жеңілдік – Жапониядағы жастар арасындағы чемпионаттар сияқты ірі турнирлерде үздік сегіздікке енген әуесқой балуандарға беріледі. Ол Кисэ хейсіне қосылып, «Кинбодзан» деген жекпе-жек атын иеленеді. Бұл есім оның тәлімгерінің туған жері – Кумамото префектурасындағы биік таудың құрметіне қойылған.
Кинбодзан 2023 жылдың наурыз айында Макуути – сумоның ең жоғарғы дивизионына шықты. Өзінің дебюттік турнирінде ол 11 жеңіске жетіп, турнир соңында табысталатын арнайы марапаттардың бірі — «Канто-сё», демек, «Жауынгерлік рух үшін» жүлдесінің иегері атанды.
Әкіммен әңгіме барысында Ерсін спорт жолындағы қиын сәттерін ашық айтты.
– 2024 жыл оңай болған жоқ. Күзде мен қатарынан екі турнирде жеңіліп, элитадан шығарылдым. Бірақ мойымадым. Бар күш-жігерімді жинап, қараша айындағы турнирде жеңіске жеттім. Мен үшін бұл жай ғана спорттық жетістік емес, әрі қарай алға жылжи алатындығымның дәлелі, – деді спортшы.
Айта кетерлік жайт, кәсіби сумодағы шетелдік балуандардың саны қатаң шектеулі. Ерсін грузин балуаны өз орнын босатқаннан кейін лигаға кіру мүмкіндігіне ие болды. Осылайша ол ең мықтылардың қатарында болды және өз мүмкіндігін ұтымды пайдаланды.
Өткен жылдың желтоқсанында Ерсін дзюре дивизионының турнирінде жеңіске жетіп, макуутиге сенімді түрде оралды. Бұл оның кәсіби мансабындағы үшінші атағы және элитаға оралудың маңызды кезеңі болды.
– Қазақтар мен жапондықтар ұқсас дейді, бұл шынымен де солай. Олардың тілі жеңіл, әрі қазақшаға ұқсас. Тамақ талғамында да үйлесімділік бар, олар ащы жемейді. Мен үшін ең үлкен мәселе тіл үйрену болды. Тілді толық білмеген соң оқу қиынға соқты. Бірақ ең бастысы – елімізге Император кубогын әкелу болды, – деді спортшы.
Марат Сұлтанғазиев спортшыға Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтуға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, жаңа жеңістер тіледі. Барлық істе еңбек пен табандылық нәтиже беретінін жеткізді. Ол мұндай мысалдар аймақ жастарын шабыттандыратынын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар Ерсіннің үлгілі жолын инасихаттау мақсатында облыс жастарымен ашық кездесулер өткізу мүмкіндігін талқылады.
Алма ЕСЕНБАЙ