Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы облысына сапарлап келген Қытай коммунистік партиясы басқарушы тобының және ҚХР Ауыл шаруашылығы және ауыл істері министрлігінің партиялық коллегиясының мүшесі Хуан Янмен кездесті.
Жүздесуде аймақ басшысы Қазақстан мен Қытайды ұзындығы 1 700 шақырымнан асатын ортақ шекара ғана емес, ғасырлар бойғы тату көршілік, өзара сенімге негізделген байланыс біріктіретінін қаперге салды. Сонымен бірге Алматы облысының Қазақстан экономикасында көлемі жағынан 5-орынға көтеріліп, жоғары экономикалық әлеуетке ие аймақ ретінде танылып отырғанын жеткізді.
– Облысымыз ірі агроөнеркәсіптік, логистикалық және туристік орталық әрі «Бір белдеу – бір жол» халықаралық бастамасының маңызды қатысушысы. Ауыл шаруашылығы секторы қарқынды дамып келеді. Әртүрлі дақылдар, оның ішінде дәнді, көкөніс және жеміс өнімдерін өсірумен қатар, ауыл шаруашылығы саласында Қытайдың жетекші өңірлерімен тығыз байланыс орнаттық. Соңғы екі жылда менің басшылығыммен Алматы облысының 70- тен астам кәсіпкерінің қатысуымен Қытайға 5 жұмыс сапары ұйымдастырылды. Алматы облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы достық және өзара тиімді ынтымақтастықтың нәтижесінде аймақтың Қытаймен тауар айналымы дәстүрлі түрде жоғары деңгейде сақталып келеді. Соңғы екі жылда бұл көрсеткіш тұрақты түрде 1 млрд АҚШ долларынан асып отыр. 2024 жылы тауар айналымы 1 млрд 23 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде Алматы облысында Қытай капиталының және бірлескен капиталдың қатысуымен 143 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл – екіжақты іскерлік ынтымақтастықтың жоғары деңгейінің айғағы. Қытайдың аграрлық сектордағы жетістіктері мен озық технологиялары әлемге үлгі, – деген Марат Елеусізұлы бұл елдің ауыл шаруашылығы, тұрақты егіншілік, су ресурстарын басқару мен агрономия салаларындағы инновациялық шешімдерінің көптеген ел үшін маңызды тәжірибе көзіне айналғанын атап өтті.
Келесі кезекте Қытай коммунистік партиясы мен ҚХР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарушы тобының мүшесі Хуан Ян сөз алып, жылы қабылдағаны үшін алғыс айтты. Қытай мемлекетінің ауыл шаруашылығы жайлы хабардар етті. Қытай елі мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын тілге тиек етті. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы меймандарға аймақтың ауыл шаруашылығы жайында мағлұмат берді.
Басқосу барысында тараптар өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге ниетті екенін білдіріп, ауыл шаруашылығы, сауда және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытудың нақты мүмкіндігін талқылады. Білім мен тәжірибе алмасу жайы да сөз болды. Қазіргі таңда Алматы облысы Қытайдың бірқатар провинциясымен бауырластық және іскерлік байланыс орнатқан. Ауыл шаруашылығы саласында бірлескен кәсіпорындар құру, инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жобалар ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізетіні анық.
Кездесу соңында Марат Сұлтанғазиев Қытай делегациясының Қонаев қаласына жасаған сапарларының екі ел арасындағы ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтіп, серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ