Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасын талқылау жөніндегі IV шақырылған Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің «Жаңа қоғам жағдайындағы жергілікті қоғамдық бақылау: өңірлік мәселелер және шешу жолдары» тақырыбындағы көшпелі отырысы Райымбек ауданында жалғасты. Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өткен жиынға жергілікті қоғамдық кеңес мүшелері, ауыл әкімдері, құқық қорғау, қоғамдық ұйымдар өкілдері, шаруа қожалықтарының басшылары, кәсіпкерлер қатысты. Жиынды облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Қазыбек Дәутәлиев жүргізіп отырды.
Ең алдымен түрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестердің рөлі, ұстанған бағыт-бағдары, мақсат-міндеті, атқаратын қызметі жайында қысқаша түсінік берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жергілікті жерлерде ұйымдастырылған басқосулардың маңыздылығына назар аударылды. Бұл мәселе жөнінде жиын тізгінін ұстап отырған облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Қазыбек Дәутәлиев қысқа-нұсқа айтып өтті.
Жиында алғашқы болып мінбеге көтерілген облыстық қоғамдық кеңестің аграрлық сектор жөніндегі комиссия төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Тынышбай Досымбеков республика көлемінде ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты қолға алынып отырған істерді тілге тиек етті. Қазақстан дүниежүзіне аграрлы мемлекет ретінде кеңінен танымал. Мұнда негізінен мал шаруашылығына айрықша ден қойылған. Нәтижесінде төрт түлік мал басы жылдан-жылға артуда. Мұның өзі азық-түлік бағытындағы түйткілді мәселелердің оңтайлы шешім табуына жол ашуда. Мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдаулар, түрлі бағыттағы жоба-жоспарлардың тигізіп отырған ықпалы ерекше. Дегенмен, аталған саланың аяғына тұсау болып отырған өзекті мәселені айтпай кетуге болмайды. Ол – мал өнімдерін ұқсатып, пайдаға жаратуда қолбайлау болып отырған мәселе. Нақты айтқанда бір кезде алтынға бағаланған қой терісі мен жүніне деген сұраныстың жоқтығы. Бұл жағдай ірі қара мен жылқыға да тән. Оның басты себебі, жүн мен тері, ет өңдейтін кәсіпорындардың тапшылығы. Соның салдарынан жүн-тері ешқандай пайдаға аспай, далаға тасталса, еттің де бағасы нарық талабын қанағаттандыра алмауда. Сондықтан мал шаруашылығының тізгінін ұстап отырған сала алдағы уақытта мал өнімдерін өңдейтін, ұқсататын кәсіпорындарды жылдамдатып қолға алуы қажет. Қоғамдық кеңестер өзектілігін жоғалтпай отырған мәселені тиісті орындардың алдына қойып, жүзеге асуына ықпал жасауға тиіс. Тынышбай Досымбеков биыл күзде республика көлемінде ауыл шаруашылығына санақ жүретінін, соған аграрлық сала мамандарының осы бастан дайындық жасауы қажеттігін ескертті.
Келесі кезекте сөз алған Райымбек аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Айыпжан Қаптағаев атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Аудандық қоғамдық кеңес төралқасының шешімімен барлық қоғамдық кеңес мүшелерін, ақсақалдар алқасын, әйелдер кеңесін қатыстыра отырып, аудан тұрғындарымен кездесулер өткізілді. Кездесу барысында айтылған пікірлер мен ұсыныстарды, азаматтардың талаптарын жинақтап, алдағы болатын қоғамдық кеңес отырысында қарайтын боламыз. Біздің мақсатымыз – халық алдында есеп беретін мемлекет қалыптастыру. Барлық мемлекеттік органның шешім қабылдауына азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз ету, – деген қоғамдық кеңес төрағасы мақсатты істің атқарылу барысы мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстардың жоспарын тілге тиек етті. Ол сонымен қатар халық сұранысына ие үш мәселені – аудан елдімекендерін газдандыру, Текес-Кеген аралығындағы республикалық маңызы бар күре жолдың құрылысын жылдамдатып қолға алу, суармалы алқаптардың жағдайын каналдар мен су тоспалары арқылы жақсартуды жолға қоюды қоғамдық кеңес отырысына ұсынды.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов ауданның әлеуметтік-экономикалық саласының даму барысы туралы әңгімеледі. Ол ауыл шаруашылығының басты нысаны – шабындық, егістік алқаптарын суландыру мен құнарын арттыруда жүзеге асырылған жұмыстар, астық, картоп өндірісі, құрылыс, денсаулық, білім, мәдениет, туризм саласындағы жетістіктермен қатар шешімін күткен өзекті мәселелерді сөзіне арқау етті.
Отырыс барысында денсаулық саласына қатысты мәселелер де көтерілді. Бұл турасында сөз қозғаған облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, медицина ғылымының кандидаты Зинаш Күштекова ауылдық жерлерде денсаулық сақтау сапасын арттырудың маңыздылығына тоқталды. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет аясын жетілдіру, емдеу орындарын медициналық «Жедел жәрдем» көліктерімен толықтай қамтамасыз ету туралы ойын ортаға салды. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, облыс бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жанна Қырғызалықызы «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігіне көпшілік назарын аударды.
Жиында облыстық қоғамдық кеңесінің «МедБақылау» жобасы таныстырылды. Әңгіме өзегіне айналған мәселелер бойынша аудандық мәслихат депутаты Берік Сыдықбаев, полиция бөлімі бастығының орынбасары Ержан Шалов, қоғамдық кеңес мүшелері Дабылбек Бейсебаев, Ауғали Молдасан пікір, ұсыныстарын білдірді.
Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы ары қарай Қақпақ ауылдық округінде жалғасып, оған ауыл тұрғындары қатысты.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы