-13 °c
Qonaev
Wednesday, July 2, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    ӨНЕР АРҚЫЛЫ ӨЗ ЕЛІҢНІҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙСЫҢ

    14.06.2025
    in Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Сұхбат
    ӨНЕР АРҚЫЛЫ ӨЗ ЕЛІҢНІҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙСЫҢ
    0
    SHARES
    138
    VIEWS

    Ою ойғанның ойы ұшқыр

    Өнерде шарттылық жоқ. Жалпы, өнер атаулыға жұмбақ әлем, тылсым күш, құпия, аңыз-әңгіме сынды ұғымдар ортақ. Суретшінің міндеті біреу ғана – сезімнің тіл жетпейтін құпиясын, әлемнің ішіне жасырған жұмбағын бояу арқылы жеткізу. Туған жерге сүйіспеншілігі, отанына адалдығы, дәстүрге беріктігі ол жазған шығармадан сезіліп тұрса, өзгеше пафоспен, шынайы романтикамен бейнеленсе, жүрегінің лүпілін жеткізе алса, қылқалам шебері үшін одан асқан қымбат не бар? Еліміздегі танымал суретшілердің бірі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жанұзақ Мүсәпірмен  болған сұхбатымыз бізді осындай ойға жетеледі. Жерлесіміз жиі бейнелейтін суреттердің кейіпкері, әсіресе, әл-Фараби тұлғасы туралы сыр шертіп, өнер, мәдениет, әдебиеттің «жұмсақ күш» ретіндегі миссиясы, оның қоғамға әсері жайында әңгіме қозғап, бейнелеу  өнеріне  келу жолы, оның ұңғыл-шұңғылы туралы орамды ойларын ортаға салды.

    – Армысыз, Жанұзақ аға!  Шеберханаңызға қадам басқаным сол еді, бірден  портрет, пейзаж, графика  сынды түрлі жанрдағы картиналарға тап болдым. Жалпы қай уақытта қылқалам ұстайсыз, күй талғайсыз ба?

    – Менің шеберханам – шабытымның тұрағы. Сыртқы ортаға абстрактілі көзбен қарап, реализмді көкейіме тоқимын. Кенептегі бос орындарды менің көзім қабылдаған мәліметтер толықтырады. Ойымдағы қайшылықтар бояудың сан қырын ашады. Бір ғана бояуды бірнеше типте түрлендіруге болады. Осындай қызықты жұмыс барысы менің әлемімді сан түске бояйды. Шығарма жазу жеке ой толғамыңнан өтіп, пісіп-жетіліп, соңында көрерменге жетеді. Көрермен қалай қабылдайды, ол – екінші мәселе. Шығарманың ғұмырлы болуы тағы ойландырады. Сондықтан ешкім саған міндетті емес. Сен не істесең де, өзің үшін істедің. Соған жауаптысың. Себебі өнер адамы үнемі ой үстінде жүреді. Бүгінде кешегідей көзбен көргенді емес, көңілмен сезгенді де салатын кезім өте көп. Иә, көрермен оны сезе бермеуі  мүмкін. Ол өнердің сиқыры десем болар. Қазақтың өмірінің бәрінде өнер бар.

     – Өзіңіз айтқандай қазақ өмірін  шығармашылығыңыздың қайнар көзі санайсыз ба?

    –  Кәсіби өнер дегенде біз бірінші қазақтың күнделікті тіршілікте қолданған, сонау ертеден бері қалыптасып өмірге сіңген өнерден бастағанымыз абзал. Олай дейтінім, біз өнер дегенде кеңестік кезеңнің кескіндемесін еске аламыз. Ол кешегі өткен саясатқа байланысты құрылған қарапайым халықты ұйытып, өнер арқылы өзгеріске енгізудің түрі ғана болды. Ал таза өнер бізде ертеден бар. Тас ғасырынан бері қалған петрографтар, даламыздағы қорғандар және балбал тастарымыз сол өнердің қазақ жерінде болғанының дәлелі емес пе?! Ендеше ата-бабамыздан қалған өнер әрбір қазақтың бойында бар, мен оған сенемін. Қазақ ертегісін ауыз әдебиетінен тыңдап өстік. Тіпті, әжелеріміздің айтатын ертегілерінде Жезтырнақ, Таусоғар, Желаяқтардың артында аңыздың шындыққа ұласатын тұстарын қайда қоямыз? Тас дәуіріндегі тасқа қашалған таңбалы тас қазақ даласының кез келген жерінен табылады. Біздің бағымызға орай, жерімізде қаншама топалаң ойран болғанымен, басқыншылар тасты өртеп алып кете алмады. Тас құмға оранып, өз тарихын бойында ұстап, бүгінге дейін бізге ақпаратын айтып жатыр. Соның арқасында талай дүниемізді түгендеуге мүмкіндік туды. Ал сол ертегідегі Жезтырнақ  неге алтын, күміс, қола, алюминий тырнақ емес. Себебі тас дәуірінен кейінгі жездің кезеңінде бізде сауыт-сайман, ыдыс-аяқтарымыз, яғни жезден жасалған дегенді дәлелдейді. Одан бергі биік пирамидадан да бұрын тұрғызылған дөңгелек сыртынан алты атпен қатар жүретін айналма жолдарымен қоршалған қорғандарымыз арқылы ертедегі ата-бабаларымыздың жылқы ұстап, өркениеттің алдыңғы қатарынан болғанын аңғару қиын емес.

    Сурет өнеріне жастайымнан ата-анам баулыды. Алты-жеті жасымнан ою ойдым, таспа тілдім, тері өңдедім, ағаш үйдің сүйегін сүргілеп, көктедім, талды тезге салып, қоздың жылуын сезген маған қандай училище, қандай университет керек? Сенсең, сол тері мен ағаштың иісі қазір мұрнымда тұр. Қандай рақат кездер десеңізші, шіркін! Көрдің бе, кім баулығанын?! Мұның бәрі – отбасымның, айналайын ата-анамның ұлттық тәлім-тәрбиесінің жемісі. «Ою ойғанның ойы ұшқыр» дейтін әкем. Сондықтан ою мен түс және пропорциялық кескінді ажыратудан алдыма жан салмайтынымды жақсы білемін. Туғаннан малдың арасында өстім. Шынымды айтсам, бала болып құмарым қанып, ойнап көрген емеспін. Мал бағып жүріп, мың қойды түстеп танитынмын. 4 жасымнан соларды санап, түр-түсін, жасын ажыраттым. Далада өз бетімше кітап оқып үйреніп, 1-сыныпқа келгенде «Жұлдызды» жатқа оқитын болдым. Кең далада өскендіктен далада дауысымды шығарып, ән айтып, бір кісідей шырқап қоя беретін едім.

    Сурет – заманның сырын шертетін құрал

    – Ән өнерінде жаныңыздың  жақын екенін айтып отырсыз. Сол бір шығандаған әуендер сырын қылқаламыңыздан шыққан талай туындыға арқау еткен боларсыз.

    – Бала жастан әнге  әуес болып өстім. Кейін  телеарналарда қызмет еткен жылдары тележурналист ретінде  «Інжу-Маржан» бағдарламасын дайындап, дәстүрлі  музкалық өнерімізге  арналған  көптеген хабар  жасадым. Сол бағдарлама аясында Махамбеттің туған жері –  Бекетай құмы мен жалпақ Нарын өңірін араладым. «Күй атасы» атанған ұлы композитор Құрманғазы Сағырбайұлының даңқты күйлері өмірге келген дала төсін шарладым. Арқадағы сал-серілер ән шырқаған аумақтарға да  атбасын тіредім. Осы сапарлар аясында тың деректерге тап болып, ұлттық музыкамыз жайлы танымым тіптен тереңдей түсті. Бұл қадам менің  атақты әнші  Балуан Шолақ пен әйгілі қобызшы, композитор Ықылас Дүкенұлының бейнесін  салуыма жол ашты. Әрине, тарихи  тұлғалардың  портреттерін салу оңай емес.

    Балуан тұлғасын майлы бояумен қайта салып шығуды азаматтық парыз санап, ізденуге кірістім. Талай кітаптарды ақтарып, балуанның түр-тұлғасын, кескін-келбетін, дене бітімін, бет-пішінін, мінез-құлқын, әдет-әдебін, киім киісін, отырыс-тұрысы, жүрісі, қозғалысы туралы бұрынғы және кейінгі ақпараттарды жинадым. Сонымен қоса, туған-туысқандарын, үрім-бұтақтар-ын араладым. Ақыры Ақмола облысы Бұланды ауданындағы Тастыөзекте туған Балуан Шолақтың  тікелей ұрпағы  Шайдолла  Шолақовты кездестірдім. Шайдолла атасы Балуанға ұқсап туған екен. Шайдолланың көзге бірден көрінетін шашы, қасы, кірпігі, жанары, қарашығы, мұрны, ерні, беті, иегі, құлағы, мойны, иығы, бәрі-бәрі – Балуан Шолақтың болмысына өте ұқсас деген ағайындарымен бір шешімге келгеннен кейін, Шайдолла тұрпатын негізге алып Балуан Шолақ бейнесін салуға кірістім. Кейін портретті көрген балуанның ұрпақтары дән риза болды. Сол кезден бастап барлық жерде  мен  салған Балуан тұлғасы пайдаланылып келеді.

    Әйгілі қобызшы, композитор Ықылас Дүкенұлы – арғы замандардан келе жатқан қобыз күйлерін жеткізуші, өз заманына лайық дамытушы, қобызда күй тарту мен күй шығару өнерін биікке көтерген қайталанбас өнер иесі. Осы тарихи тұлғаның тұрпатын да халық әртүрлі кейіпте көріп, қайсысының дәл Ықылас екенін айыра алмай келе жатқан еді.   Сондықтан дауылпаз дарын иесінің портретін салуға бекідім.  Ол үшін талай зерттеуші, жазушы-журналист, ғалымдардың  жазған еңбектеріне жүгіндім. Солардың бірі академик Ахмет Жұбанов Ықылас туралы: «Ықылас мінезінде бір нәрсеге ренжу, қапаланып, қайғылану деген тіпті болмайтын. Басына қара түнек төнген күннің өзінде ол ақыл-есінен айырылмай, өмірдің өткінші қиыншылығымен күресе білетін» депті. Ендеше, Ықылас әлемге ақылды көзбен назар салып, болған істің қай-қайсының да үстінен қарайтын қайсар адам ретінде бейнеленуі керек болды. Кескін-келбетін бірден табуға көмектесер фотосы болмағандықтан, ұрпақтарынан, нағашы жұртынан Ықыласқа қатысты фотоларды, салынған басқа да суреттерді жинадым. Түр-тұрпат, кескін-келбетін салыстырып, Ахмет Жұбанов айтқан мінезді іздедім. Ақыры Ықыластың баласы Дүйсебайдың ұлы Ермекбайдан туған Шуақбайдың перзенті Еділді таптым. Бұрын басқа бір суретшіге Шуақбай салдырған Ықыластың бейнесі көңілдерінен шықпапты. Әсілі, елдің айтуынша, Шуақбай тек кескінімен ғана емес, мінезімен де атасына өте ұқсайды екен. Фотосында ол қасы қалың, қой көзі үлкендеу, жанарынан от ұшқындаған, ат жақтылау, жайдары адам. Мұның ұлы Еділ әкесінен аумай қалған. Міне, солай Ықылас бейнесін Шуақбайдың фотосына да, өзіне де, әсіресе, оның ұлы Еділдің келбетіне қарап салдым. Осылай  адамның әлпетіндегі тіршілік белгілерін суретте де айқын көрсетуге тырыстым. Арнайы ат арытып, Тараздағы мұражайға барып, аттай қалап, уақытша сұрап алған Ықыластың өз қобызының сыртқы кескіні де, мінезі де ұқсайтын Еділдің қолына ұстатып қойып салдым. Кейін көргендер бұл жұмысты жылы қабылдады. Мен портреттерді  жиі  саламын.  Осыған дейін Бейбарыс сұлтан, Жолбарыс би, күйшілер – Ықылас Дүкенұлы мен Дина Нұрпейісова, Балуан Шолақ, батырлар – Махамбет Өтемісұлы мен Кейкі батыр, жырау Сүйінбай Аронұлы, ақындар Абай Құнанбаев пен Жамбыл Жабаев, саясаткер Дінмұхамед Қонаев, жазушы Әбіш Кекілбаев, ақын Мұқағали Мақатаев, жазушы Кемел Тоқаевтардың портреттерін салдым. Қарасай ауданындағы  «Анаға құрмет» музейінде ондаған ел Аналарының бейнесінен галерея жасадым. Сонымен қоса тарихымыз туралы сан алуан туындылар салып келемін.

    – Қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрлері мен ән-жыры, әдебиеті, мәдениеті картиналарыңыздың  негізгі бағыты екені аңғарылады.  Солардың арасында «Әлемнің екінші ұстазы» Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1 150 жыл толуына арналған «Балалықтан даналыққа жол» атты топтамаңыз – шоқтығы биік туынды. Енді сол туындының   өзіндік ерекшелігіне  тоқталып өтсеңіз?

    – Бұл  картинаның өмірге  келуіне  еліміздің Мысыр Араб Республикасындағы  бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Қайырбекұлы түрткі болды.  Ол кісі Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың  1 150 жылдығынан бұрын әлемдік  тұлға жайлы туынды керек екенін айтқан еді. «Балалықтан даналыққа жол» атты картинамда әл-Фарабиді терең зерттеп, бүгінгі ұрпаққа таныстыру жолында көп  іздендім. Тарихи тақырыптардағы сюжет бейнелеу өнерінің ең асыл түрі болып табылса және бейнеленген барлық кейіпкердің өзара әрекетін, эмоциясын  айқындауға зер салдым. Картинаны салу  барысында шығармама көркем бейнелер мен сызба таңбалар жүйесіне сүйене отырып, кәсіби тұрғыдағы барлық талапты сақтап және ерекше жанрда  нақты тақырыпты қамтып, бейнелеу өнерінің түрлі стиліне басымдық бердім. Әл-Фарабидің әр елде түрлі тілде сөйлейтін халықтардың арасында жүріп дипломатиялық қарым-қатынас жасағаны  картинада көрініс тапқанын аңғарасыз. Әлем халықтарының  70 тілін білген тұлғаға кіші көлемде шығарма жазу мүмкін емес. Сол үшін бес бөлімге бөлдім. Бірінші картинада балалық шағын, екінші картинада Түркі жұртының көріністерін бейнеледім. Ал қалған бөлімдерде ғұламаның білім алған ордалары мен ізденіс жолдарын  және ұстаздың оралуын кескіндедім. Полиптихтың биіктігі – 1,8 метр, ұзындығы – 11,5 метр. Кенепке майлы бояумен әртүрлі техниканы қолдану  арқылы  жаздым. Картина жазылуы мен көлемі жағынан да суретшілердің қалыпты стандарттарын өзгертіп, жаңа қолтаңбамен өзгеріс енгізілгенін байқайсыз. Бірінші және соңғы бесінші полотноларының көлемі бірдей. Картиналардың тұрқы тігінен қарауға ыңғайлы, жинақы көрінетінін байқайсыз. Ортасындағы екінші, үшінші және төртінші топтамаларды үлкен көлемде, қалыпты үлгіні сақтай отырып орындадым. Топтаманы қатар көргенде көз алдыңызға бейне бір фильмнің қойылымын қызықтағандай боласыз. Басы-аяғы, алды-арты  тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініндей спектакль секілді әсер береді. 2021 жылы  Мысырда өткен  Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған халықаралық конференция аталған туындымның тұсауы кесілді. Сол көрмеде алыс жақын елдердің тісқаққан ғалымдары Әл-Фарабидің түп негізі Отырар екеніне көз жеткізгендей болды.  Осы туындыны негіз етіп  Алматы, Талдықорған, Астана,Түркияның Анкара, Сирияның Дамаск қаласында көрме өткіздім. Ал өткен жылы  «Балалықтан даналыққа жол» атты картина топтамам Мелмекеттік сыйлыққа ие болды. Әр суретші  заман тарихын кенепке түсіреді. Сурет – заманның сырын шертуші құрал деп қарастырамын. Сіз суретті жүрек көзіңізбен көріп салсаңыз, екінші бір жүрек оны қабылдайды.

    Бейнелеу өнеріне бейжай қарауға болмайды

    – Елімізде бейнелеу өнеріне қаншалықы көңіл бөлініп жүр ?

    – Тарихта ең алғаш ұшақ құрастыруға ұмтылған – Леонардо Да Винчи. Ол жарғанат қанатының құрылысын зерттеп, сызбаға түсірген алғашқы адам. Бұл фактінің өзін ғалымдар бертін келе ашты. Өйткені суретші өз жаңалығын әлемге айқайлап жаймады. Дегенмен, қазіргі әлем сипатына қарасаң, барлығы дерлік сол бейнелеу өнерінің жемісі. Мейлі ол қаламсап не зәулім ғимарат болсын. Өйткені бейнелеу өнеріне сызба, дизайн, архитектура да кіреді. Қоғамның қай саласына басыңды сұқсаң да айналып алдыңа келеді. Бір өкініштісі, біз бүгінде бейнелеу өнеріне тым бейжай қарай бастадық. Қазір мектептерде бейнелеу өнері негізгі пән ретінде оқытылмайды. Шындығында бейнелеу өнері балалардың ойлау кеңістігін кеңейтіп, қиялына қанат  бітіреді. Сондықтан оған әсте сәл қарауға болмайды. Мені тағы бір қынжылтатыны, бейнелеу өнері өкілдерінің еңбектері лайықты бағаланбай жатады. Айталық,  біздегі  министрліктер мен  облыс не қала әкімдерінің кеңесшілері қатарында бірде-бір суретші, мүсінші не сәулетші жоқ. Егер бар болғанда, олар қала құрылысына керемет өзгерістер әкелетін жаңа бастамаларға мұрындық болар еді.

    Тарих – әрқашан шектеусіз уақыт. Суретшілер қауымы сол тарихты жандандырып, әр кезеңде, әр түрлі бағытта тарихи ескерткіштер тұрғызды, кенепте олардың таңғажайып, ерекше силуэттерін, портреттерін түсірді. Бүгінгі күні Қазақстан бейнелеу өнерінің өзекті мәселелесі – Ұлттық құндылықты жоймай, келер ұрпаққа табыстау екендігін  мен үнемі суретші ретінде де, журналист ретінде де айтумен келемін.

    – Журналистикадағы жолыңыз туралы да айта кетсеңіз…

     – Мен алдымен журналистикаға емес, телевизияға келдім. Оның үстіне бұл саладағы қадамымды журналист емес, телережиссер болып бастадым. Алдымен оның техникалық мүмкіндіктерін меңгердім. Әуелі телемонтаждың қыр-сырына қанықтық. Телеоператорлардың қалай жұмыс істейтініне нақты көз жеткіздік. Ал телережиссура өз алдына бір әлем. Оның шығармашылық иіріміне бір кірген адам оңайлықпен шыға алмайды. Осының бәрін біршама тәуір игеріп алған соң менің орным осы жер секілді болып көрінді. Журналистикаға менің ыңғайым келетінін байқадым. Мамандығым бойынша мен кәсіби суретшімін. Яғни, шығармашылық адамымын. Журналистік материалдың сұлбасын алдын ала көз алдыма елестете аламын. Сұхбат алып отырғанда оның көрерменге эстетикалық әсер ету мүмкіндіктерін ойластырып қоямын. Бұл тұрғыдан алғанда менің негізгі мамандығым қазіргі жұмысыма тек қана пайдасын тигізеді.  «Алматы» және «Рахат» телеарналар-ында 14 жыл жұмыс істедім. Кейін «Хабар» мен «Qazaqstan» ұлттық арнасында түрлі  деңгейде  басшылық қызметтер  атқардым. Жасымнан асаба болып, дүйім халықты сөзбен үйірген мен бұл мамандық өзімдікі, яғни, менің еншімдегі нәрсе деп қарадым. Сондықтан журналистикаға кездейсоқ келдім деп те айта алмаймын. Мен бұл салаға өмірдің өз ыңғайымен келдім. Және тұрақтап қалдым. Өмір-тіршілігімді байланыстырдым. Сурет пен журналистика менің қос қанатым іспетті.  Әрине, кейбір адамдардың қалыптасуыңа ықпалы болуы мүмкін. Бірақ өзіңде жоқ нәрсені саған ешкім үйретпейді. Тырбанасың, тіршілік етесің, тіктеліп шығасың. Арнайы оқу оқып, немесе белгілі бір теориялар мен теоремаларды жаттап алып шыққанның бәрі журналист бола алады дегенге өз басым сенбеймін. Бүгінде  жанын беретін «жүрегі журналист» мамандар керек. Бізде ауқаттануға құмарлық басым. Асатпай жатып құлдық дегенді болдырмаған жөн. Ең алдымен, «Не бердім, не істедім?» дегеннен гөрі жылт етпе көрініске бейімделетіндер көп. Көрген-білгеніңді жаз да қалдыр, сақтап қой. Осы қасиет бізде жетпейді. Жалқаумыз. Есіктен кіріп, төр менікі дегенге орынымызды бере берсек, әрине босағадан да айырылып қалуымыз мүмкін. Сол үшін ұйқыдан оянуымыз керек.

     – Адам шығармашылығының дамуына туған жерінің әсері бар ма? Туып-өскен өңіріңіз сізге қалай ықпал етті?

    – Әрине, әсер етеді. Мысалы, Нарынқол жаққа барып, таңертең есіктің алдында тұрған ғажайып картинаны көргенде қолмен ұстап көргің келіп кетеді ғой. Сол секілді табиғаттың орны бөлек. Менің туған жерім Бақанас өңірі, Іле бойы сұлу да сырлы табиғатымен ерекшеленеді. Ол жерде болған адам кете алмайтындай тартымдылық бар. Қатал да қатқыл табиғатының адамға берері көп. Суретшінің ұстазы – табиғат. Мені дала суретші етіп шығарды. Шынымен де Алматы облысының табиғаты тылсым сырға толы ғой.

    – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті бір сапарында Алматы облысы қазақ өнеріне өшпестей із қалдырған талай таланттардың мекені екенін айтып, олардың  асыл мұрасын ардақтауды тілге тиек еткен еді. Қайтадан оңаша отау тіккен облыстың  руханият саласы өз деңгейінде өркендеп келе  ме?

    – Алматы облысы – еліміздегі мәдени, әдеби өмірі сапырылысып қайнап жататын қасиетті өңір. Бұл аймақта талай өнер тарландарының өшпестей ізі жатыр. Өткені өнер алауын жандырған өңірдің бүгіні де жарқын болу керек деп ойлаймын. Мені  облыстың топырағына кіндік қаны тамаған  марқасқалардың ғасырлық тойларының жоғары деңгейде  аталып өтіп жатқаны қуантады. Айталық,  өткен жылы  қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы  ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енсе, биыл  халқымыздың  ұлы композиторы  Нұрғиса Тілендиевтің ғасырлық тойы халықаралық  деңгейде  тойланып жатыр.  Десе де, өңірде музей ісі аздап ақсап жатқан сыңайлы. Егер сіз Ресейге барып, Мәскеуден түссеңіз «Третьяков» галереясын іздейсіз, Санкт-Петербургте «Эрмитажға» соқпай өтпейсіз. Париждағы «Луврға» да кірмей кете алмайсыз. Әлемдегі туристердің бәрі жан азығын өнерден іздейді. Біздің де еліміз соған бет бұруда. Дегенмен бізде мұражай ісіне мұрындық болатын жобалар  тым аз. Алматы облысында да бұл сала тұралап тұрған сыңайлы. Сондықтан  өнер көшін өрге бастау мен туризмді түлету үшін музей ісін мықтап қолға алу керек. Қазір әлемде «жұмсақ күш» деген ұғым пайда болды. Бұл өнер  арқылы өз еліңнің мүддесін қорғау, насихаттау деген сөз. Бір мемлекеттің басқа елдерді өз мақсатына еліктіру немесе иландыру арқылы өзінің қалаған нәрсесіне қол жеткізу мүмкіндігі. Күштердің түрі көп, сіз сұрап отырған жұмсақ күш іс-әрекет пен ақыл-ойдың үйлесімділігінен техникалық революция ғана емес, этика-эстетикалық тәлім, мәдениетте резонанс туғызып үлгерді. Ата-баба дәстүрін кейінгіге эволюциялық жолмен қалдыру – мемлекет имиджінің қалыптасып, ғаламдық дамуына жол бастайды. Демек, көне тарихты танытып, өнерді өрге шығару арқылы «ұлттық кодты» регрессіз сақтауға болатын ұғым. Өнер арқылы өз елінің мүддесін қорғап, әлемдік деңгейде танымалдығын насихаттауға мүмкіндігіміз бар. Танымалдылық дегеніңіз – өнерімізбен әлемді мойындату. Қандай өнермен дейсіз ғой, менің өнерім – бейнелеу өнері. Бала күнімдегі арманыма қол жеткізу үшін бар ақыл-парасатымды сурет өнеріне арнап келемін. Оның үстіне, көп жыл ақпарат саласында қызмет істеп жүріп, елімізде, тіпті әлемде болып жатқан жаңалықтарды қалт жіберген емеспін. Қазірдің өзінде қоғамдағы атқарылып жатқан игі істердің қалай басталып, қандай деңгейде жүргізіліп жатқанын қадағалап отырамын. Бұл менің суретшілігіме  аса қажат дүние.

    – Әңгімеңізге рақмет! Сізге зор шығармашылық  табыс тілеймін!

    Сұхбаттасқан  – Ерзат АСЫЛ

    Ұсынымдар

    Қоғамдық бақылау күшейеді

    Қоғамдық бақылау күшейеді

    1 year ago
    Ұйғыр ауданында алғашқы Apricot Fest фестивалі өтті

    Ұйғыр ауданында алғашқы Apricot Fest фестивалі өтті

    3 weeks ago
    Мұқағали және “Хантәңірі” газеті

    Мұқағали және “Хантәңірі” газеті

    1 year ago
    ІІМ: Алматы облысы жол апаты ең көп адам құрбан болатын өңірлер қатарында

    ІІМ: Алматы облысында жол апаты жиі болады

    2 years ago
    Тарифтер мен инвестициялар: Алматы облысындағы тиімді өзгерістер

    Тарифтер мен инвестициялар: Алматы облысындағы тиімді өзгерістер

    9 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.