-13 °c
Qonaev
Tuesday, July 1, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Тұғыры биік тұлға

    16.06.2025
    in Барлық жаңалықтар
    Тұғыры биік тұлға
    0
    SHARES
    4
    VIEWS

    Қай қоғамда да тарлан тарих адамның өз тұлғасын еліне жасаған ерен еңбегімен бағалап, зерделейді. Жеке адамның елі мен жеріне сіңірген еңбегі, тәжірибесі, адами ерен қасиеттері сананы шыңдау мен жастарды тәрбиелеудегі мән-маңызы аса зор. Сондықтан тұлға биігіндегі жанның өз ортасының қозғаушы күші – ұйытқысы болатыны заңдылық. Тұлға ретінде қалыптасу үшін қаншама маңдай тер, тынымсыз тірлік, беймаза уақытпен жарысу қажеттігін ойлағанда санаңның өзі сансырайды. Бірақ, көңілі бір сәт көз ілмейтін, жүрегі дархан жандардың арамызда қарапайым күн кешіп жүргеніне куә болып жүрміз.

    Халқымызда «Адамды танып, білу үшін бір пұт тұзды бірге қолдану керек» деген тәмсіл бар. Оған бар ғұмырың жете ме, әрине, жоқ.  Бірақ, мемлекет және қоғам қайраткері Серік Әбікенұлы Үмбетовты жас кезімнен білгендіктен өмірдерегі, азаматтың беймәлім болмысы, мінезі, жолдастарымен, сыныптастарымен қарым-қатынасы көз алдымда бір қалыпта өтіп жатыр. Жиі сөйлесеміз, ой-пікірді ортаға саламыз, қоғамдағы ел жайлы, отбасы төңірегінде де әңгіме тарқатамыз. Құрдасымның қарапайым жұртқа жақындығын, қамқорлығын, адамгершілігі мен биік парасатының құпия тұстарын кейде ұзаққа созылған әңгіме арасында пайымдайтыным бар. Серіктің баһадүр батырларға, ақиық ақындарға, рухани салада жүрген ағалары мен іні-қарындастарына деген ниетінің өзі айрықша. Оны тұлға ретінде қалыптастырған осы кісілігі мен кішілігінен, жан-жағындағы адамдарға жүрегін жайып салып, көл-көсір көңіліне орап алатынынан тануға болады.

    Адам – күрделі құбылыс, әсте бір-біріне ұқсамайды, бұл жағынан Жаратқанның шеберлігіне, құдіретіне таңданасың. Бір анадан туғандардың түр-түсі, мінезі, көзқарасы әр алуан десек, кейін есейіп, қалыптасқанда өзгешелік жер мен көктей болатынын білеміз. Болмашы мансаптың буына бола кісімсіп, айналасындағыларға үрке қарайтын, өзін өзгелерден «биік» санайтындар да кездеседі. Қарап тұрып, ішің ашиды, бұл неткен мінез. Неге ішінде «ала мысық» атой салған деп. Бұл салыстырмалы түрдегі ойым. Бұл жағынан Үмбетов жайлы айтылған, қалыптасқан пікір – халқына жақын, иманжүзді, ортасына қадірлі, сертіне берік азамат деп жалғаса береді. Құрдасым жайлы пікірін Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза аға: «Нені болса да ниетіңе береді. Бізде бәрі бар. Ел байлығы бар, кен байтақ жер байлығы бар. Елге тұтқа болар, Ер байлығы да бар. Қазақ халқының ақ адал пейіліне берген мұншама баға жетпес байлықтар – шын мәнінде біздің ұлттық бақ-берекеміз…  Аман болсын, қазіргі ел бақытына туған жандар аз емес. Солардың арасында, ел басқарған мықты жігіттердің ішінде мен білетін Серік Үмбетов те бар», деп ерекше атаған еді көріпкелдігімен жарықтық. Неге олай дегенін азаматтың сертке беріктігімен, уәде де тұратындығына да мән беруімен бағалады. Ар-ұяты бар, ұлттық намысы бар ерлерге тән қасиетті Серіктің бойынан көріп, танығанынан  солай болғаны – сұңқар азаматқа зор абырой әкелгенімен ерекшеленгеніне баса мән бергені әлі де есімде.

    Иә, мұндай аузы дуалы арқалы ағадан жоғары баға алудың өзі ерекше. Расында да Серік Әбікенұлының өмір жолы тек алға, биікке қарай басталған өсу баспалдақтарымен ерекшеленеді. Киелі Күрті жеріндегі Тоқаш Бокин атындағы іргелі шаруашылықта бригадирліктен басталған өмірбаяны өнегемен өріліп, ферма меңгерушісі, бөлімше басқарушысы, бас зоотехник, кеңшар директоры, аудан әкімі лауазымдарымен толығады. Мұндайда бабалардың «Болар бала он бесінде баспын дер» деген сөзі еске түседі. Әрине халықтың көңілінен шығу оңай деп кім айтады, әрине оңай емес. Бірақ, біздің сыныптас бұл сыннан сүрінбеген. Жұмысшының қолынан күрегін, шопанның қажет кезде ақ таяғын алып, ақ тер, көк тер болып бірге іске кіріскен кездері көп. Осы ниетінен оған Алланың ықыласы түсіп, Алматы облысы әкімінің орынбасары, Жамбыл, Алматы облыстарының әкімі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі, Президенттің іс басқарушысы лауазымдарын атқарып, отырған орнын көркейтіп, беделі асып, шоқтығы биіктігімен елінің алдында абыройы артты.

    Кейіпкерімнің тағы бір ерекше мінезі – қызметі өскен сайын кішіпейілділігі де, жауапкершілігі де арта түскені. Мәжіліс депутаты болған жылдары «Халық Құдайдан бір жас қана кіші» деген ұстаныммен көпшіліктің жай-күйін бәрінен жоғары қойды, қалың елдің мақсат-мүддесіне барынша қызмет етті. Тіліміз, дініміз, ділімізді бәрінен жоғары қойды. Зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстады. Ұлттық салт-дәстүрімізді қатаң сақтап, оны халық арасында кеңінен насихаттайды. Өзі де сол бастамалардың қасынан табылатындығымен де тұлғасы биіктеді.

    «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, оның дегдарлығы, тақуалығы, сабырлылығы айналасында жүрген жігіттерге де үлгі болды. Солардың біразы бойларындағы жат әдеттерден арылып, имандылыққа бет бұрды. Әсіресе, Серік «ащы су» дегенді аузына алып көрмеген. Отырған жерінде мұндай «сусын» дастарқаннан аластатылады. Спорт десе ішкен асын жерге қояды. Кіндік қаны тамған Аққайнарда доп қуып, ойынның қызығына берілгенін де сыныптас достары әлі де жарыса әңгімелейді. Күні бүгінге дейін таңғы 6-да тұрып, жаттығу жасайды. Бірде гимнастиканың не бір қиын түрлерімен шұғылданғанын көрсеткенде аң-таң болдым, не деген күш-жігер, дейсің мұндайда.

    Серік – өнердің шынайы жанашыры. Мәдениет саласындағы еңбегі де зор. Жетісуда өнердің тіршілігіне қан жүгіртті. Филармонияның жұмысын қайта жолға қойды. Мерекелік концерттің дайындығын көзбен көріп, сахнаның безендірілуіне, әннің мазмұнына, мәнерлі орындалуына, мәтініне дейін мән беретін. Бір жиында залда отырып, концерттік бағдарламаға өз көзқарасын, сынын айтты. Міне, бұл да басшының өнерден құралақан еместігінің бір дәлелі. Күні бүгінге дейін тыңдаушының құлақ құрышын қандырып келе жатқан «Құлансаз» ансамблін қайта құрғанының өзі өнерге қосқан үлкен үлесі.

    Қасында көп жүрген інісі, әріптесім, марқұм Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепберген бірде: «Серік ағадан көп үйрендім. Өзімен үзеңгілес, сыралғы достарына ұқсамайтын жақтары аз емес. Кешкі мектептен кейін Қордайдағы техникумда оқыған, үздік бітірген. Әрі қарай еңбекке араласып, сырттай оқып жоғары білім алды. Сөйте тұра қос-қос дипломы бар, қағаздан бас көтере алмайтын, болмаса, оқуы көп, тоқуы аз адамдардан көш бойы алға ұзап кеткені – ерен қабілеттің, саяси тұлғалық деңгейінің жоғары болуы мен кісілігі мол ізгілігінің арқасы болар, сірә. Қазақ тарихында мұндай басшы азаматтың қатары тым сирек, сондықтан да оларды ел ерекше құрметтейді. Әкпе, оны өзіңіз де көріп біліп, жүрсіз», – деп жадырай күлгенін осы сәтте еске алып отырмын. Сөзін бей-берекет қолданбайтын әріптес інімнің жүрегіндегі жылылыққа орап айтқан пікіріне көпшіліктің қосылатыны даусыз.

    Серік жайлы қанша айттық, жаздық десек те оның бойындағы мәдениеті, парасаты, бәрін әдемі жымдастыра білетін ұқыптылығы, ұлағаттылығы, ата жолын қастерлеу, әулие-әмбиелерге тағзым ету, халқымыздың салты мен дәстүрін кіршіксіз сақтау мәселесінде көп мықтымын дегендердің өзі алдына түсе бермесі анық. Тарихты таразылау, қазақтың тегін тарату жағынан да  тарихшылардың қатарына қоюға әбден лайық. Үш жүздің өткенін, батырларын жіктеу жағынан да алдына жан сала қоймас. Мұны кейде хабарласа қалғандағы әңгіме арасында байқап қаламын. «Сен мұны білуің керек, қаламыңа түртіп ал» дейтіні бар. Қайдағы қалам, қолымда тұра ма сол сәтте, бірақ ондай кезде ойыма сақтап қалуға тырысамын. Сонау жылдары қазаққа ортақ киелі Түркістан жеріндегі Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бәйдібек, тағы басқа әулие-әмбиелердің жатқан жерін асықпай көріп, тағзым етуіме себепкер болды. Бұл мен үшін сәтті сапар еді. Көлік жағын, баратын мекендегі аялдайтын орындарды ұйымдастырды. Бірнеше күн осы мекендегі әулиелердің басына барып, дұға жасадым. Одан кейін Бәйдібек ата мен халық аузында аңыз болған, ақылман анамыз Домалақ ана (Нұрила), «Қос ана» және «Бес ана» атанып, киелі орынға айналған мазарларын көзбен көру бақыты бұйырды. Осы киелі белгілердің тұрғызылуына Серіктің жеке қосқан үлесі де, демеушілігі де зор екенін сол жердегі жұртшылық ұмытпапты. Кездескен адамдар мен шырақшылар сәлем айтып, алғыстарын жаудырды. Оған куә болған өзім де азаматтығына риза болдым. Сөз арасында білгенім, 2008 жылы Бөген бойында ұлы баба әруағына арналған дүйім жұрт жиналған асқа үш облыстың әкімі арнайы шақырылыпты, бірақ тағзым етіп, дұға жасауға Талдықорғаннан жалғыз Үмбетов барыпты. Әруақты сыйлап, рухына сыйынып келген мыңдаған халық иманды азаматтың кісілігіне, кішілігіне шексіз риза болған. Оның қандай шара болсын, жоғары деңгейде өтуіне ерекше мән беретіні бар. Қордайлықтар өнер дүлдүлі Кенен атамыздың тойына арнайы барып, демеуші болып бір көтеріп кеткенін ұмытпай айтып жүр.

    «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп жатамыз. Дұрыс талап, шындық сөз. Серік Әбікенұлы еліміздегі басқару институтына әкімдік қызметін жаңа, халықтық сипатқа, сапалық деңгейге көтергенін, осы салада елге, жерге қызмет етудің ең қарапайым, әділдігін көрсетті деуге негіз бар. Сондықтан да ол мемлекет және қоғам қайраткері ретінде елінің есінде қалатыны даусыз.

    Тәрбие – терең мағыналы ұғым. Төгілте дәріптеп жүрген Серіктің бойындағы бар қасиет әкенің қаны, ананың сүтімен дарығаны анық. Әкесі Әбіке мен Көкен ананы көрдім, қолынан дәм таттым. Әбіке ата Ұлы Отан соғысына қатысқан «Даңқ» орденьдерімен марапатталған майдангер, анасы он бір баланы дүниеге әкелген әзиз жан. Ардагер өзі туып-өскен мекенде өмірінің саналы жылдарында ферма меңгерушісі болған азамат. Ауылдың көркеюіне қосқан үлесі де көп, ал отанасы үпір-шүпір балаларына тәлімді, қазақи тәрбие беруді мақсат етіпті. Өмірлік серігі дүниеден өткенде кіші ұлы Ғабиттың қолында болды. Ол кезде үлкен ұлы Алматы облысының әкімі болатын. Жиі болмаса да арасында барып, батасын алып, қолынан шәйін ішіп қайтатынмын. Сол кезде ананың сабырлылығына тәнті болдым.  Көктем айы еді. Ауладан кірген соң үлкен үйдің оң жағындағы апаның бөлмесіне бет алдым. Шағын бөлмедегі төсектің үстінде тасбиғын тартып жатыр. Бөлмеде ызғар ұрып тұр. Біраздан соң тоңа бастадым. «Апа, сіз тоңған жоқсыз ба?» деп ыңғайсыз болса да айтуыма тура келді. Түбіт шәлісін қайта түзеген кейуана: «Сен қыз даладан келдің ғой. Үй жылы. Тек мына пештің қызуы дұрыс болмай тұрған сияқты. Балалардың қолы тимей жүр, жөндетеді ғой», – деді. Білдей облыс басқарған баласына бір ауыз айтса, реттелетіні анық, бірақ, анамыз «Мені қойшы, елдің ішіндемін, ал Серіктің қамқорлығына зәру адамдар да, жұмысы да жетеді. Халықтың қамы мен қас-қабағына, қызметіне жауапкершілікпен қарасын деп алаңдатпаймын» дегені. Міне, қанағат, міне сабыр деген сөздің құдіреті, ана сонысымен «жылынып», ұлының тілеуін тіледі. Ұққаным, түйсікті адамдарды мансап, лауазым, байлық пен барлық шалқақтатпайтыны. Керісінше, шүкір, тәубе дегенді естеріне жиі салатындай.

    Серік Әбікенұлы Алматы облысын басқарған жылдар жетісулықтардың есінде қалды. Алғаш халық сын көзбен қарағаны рас. Мұның өзіндік себебі бар. Тәуелсіздік алған жылдары өңірді саяси ортада, ел басқаруда жұрт таныған бірегей, кілең салмақты азаматтар басқарды. Әрқайсысының тәжірибесі мол, мен деген К.Аухадиев, М.Мендібаев, Қ.Төлебеков, А.Есімов, З.Нұрқаділов, Ш.Құлмаханов тәрізді мүйізі қарағайдай, іскерлігі де жетіп артылған кісілер. Бұдан кейін оған деген көзқарастың ерекше болуы әрине заңдылық. Ол кезде екі облыс қосылып, Талдықорғандағы жағдай мәз емес еді. Әлеуметтік мәселелер қолға алынып жатқанымен тұрғындар тарапынан сенімсіздік, көңілсіздік басым болды. Басшы бұл жолы да тұрғындармен жиі кездесті, сауалдарына жауап іздеді. Негізгі мәселе тәртіпті, қоғамдық пікірді қалыптастыру бағытына күш салды. Сол бойындағы табандылықпен, қазақи мінезімен тұрмысы төмен отбасыларды, мүгедектерді баспанамен қамту жағын бірінші кезекке қойды. Халыққа кабинетінің есігі ашық болды. Қанша мінезі жайлы десем де оның қажет кезде өзіндік ішкі түйсігі оңайлықпен берілмейтін тік мінезі көзқарастар қайшылығы да тастай берік ұстанымынан айқын көрініп жатты. Сондықтан бас пайдасын күйттегендердің «әттеген-ай» деп, жолы болмағандарына да көзім жеткен. Кейін «Егемен Қазақстан» газетінің осы облыстағы меншікті тілшісі болып, әкімнің жұмысының тынымсыз тұстарына да куә болдым.

    Газет жұмысымен жеке сұхбат та алып жүрдім. Бірде тапсырмамен Алматыға жақын орналасқан аудан әкімінің қабылдауына бардым. Әкімдіктің жұмысы таныс болғандықтан ерте барып, қабылдау бөлмесінде отырмын. Жер мәселесі күйіп тұрған кез. Менен бұрынырақ келген ардагер, көпбалалы анамен қатар отырмыз. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз телефон тұтқасын жиі көтеріп, жауап береді. Сондағысы «әкім жиналыста», «іссапарда», «аудан аралап кетті» дейді, бірақ ол кабинетінде. Мүмкін жиын да өтіп жатқан шығар деген оймен кезек күттік. Сағат тілі дамыл таппай, сырт-сырт соғады. Түскі уақыт та жақындады. Сабырмен отырғандардан маза кете бастады. Бір кезде кабинеттен әкім мен бір азамат шықты. Басшы бізге төбеден қарап «Бүгін қабылдамаймын» деді де қарайламай жүріп кетті. Қасымдағы таяқ ұстаған қария «осымен үш мәрте келдім» деп ренішін айтты. Менің де тапсырмам орындалмай қалды. Халыққа деген мұндай көзқарас ұнамады, журналист ретінде бар ашуымды қалам мен ақ қағазға төгіп, «Емен есіктің ар жағы мен бер жағы» деген мақала жазып, редакцияға жібердім. Ертесінде облыстық әкімдіктегі қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыздар шілде айының қапырық ыстығына қарамастан етек-жеңі жинақы көйлек, кофта киіпті. Қандай жарасымды деп ойлап қоямын. Сосын облыс әкімінің баспасөз хатшысы кабинетке келді. Бір түрлі қарағанынан сезіктендім. Ол «Сіз не бүлдірдіңіз», – деді. Түсінбедім. Кешегі жағдайды ұмытып, алдымда жатқан газетті ашып қарауға мұршам болмай, жазуға кірісіп кеткенмін. Әріптесім газеттің бірінші бетіндегі  мақаланы көрсетіп тұр. Облыс әкімі бұл мәселені көтермеді, керісінше аудан басшысына қатаң ескерту жасапты. Хатшыларға әдепті, сыпайы болып, киім киістеріне дейін өзгертуді тапсырғанын кейін білдім. Тағы бір өнегелі ісі өзіне дейін қызметте болған азаматтардың атына жаңсақ пікір айтпайтын, керісінше, бастаған ісін алға апаруды ойлап, жиындарда жақсы жағын үлгі етіп отыратын. Әкімнің табандылығы нәтижесінде қала жыл өткен сайын түрленді, құлпырды. Тұрғын үйлер көптеп салынды. Көңілі көз ілмейтін Үмбетов әр істі мың өлшеп содан соң ғана шешім қабылдайтынына халықтың көзі жетті. Сенімге селкеу түсірмеді. Моральдық ахуал бір арнаға осылай түсті.

    Серік Әбікенұлы кадрлармен арадағы қарым-қатынасын еңбегіне, жауапкершілігі мен іскерлігіне қарай бағалады. Ол кезде қызметкерлерге дауыс көтеріп, ар-намысына тиетін сөз айтылмайтын. Содан болар сол тұста орынсыз қызметімен қоштасқандар өте сирек.

    Әкімнің жер жаннаты Жетісудың бай тарихын білуге, көруге ынтық болғанына қайран қаласың. Осы өлкеде өткен жылдарды өмірінің тамаша сәттері деп бағалайды. Бір ғана Қаратал ауданында он сегіз әулие-әмбие мәңгілік мекен тапқаны аян. Әруақ сыйлаған азамат бұл мекенге де атбасын жиі бұрды. Баһадүр батыр Қабанбай бабаға қаланың шығысынан еңселі ескерткіш орнатып, дүркіретіп тойын өткізді. Айта берсем, мұндай тарихқа тағзым еткен берекелі бастамалар жетіп, артылады. Бәріне уақыт табады, жүректерге ізгілікті жол салады. Сол үшін қаншама уақыт, ой орамы қажет. Бірақ, онсыз оның жаны жай таппайтын.

    Алдында көк түсті жазба дәптері жатады. Пікірлескен адамның қажетті ой-пікірін жазып алатынын да көрдім. Өзі де жазу-сызудан алыс емес екені осыдан. Кейін «Арда» баспасынан «Ой иірімдері», «Дала даналығы», «Өмір өрнегі» кітаптары шықты. Тағылым болатын дүниені оқырман жылы қабылдағанын білеміз.

    Адамның қадір-қасиетін тап басып танитын және бағалайтын айналасы, ортасы десек, бір-бірімен қарым-қатынасы көбіне достыққа ұласады. Сонда ғана білмейтін жақсы тұстары еріксіз елең еткізіп, сүйсіндіретіні бар, не жайсыздығы көңіліңе кірбің салуы да мүмкін. Алғыс – елдің сыйы. Осы сыйды мазасыз тірлікте қай жағынан алатынымызға көбіне мән бермейміз. Әсіресе, лауазымды қызметке қолы жеткенде олардың жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, мінезіне дейін өзгеріп шыға келетінін көріп жүрміз. Бұл жағынан кейіпкерім сыннан сүрінбеді, көп қолданатын креативті ұйымдастырушы, көреген басшы деген ұғымға сай болды. Қазақта «бесаспап», «бес қолдың саласындай» деген аптал азаматтарға қарата айтылатын ұғым бар. Серікті дәл осындай жан десек қателеспейміз.

    Ұлы Абай: «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық» деген. Үмбетов те жақсы қасиеттерді бойына жинап, осы талаптан шығуды басты мақсат санады.

    Иә, ол жайлы ақындар жыр жазса, қаламгерлер көсіле мадақтады. Соның бірі тума, төкпе ақын Тұманбай Молдағалиев баршаның алғысын бір шумаққа сыйдырған екен.

    – Жақсылығын халықтан аямаған,

    Бүгініме сай адам, саялы адам.

    Бір қарасаң досыңдай өскен бірге,

    Бір қарасаң ағаңдай аялаған, – дейді.

    Жауапкершіліктің, қарапайымдылықтың шылбыр-тізгінін уысынан шығармай ұстаған, осы қалпымен соңына жақсы сөз, із қалдырып жүрген Серік сыныптасым жетпіс деген желкенді жастың тағы бір белесіне аяқ басты. Әрине өткен жылдардың әр күні адал еңбек, абырой деген киелі сөз тіркесімен жалғасты. Мәртебе биігіне көтерілген азаматтың артында ерін сыйлап, құрметтейтін, қиындығы мен қызығына көнетін, ұрпағын өсіретін әйел тұратыны шындық. Бұл жағынан да Серіктің бағы жанған. Өйткені жары Ермекгүл отағасының қас-қабағын бағып, ыңғайына қарай жүрді, бақытты шаңырақтың түтінін түзу шығарды. Сыныптасым, аңқылдаған марқұм Қанатбек көңіліндегісін жасырмайтын. Соның Ермеш жайлы пікірін ұмытпаймын. «Серік Ақшидегі шаруашылықта басшы. Сағынып досымның үйіне бардым. Серік шаруашылық аралауға шыққалы жатыр екен, мені бірге алып кетті. Күртінің табиғаты жазда қапырық ыстық, жері борпылдаған сары топырақ, шағыл құмды ғой. Малшыларды аралап, төрт түліктің жайын, қоңын көріп, шопандармен әңгімелесті. Қас қарая үйге жеттік. Шаршап қалыппыз. Таңертең ерте тұрдым. Кешегі шаң болған киімдерім тап-таза болып, аяқ киіміме дейін жалтырап тұр. Бұған не айтарымды білмедім», – деген еді.

    Иә, әйел – отбасының ұйытқысы, шырақшысы, бағы мен бақыты деп тегін айтылмағанын осыдан-ақ пайымдасақ болады. Ол төрт баланың сүйікті анасы ғана емес, үлкен әулеттің отанасы ретінде де өз орнын жақсылықпен жалғауда. Тыным таппай немерелерінің қамымен бірде Астанаға, бірде Еуропаға сапар шегеді. Ұрпағының білімді, ұлағатты болуына ерекше қамқорлық көрсетеді. Шаңырақтың бақыты мен шаттығының отын лаулататын мейірімді әйел-ана, әже екенін дәлелдеп жүр. Серік те зайыбын сыйлап, аузынан тастамайды. Отбасының бақытты қалпын сақтап, ұйытқы болған екі жанға, әрдайым бақтарың баянды болсын деймін.

    Күмісжан Байжан,

    Қазақстанның Құрметті журналисі

    Ұсынымдар

    ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: ЗАҢ МЕН ТӘРТІП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ, ҚОҒАМДЫҚ ОПТИМИЗМ

    САНАДАҒЫ БЕТБҰРЫС САПАЛЫ ӨЗГЕРІСКЕ ӘКЕЛЕДІ

    10 months ago
    Жол қауіпсіздігі: 620 дана белгі орнатылды

    Жол қауіпсіздігі: 620 дана белгі орнатылды

    7 months ago
    АЭС-ке қатысты референдум өткізуге дайынбыз – ОСК

    АЭС-ке қатысты референдум өткізуге дайынбыз – ОСК

    2 years ago
    Жатыр мойны обыры жасарып келеді

    Жатыр мойны обыры жасарып келеді

    1 year ago
    Қайыңды көлі маңында автобус апатқа ұшырады

    Қайыңды көлі маңында автобус апатқа ұшырады

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.