Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында спорт мектептері мен интернаттары және колледждердегі жасөспірімдер арасында футболдан Қазақстан Республикасының ресми чемпионаты өтті. «Home Club» демалыс базасының футбол алаңына еліміздің 14 аймағынан 2011 жылы туған 280-нен астам спортшы жиналды.
Аталған жарыс Қазақстанда жасөспірімдер футболын дамытуға және мектеп жасындағы балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған.
«Қазіргі таңда жасөспірімдер гаджеттерге әуес болып барады. Бос уақытын телефонға телмірумен өткізеді. Ал спортты серік еткен балалар үнемі сергек жүреді. Осындай жарыстар тәжірибе жинақтауғаа, командалық ойында бір-бірімен араласып, жаңа достар табуға мүмкіндік береді. Білікті жаттықтырушылар әр баланың қабілет-қарымын байқап, шеберлігін шыңдап, жұмыла өнер көрсетуге бағыттайды..», – дейді футболдан ОМБЖСМ директоры Ернар Нұрланов.
Республикалық чемпионатқа қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Олар алаңда үйренген әдіс-тәсілдерін барынша көрсетуге тырысты. Жанкүйерлер жас футболшылардың жеңіске деген жігеріне сүйінді.
«Мені спорт секциясына достарым алып келді. Алғашқы күннен-ақ қызыға бастадым. Футболмен айналысып жүргеніме екі жыл болды. Осы уақыт ішінде бұл спорттың қыр-сырына біраз қанықтым. Менің арманым – футболдан ҚР спорт шебері атағын алып, халықаралық деңгейдегі жарыстарда өнер көрсету», – дейді футболдан ОМБЖСМ команда каптианы Әлихан Қантаев
Чемпионат қорытындысы бойынша, 1-орынды Ақтөбе облысының командасы жеңіп алды. Олар финалда Түркістан облысынан келген ойыншыларды қапы қалдырды. Ал үшінші орын қостанайлық футболшыларға бұйырды.
Ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Алматы облыстық дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығы, футболдан ОМБЖСМ.