Қарасай ауданы Көкөзек ауылында тұратын 12 жастағы Айзере ауыр дертпен күресіп жүр. Алайда барлық қиындықтарға қарамастан Айзере өмірді сүйеді, ал оның салған суреті Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қарасай аудандық көпбейінді орталық ауруханасы ұйымдастырған байқауда Гран-при иегері атанды.
Байқау «Мен бақытты баламын», «Мен өмірді сүйемін» және «Менің бақытты отбасым» деп аталатын үш номинация бойынша өтті. Оған ауданның түрлі ауылдарынан келген ерекше күтімді қажет ететін 100 бала қатысқан. Айзеренің жұмысы «Мен өмірді сүйемін» номинациясы бойынша үздік деп танылды.
Суретте теңізден секіріп шыққан дельфин, жарқыраған күн, түрлі-түсті бұлттар мен алыстан бой көтерген пальмалар бейнеленген. Жұмыстың ерекшелігі – бұл көркем, көз тартарлық туындыларды Айзере саусағымен салып шыққан.
Байқау жеңімпазына бағалы сыйлықтарды қазылар алқасының мүшелері – аудандық аурухананың медициналық-әлеуметтік және психологиялық қызметінің басшысы Дана Таждинова, кәсіподақ ұйымының төрайымы Сәуле Маңқараева және Қарасай аудандық мәслихатының депутаты Атлана Исаева арнайы үйіне барып табыстады. Аурухана басшылығы атынан Айзере Алғыс хат, жұмсақ ойыншық пен мольбертке ие болды, ал депутат атынан гуашь бояулары мен палитра табысталды. Бұл сыйлықтар Айзеренің шығармашылықпен әрі қарай айналысуына қолдау көрсету мақсатында берілді.
Айта кету керек, Айзере жуырда Көкөзек ауылындағы жаңа әрі жайлы мектептің алтыншы сыныбына өтті. Оның суреттері түрлі байқауларда, соның ішінде халықаралық «Пони» байқауында және республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған сайыстарда жүлдегер атанған. Сурет салудан бөлек, соңғы екі айда Айзере домбыра тартуды үйреніп жүр және алғашқы жетістіктерін көрсетті.
Қиын диагноздарға қарамастан, Айзереге жиһаз жинаушы болып Алматы қаласындағы кәсіпорында жұмыс істейтін әкесі Ерлан Қонарұлы және анасы Гүлім Мәлібек үлкен қолдау көрсетіп келеді. Айзереден кейін Айгерім, Бағлан, Айғаным және сегіз айлық Айназ дүниеге келген. Айзере сурет салып, домбыра үйреніп жүрсе, Айгерім мен Бағлан таэквондо секциясына қатысады. Міне, осындай ата-анасының махаббаты мен қамқорлығы арқасында бақытты әрі талантты балалар тәрбиеленіп жатқан отбасы өзгелерге өнеге болуда.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы