-13 °c
Qonaev
Thursday, July 3, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Үш жылдық трансформация: Алматы облысы тұрақты даму жолында

    20.06.2025
    in Барлық жаңалықтар, Өңір тынысы, Сұхбат, Экономика
    Үш жылдық трансформация:  Алматы облысы тұрақты даму жолында
    0
    SHARES
    17
    VIEWS

         Бүгінде қарқынды дамып келе жатқан, еліміздің ірі аймақтарының бірі – Алматы облысы индустриялық жаңғырту, әлеуметтік қайта құру басымдықтарын басшылыққа алады. 2022 жылғы әкімшілік реформалардан кейін аймақ өзінің алдағы даму басымдықтарын қалыптастырды, оның негізгі бағыттары туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев біздің басылымға берген сұхбатында әңгімелеп берді.

           – Марат Елеусізұлы, сіз басқаратын облыс экономикалық өсудің жоғары қарқынымен және жалпы өңірлік өнімнің жоғары көрсеткішімен ерекшеленетіні белгілі. Бұл жетістікке жетуге қандай негізгі драйверлер ықпал етті? Осы орайда аймақтың экономикалық даму стратегиясы туралы толығырақ айтып берсеңіз.
    – Өткен жылдың қорытындысы бойынша, облысымыз жалпы өңірлік өнімнің 109,6%-ға өсуін қамтамасыз етіп, республикада 4-орынды иеленді, жалпы көлем 5,9 трлн теңгеден асып, 5-орынға көтерілуімізге ықпал етті.
    2021 жылы республика бойынша 10-орында болсақ, 2022 жылы 9-орында тұрған өңіріміз екі жыл ішінде елдің бес үздігі қатарына енді. Алдымызда тек ірі өнеркәсіптік облыстар тұр. Мәселен, Алматы – қаржы орталығы, Атырау – мұнайлы өңір, Астана – еліміздің бас қаласы, ал Қарағанды – көмір-металлургия аймағы. Көріп отырғаныңыздай, біз бірқатар мұнайлы, өнеркәсіптік өңірлермен теңестік, біздің өсуіміздің драйверлері экономиканың шикізаттық емес секторларына, атап айтқанда, өнеркәсіптік өндіріс, сауда, құрылыс, логистика, ауыл шаруашылығына негізделген. Осы бағыттар бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр. Біз бастапқы кезде өнеркәсіпті дамытуға баса назар аудардық, енді аграрлық салаға басымдық бермекпіз.
    Қазір біз аграрлық өңір ретінде ирригациялық жүйені қалпына келтіру және суару алаңдарын кеңейту міндетін қойып отырмыз.
    Қазіргі таңда осы қарқынды сақтап және Мемлекет басшысының жалпы ішкі өнімді екі еселеу жөніндегі тапсырмасын ескере отырып, биыл экономиканы кемінде 7%-ға өсіруді басты мақсат етіп қойдық. Бұл – нақты әрі қол жеткізуге болатын талап.
           – Облыстың өнеркәсіп секторы қарқынды даму үстінде. Оған әсер еткен негізгі инвестициялық жобалар мен жаңа өндірістік нысандар туралы айтып берсеңіз?
    – Шынымен де облысымызда өнер­кәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Алматы облысының өнеркәсіп секторының үлесіне жалпы өңірлік өнім көлемінің төрттен бірі тиесілі. Былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,9 трлн теңгені құрады. Жеке инвесторлар есебінен 23 жаңа өндірістік нысан іске қосылды. Бұл қатарда аймақтағы үшінші ірі өндіріс орны болып саналатын «KT&G» темекі фабрикасы бар.
    Алматы облысының Қазақстанның оңтүстік-шығысында, Қырғызстан және Қытаймен шекарада орналасуы оның трансшекаралық логистика­дағы стратегиялық маңызын арттыра түседі. Бұл өңірдің транзиттік әлеуетін нығайтуға және «А» класындағы заманауи қойма терминалдарын дамытуға мүмкіндік ашады.
    Мәселен, 2007 жылдан бастап облыста еуропалық стандарттар бойынша салынған 300 000 м2 астам «А» класты қоймалары бар индустриялық-логистикалық парктер желісінің операторы – DAMU Logistics табысты жұмыс істейді. Бұл Орталық – Азиядағы ең ірі логистикалық алаңдардың бірі.
    G-TRANS Service компаниясы 360 000 м2 қойма орындарына арналған индустриялық-логистикалық хаб ауқымды жобасын іске асыруда. «Искомтранс» КЛО құрылысының 60 000 м2 қойма орындары бар мультимодальды тасымалдауға бағдар­ланған бірінші кезеңі аяқталды.
    Көлік логистикалық орталығын дамыту жүк ағындарының Алматы стансасын айналып өтіп, Жетіген – Қазыбек бек жаңа теміржол желісімен жүруіне мүмкіндік береді. Бұл жүктемені 40%-ға төмендетеді және жеткізуді жылдамдатады.
    Облысымыз құрылыс материал­дарын өндіру бойынша да көш бастап тұр. Мысалы, былтыр «Altyn Taga» темірбетон бұйымдары зауыты, сондай-ақ жылу оқшаулағыш материалдар өндіру бойынша «Almaty Insulation» кәсіпорны пайдалануға берілді.
    Аймақтағы жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту және кеңейту нәтижесінде 806 жаңа жұмыс орны құрылды. Іске асырылған ірі жоба­лардың ішінде «RG Brands», «KZ Recycling» өндірістік желілерін жаңарту, «Шин Лайн» балмұздақ фабрикасын кеңейту, «GALANZ bottlers» қуатын арттыру, «Алматы кәмпиттерінің» жаңа желісін іске қосу, «JTI» Қазақстан үй-жайларын салу және «Филип Моррис Қазақстан» зауытын жаңғырту жұмыстарының жүргізілгенін атап айтуға болады.
    Биыл 35 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Олардың қатарында «Pepsico» зауыты, «LC Waikiki» көтерме-бөлу орталығы, ірі логистикалық кешендер мен индустриялық парктер «Kusto Logistics», «MP Solution», «Oasis Logistics», «Еуразиялық логистикалық парк», сондай-ақ «Qazaq Global Food» қайта өңдеу зауыты бар.
    Инвестиция тарту біздің негізгі басымдығымыз болып отыр. Өткен жылы облыс экономикасына 981 млрд теңге инвестиция тартылса, биыл бұл көрсеткішті 1,3 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Осы жылдың 5 айында 264 млрд теңге қаржы көзі тартылып, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өсім 27%-ды құрады.
    Инвесторларға қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылуда. Бұл орайда жер учаскелері мен бос нысандар, салықтық жеңілдіктер, мемлекеттік қолдау мен ашық әрі сенімді өзара іс-қимыл механизмдері ұсынылмақ.
    Инвесторларды көптеп тарта отырып, біз қуат көздері мен инженерлік инфрақұрылымның, әсіресе электр энергиясының жеткіліксіздігіне тап болдық. Осы мәселелерді шешу үшін индустриялық аймақтарды құрып, инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді қолға алдық. Бұл экономикалық, эколо­гиялық және эстетикалық жағынан да ұтымды болмақ.
    Облыс аумағында жалпы ауданы 1 786 га болатын 4 индустриялық аймақ жұмыс істейді және қосымша 2 индустриялық аймақ құрылуда. Сондай-ақ «Alatau» арнайы экономикалық аймағында жеңілдіктерімен жер телімдері ұсынылуда.
    Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылады. Бүгінгі таңда Қытай капиталының қатысуымен инвестициялық портфельге жалпы сомасы 1,9 трлн теңгелік 34 жоба (15,8%) енгізілді (барлығы 215 инвестициялық жоба, 6,2 трлн теңгені құрайды). Бұл бастамалар стратегиялық маңызы бар өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, жасыл энергетика және су шаруашылығы сияқты негізгі салалар­ды қамтиды.
    Соңғы екі жылда менің жеке басшылығыммен ҚХР-дың 14 өңіріне 5 жұмыс сапары жасалды, оған Алматы облысының 70-тен астам бизнес өкілдері қатысты. 100-ден астам екіжақты кездесу өткізілді, 30-дан астам меморандумға қол қойылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
          – Ауыл шаруашылығы – экономиканы дамытудың маңызды саласы. Осы орайда ауыл тұрғындарының табыс деңгейін арттыруда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
    – Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 679,2 млрд теңгеге жетіп, өңірлік өнімнің 7 пайызын құрады. Облысымыз ет өндіру, өрік өсіру, құс шаруашылығы бойынша бірінші орынды, қант қызылшасы, қызанақ, қияр, қырыққабат өсіру бойынша – екінші, қой мен ешкі саны бойынша үшінші орынды сақтап келеді. Агроөнеркәсіптік экспорт көлемі де 38,7%-ға өсіп, 391,4 млн АҚШ долларын құрады.
    Сүт-тауарлы фермалардың дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Республикалық бюджеттен бөлінген 15 млрд теңгеге 13 жоба жүзеге асырылуда. Биыл
    7 100 бас ірі қараға арналған 11 жаңа сүт фермасының құрылысы аяқталады, бұл саладағы өндірістік потенциалымызды едәуір арттырады.
    Аймақта азық-түлік қауіпсіздігіне ғана емес, жаңа жұмыс орындарын құруға да ықпал ететін бірқатар жобалар іске асырылды. Мәселен, Кеген ауданында қуаттылығы жылына 3000 тоннаға дейін жететін «Кеген МясПром» ЖШС ет комбинаты іске қосылды. Кәсіпорын жыл сайын 330 тоннадан астам шұжық өнімдерін және 70 тоннаға дейін консервілерді шығарады, 50 тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етеді.
    Балқаш ауданында 200 бас ірі қара мал бордақылау алаңы салынды, Еңбекшіқазақ ауданында жұмыс істеп тұрған алаң 1500 басқа дейін кеңейтілді. Талғар ауданында жылына 350 тонна өнім беретін жылыжай кешені жаңғыртылды. Сонымен қатар өңірде ірі инвестициялық бастамалар іске асырылуда. Олар – қуаттылығы жылына 21 мың тоннаға дейінгі «PepsiCo Central Asia» ЖШС картопты өңдеу зауыты, жылына 5000 мың тонна қант өңдеуге және Өзбекстанға, Тәжікстанға, Ауғанстанға, Иранға және басқа елдерге экспорттауға арналған «Al Khaleej sugar» қант зауыты, астықты терең өңдеу бойынша жоғары технологиялық агроөнеркәсіптік парк құру мақсатындағы «AGRIFARM CO., LTD» және «Human Capital» компаниясы.
    Дайын өнімді өткізу мәселесі де тұрақты бақылауда. Ирригациялық инфрақұрылым жайы да назардан тыс қалмайды. Облыс бөлінгеннен кейін су шаруашылығы нысандарын қайта жаңарту жұмысы басталды. Қонаев қаласында және 8 ауданда ирригациялық желілер мен каналдарды қайта жаңарту және күрделі жөндеу бойынша 12 жоба іске асырылуда. 2022 жылы осы процестерді орталықтандырылған басқару үшін су ресурстары және ирригация басқармасы және «Алматыоблводхоз» МКК құрылды, онда бүгінде 200-ге жуық адам тұрақты негізде еңбек етеді.
    Агроөнеркәсіптік кешеннің инфра­құрылымын дамыту мақсатында суармалы жерлерді ұлғайту және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
    Өздеріңіз білетіндей, 2024 жылы Мемлекет басшысы Ислам даму банкімен республика бойынша суару жүйелерін қайта жаңарту үшін 165,8 млн АҚШ доллары (1 трлн 164 млрд теңге) сомасына келісімшартқа қол қойды. Осы соманың 260,3 млрд теңгесі Алматы облысында жобаларды іске асыруға бөлінген. Бірінші кезеңде екі транш бойынша Ислам даму банкінің қарызы есебінен Балқаш, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында 825 км суару желілері жөнделеді. Нәтижесінде 92 млрд теңге қаржы салу арқылы 57 мың гектар жер айналымға енгізілетін болады. Екінші кезеңде бес ауданда (Балқаш, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Райымбек және Ұйғыр) 1575 км суару желілерін жөндеу жоспарлануда. Оған 169 млрд теңге бағытталмақ.
    2022-2025 жылдар аралығында облыста 1,1 млн гектар пайдаланыл­майтын ауыл шаруашы­лығы жерлері анықталды, оның 445,5 мың гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды.
    Жеке қосалқы шаруашылықтар мен кооперативтерді дамытуға, сондай-ақ ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тартуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында екі жыл ішінде 11 млрд теңге сомасына 1 360-тан астам шағын несие берілді.
    Бұл ауыл халқының орташа табысын 2023 жылғы 254 мың теңгеден 2024 жылы 312 мың теңгеге дейін, яғни 22,7%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Биыл қосымша 2,5 млрд теңгеге 270 шағын несие беру жоспарлануда.
    – Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту – аса маңызды. Осы тұста тұрғын үй, инфрақұрылыммен қамту мәселесі де көлденеңдеп шығары анық. Бұл ретте қандай істер атқарылуда?
    – Тұрғын үймен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту –халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер ететін басым бағыт. Үкіметтің қолдауымен өңірде тұрғындарды толғандыратын мәселелер жүйелі түрде шешілуде. Бастапқыда анықталған 1033 мәселенің 329-ы шешілді, қосымша 112 өтініш түсті. Шешілмеген негізгі мәселелер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол, білім беру және құрылыс салаларына қатысты. Бұл бойынша жұмыс кезең-кезеңімен жүргізілуде.
    Тұрғын үй, коммуналдық шаруа­шылық, жол инфрақұрылымы, сумен жабдықтау, электр қуатының жетіспеу­шілігіне байланысты көптеген мәселе көтерілді. Бұл проблемалардың барлығы 40 жыл бұрынғы есептеулер бойынша, сол кездегі халық санына лайықталып жасалғандығынан туындады. Бүгінде әр ауылда халық саны едәуір өсті, бұл инженерлік желілерге жүктемені арттырды.
    Соңғы 10 жылда халық саны 120 мыңнан астам адамға көбейген Қарасай ауданы сияқты өңірлерге ерекше назар аударылады. Мұнда 16 елдімекенді қамтитын электрмен және сумен қамту жүйелерін жаңғырту бойынша ауқымды жоба іске асырылуда. 5,7 млрд теңге сомасына жобалық-сметалық құжаттама әзір­лен­ді, қаржыландыруға өтінім бюджет­тік комиссияға жіберілді.
    Құрылыс саласында тұрақты өсім байқалуда. Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 28,7%-ға ұлғайды, 955 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 960 мың шаршы метр тұрғын үйді әлеуметтік осал топ санатындағы жандар алады. Өткен жылы 442 отбасы баспаналы болды.
    Кезекте тұрғандардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» 1331 пәтер сатып алу үшін 22,1 млрд теңгеге облигациялар шығаруда. Сондай-ақ бюджет саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер мен спорт­шылар үшін «Алатау» өңірлік ипоте­калық бағдарламасы іске қосылды, ол үшін 3,1 млрд теңге бөлінді.
    Мұнымен қатар инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым жаңартылуда. Биыл 246 бюджеттік инвестициялық жоба іске асырылуда, қосымша тағы 53 жоба аяқталады. Тек сумен қамтуға және су бұруға 28,6 млрд теңге көзделген, бұл 25 елдімекенде таза суға қолжетімділікті жақсартуға және орталықтандырылған сумен қамтуға 99,5% қол жеткізуге мүмкіндік береді.
    Халықты газдандыру деңгейі де артуда. Былтыр 157 елдімекенге газ тартылса, биыл жыл соңына дейін қамтамасыз етілуге жататын 284 ауылдың 165-і көгілдір отынға қосылады. Қамту деңгейі бойынша 80,7%-ға жетеді.
    Жол инфрақұрылымы да басты назарда. 2024 жылы жол жөндеуге 38,1 млрд теңге бағытталып, 680 шақырымнан астам жол жаңартылды. Қазірдің өзінде автожолдардың 94%-ы қалыпты жағдайда, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.
    – Экотуризмді дамыту – әлемдік деңгейдегі басты басымдықтың бірі. Осы ретте Алматы облысының қазіргі жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз.
    – Экотуризмді дамыту – Алматы облысының даму стратегиясындағы басым бағыттардың бірі. Аймақ табиғи ландшафттардың алуан түрлілігімен және экологиялық тазалығымен ерекшеленеді. Шарын шатқалының көркем көрінісі, Көлсай көлдерінің мөлдір суы және басқа да табиғи нысандар туристердің қызығушылығын тудырып, аймаққа туристік ағынның артуына ықпал етуде.
    Туристерді тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Алматы облысы ішкі және сыртқы туристердің келуі жағынан 3-орынды алады. Қазіргі уақытта облыста 10-нан астам бірегей туристік нысан және 38 бағыт бар. Олардың әрқайсысы табиғаты және тарихи-мәдени мұра­ларымен ерекшеленеді.
    2022 жылғы 1 маусымға дейінгі деректер бойынша, облыс аумағында туристерге арналған 12 774 жатын орны бар 234 орналастыру нысаны жұмыс істеді.
    2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, 270 нысан бар. Жатын орындары­ның жалпы саны 15 451, ал қызмет көрсетілген келушілер саны 161 548-ді құрады.
    Маркетинг ішкі және сыртқы туристер ағынын көбейтіп, аймақты алға жылжытуда шешуші рөл атқарады. Бұл орайда облыстық туризм басқармасы шетелдік блогерлермен және бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтаса жұмыс істеуде. Биыл аймаққа әйгілі фотограф Джимми Нельсон келді, ал белгілі блогер toataima үшін аймақтың көркем жерлеріне саяхат ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 20 маусымда Орталық Азияға арналған Travel+Leisure журналының бірінші санында Алматы облысының табиғаты мен сұлулығы туралы мақала жарияланды.
    Біздің аймақ біртіндеп туризм орталығына айналуда. Мамыр айында мұнда Орталық Азиядағы ең ірі мотошеру өтті, ал тамыз айында 30 мыңнан астам туристің басын қосатын ауқымды рок-фестиваль өтеді деп күтілуде.
    Өңірді ілгерілету бойынша шет мемлекеттердің бас консулдарымен және жеке инвесторлармен белсен­ді жұмыс жүргізілуде. Негізгі жетіс­тік­тердің қатарында «Шарын» және «Іле-Алатауы» ұлттық парк­терінде визит-орталықтардың ашылуын, Oi-Qaragai туристік кешенін 105-тен 1000 гектарға дейін кеңейту жұмысын атап өтуге болады. Бұл 2028 жылға дейін 1200 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аймақта 300 жұмыс орнын құрумен ASP Arena спорт кешені іске қосылып, «Sokol автодромы» спорттық-техникалық кешені жұмысын бастады. Мұнда 500-ге жуық жұмыс орны құрылып, инфрақұрылымды кезең-кезеңімен кеңейту көзделуде.
    Биыл «Көлсай көлдері» және «Іле-Алатауы» ұлттық парктерінде инфрақұрылымды дамыту ісі жалғасуда, бұл мақсатқа 170 млн теңге бағытталды. Мұнымен қатар «Алатау аманаты» экспедициялық жобасы іске асырылуда. Оның аясында 1000 шақырымнан астам туристік бағыт, этноауылдар, демалыс аймақтарын, жабдықтарды жалға беру пункттерін және қосымша визит-орталықтарын ашу жоспарлануда.
    Облысты халықаралық тұрғыда насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Алматы облысы TripAdvisor-да ұсынылды, Қытай мен Оңтүстік Кореяда промо-кампаниялар іске қосылды. Хунань провинциясының роуд-шоуы Алматы облысында өтті. «KITF – 2025», «Ұлы дала жорығы» және «Tengri Ultra» халықаралық туристік көрмесі сияқты айтулы оқиғалар аймақты танымал етуде.
    «Tengri Ultra», «Oceanman» және «Ұлы дала жорығы» сияқты іс-шаралар аймақтың тартымды туристік бағыт ретіндегі беделін арттырады. Биыл Ұйғыр ауданында агротуризмнің жарқын брендіне айналдыру көзделіп отырған «Өрік фестивалі» алғаш рет өтті.
    Экотуризмді дамыту – аймақ үшін маңызды бағыт. 2024 жылы облысқа келген туристер саны 2 миллионға жетті, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 1,3 есе көп.
    Туризм саласында бірқатар ауқымды жобаларды іске асыру, демек, «Ой-Қарағай» курортын кеңейту, Қара каньонда шыны көпір салу, Қонаев қаласында аквапарк пен қонақүйлер тұрғызу, Есік көліндегі бөгетті қайта жаңарту, сондай-ақ швейцариялық Вartholet компаниясымен бірлесіп Көлсай көлдерін жалғайтын фуни­кулерлерді іске қосу жоспарланған.
    – Өз сөзіңізде 2024 жылы 70 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға дейін төмендегіні туралы айттыңыз. Бұл көрсеткіш өңір тұрғындарының өміріне қандай өзгерістер әкелді?
    – Жұмыспен қамту деңгейінің артуы өндірістік кәсіпорындардың іске қосылуымен және кеңеюімен тікелей байланысты. 2022-2024 жылдар аралығында Алматы облысында 176 320 жаңа жұмыс орны құрылды. Соңғы екі жылда ғана ондаған ірі нысандар іске қосылды. Бұл жүздеген жұмыс орындарын құруға мүмкіндік ашты. Ауыл халқының жұмыспен қамтылуына ықпал етті. Оң өзгеріс жастарға да игі әсер берді. «Отбасының цифрлық картасы» жүйесінің мәлімет­тері бойынша, өткен жылы NEET-жастар саны 46 мыңнан 26 186-ға дейін қысқарды. Бұл оқыту, кәсіптік бағдар беру және жұмысқа орналастыру бағдарламаларының нәтижесі деуге болады.
    Облыста «Отбасының цифрлық картасы» – отбасылар туралы деректерді есепке алуға және басқаруға арналған жүйе енгізілді. Бұл жүйе отбасылардың әлеуметтік жағдайын тиімді бақылауға және сапалы қызметтерді жедел ұсыну­ға мүмкіндік береді.
    Бүгінгі күнге барлығы 491,9 мың отбасы (1704,1 мың адам) осы картаға тіркелген. Оның ішінде «D» (дағдарыс) және «E» (дағдарысқа қарсы) санаттарына 138,4 мың отбасы (367,8 мың адам) жатқызылған. Бұл 28,1%-ды құрайды.
    Цифрлық карта арқылы отбасылар­дың жағдайы нақты көрініп, атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждар анық­талады. Нәтижесінде, 2022 жылы облыс бөлінген сәттен бастап көмек алушылар саны 61,7 мыңнан 2025 жылғы 1 маусымда 17 мыңға дейін төмендеді.
    Білім беруде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша өткен жылы 14 мектептің құрылысы аяқталған, биыл 17 мектеп салынуда. 91 мектепті жаңарту аясында, биыл 20,4 млрд теңгеге 20 нысан күрделі жөндеуден өтетін болады. 2–6 жас аралығындағы 93 311 баланы мектепке дейінгі біліммен қамтуға 69,2 млрд теңге қаржы қарастырылды.
    Денсаулық сақтау саласында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 37 нысан салынуда, материалдық-техникалық база күшейтілуде.
    Мәдениет саласында өткен жылы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай халықаралық және республикалық ауқымдағы бірқатар іс-шаралар өткізілді. Нарынқолда ескерткіш орнатылып, Қонаев қаласын­дағы орталық саябақ пен жаңа жағалауға есімі берілді. Париж қаласында «Менің атым Қожа» кітабы француз тілінде таныстырылды, сондай-ақ Анкарада, Стамбулда және Бакуде халықаралық іс-шаралар өтті.
    Биыл композитор, Қазақстанның Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай бірқатар концерттер ұйымдастырылып, Пекин қаласында халықаралық мәдени кеш өтті. Мұнымен қатар Нью-Йорк қаласында халықаралық концерт өткізу, Іле ауданында ескерткіш пен домбыра стелласын орнату жоспар­лануда.
    – Қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысын бақылау мақсатында «Сергек» интеллектуалды жүйесін енгізу қандай нәтиже беріп отыр? Бұл бастама жергілікті бюджет кірісіне ықпал етуде ме?
    – Қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысын бақылау үшін өткен жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде «Сергек» интеллектуалды жүйесі енгізілді. Нәтижесінде 325 ақпараттық-навигациялық кешен және 9 100 бейнебақылау камерасы мен 10 мобильді кешен орнатылды (9 100 жаңа, 308 қолданыстағы камера) орнатылды. 2024 жылы әкімшілік айыппұлдардан түскен түсім шамамен 10 млрд теңгені құрап, 2023 жылғы деңгейден 3 есе артты. Бұл жергілікті бюджет кірісін арттырудағы оң көрсеткіштердің бірі болып саналады.
    Алайда, мемлекет бірінші кезекте қауіпсіздік мәселелеріне баса назар аударатынын атап өткен жөн. Табыс­қа емес, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға басымдық беріледі.
    Жол-көлік статистикасы дерегіне сүйенсек, біздің облыс көптеген транзиттік бағыттардың аумағынан өтуі бойынша жетекші орындардың бірін алады. Талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі басқа қалалардан келетін транзиттік көліктер салдарынан орын алады. Сонымен қатар, көліктердің қарқындылығына туристік нысандардың болуы да әсер етеді, бұл трассаларда, елдімекендерде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыз­дылығын арттырады. Іске асырылып жатқан барлық жоба құқық­бұзушылықты анықтауға және аймақ тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыт­талған.
    – Облысымыздағы цифрландыру жобалары тұрғындардың күнделікті өміріне қандай нақты өзгерістер әкелді? Алдағы уақытта қандай жаңа технологияларды енгізу жоспарда бар?
    – Алматы облысында цифрлық жүйені дамыту және инновациялық кәсіпкерлікті қолдау бойынша нақты жұмыстар жасалуда. Оған 2024 жылы ашылған Alatau Hub негіз болуда. Ол арқылы білім беру және әлеуметтік технологияларды енгізуге, сондай-ақ мемлекеттік секторды цифрландыруға бағытталған жобалар іске асырылуда. Табысты стартаптардың қатарында инженерлік робототехниканы үйренуге арналған STEAM жиынтықтарын ұсынатын QOL жобасы бар. Ол қазірдің өзінде 10 пилоттық мектепке енгізілді, $10 мың инвестиция тартылды, бірлескен FabLab-ты іске қосу туралы «Ғылым ордасымен» меморандумға қол қойылды. Орталық Азия мен MENA нарығына шығу жоспарлануда.
    Тағы бір перспективалы жоба – OquMarket. Ол оқушылар мен оқытушыларға оқу процесін жекелен­діруге мүмкіндік береді. Стартап тестілеу кезеңінен өтті, пайдалану­шылардың алғашқы пікірлері де тыңдалды. Алдағы уақытта еліміз бойынша қолданысқа енгізілмек.
    Аймақ прокуратурасының қажет­тілігі үшін Alatau Hub резидент­терінің бірі мемлекеттік қызметтер мен талдаудың тиімділігін арттыруға бағытталған «Отбасының цифрлық картасы» жүйесі үшін модуль әзірледі.
    Стартаптарды қолдаумен қатар, өңірде цифрлық инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 9100 бейнебақылау камерасы және 325 бағдарламалық-аппараттық кешен орнатылды, 2554 км талшықты-оптикалық байланыс желілері салынды. Сонымен қатар, облыстың цифрлық көшірмесі қолданысқа енгізіліп, 33 елдімекенді (582,1 км2) қамтитын карталар мен рельефтің цифрлық 3D-модельдері жасалып, жалпы ұзындығы 1 919 шақырым инженерлік желілер цифрландырылды.
    – Қонаев қаласында әлеуметтік сала және туризмді ілгерілету бағытында қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?
    – Биыл Алматы облысының әкімшілік орталығы Қонаев қаласына көшірілгеніне үш жыл толады. 2023 жылы қаланы дамытудың 2050 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді. Құжатта жайлы қалалық орта құру, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік саланы жаңғырту, кәсіпкерлік пен туризмді қолдау негізгі бағыттар қамтылған. Осыған байланысты Қонаев қаласының 187 іс-шарадан тұратын кешенді даму жоспары қабылданды. Инфрақұрылым мен туристік әлеуетті арттыруға басты назар аударылған. 2023-2027 жылдарда 52 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 16 жоба кәріз және сумен қамту, 21-і жылумен және электрмен қамтамасыз ету, 3-еуі жол салу және реконструкциялау, 4-еуі инженерлік-коммуникациялық желілерді дамыту және 8-і қаланы абаттандыру бағытында іске асырылуда. Олардың бір бөлігі қазірдің өзінде белсенді іске асыру сатысына өтті. Ал алдағы жылдары қалада құрылыс қарқын алмақ.
    2022 жылдан бастап құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 68,4 млрд теңгені құрады. 1047 пәтерге арналған 25 көппәтерлі үйді қоса алғанда, 158,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 56 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл бюджет есебінен салынып жатқан 10- шағынаудандағы 60 пәтерлі үш үйді пайдалануға беру жоспарлануда.
    Қапшағай су қоймасының жағалауы жаңа кейіпке енуде. Былтыр ұзындығы 1 км болатын бірінші учаске аяқталды. Бұл іске «Freedom Finance» компаниясы 4,5 млрд теңге инвестиция салды. Ауданы 62 га және ұзындығы 5 км-ден асатын жағалау сызығын абаттандыру жобасы әзірленуде, сондай-ақ №6 және №7 жағажайларды жаңарту жоспарлануда.
    Үш жыл ішінде Қонаев қаласына 250 млрд теңге инвестиция тартылды. Жалпы құны 2,4 трлн теңгеден асатын 39 жобадан тұратын портфель қалыптастырылды. Іске асыру 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. 17 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру көзделеген.
    Маңызды жобалардың қатарында құрылысы аяқталған, инвестиция көлемі 10,1 млрд теңгені құрайтын «АSP Арена» отбасылық ойын-сауық кешені («Laguna Properties» ЖШС), құны 650 млн теңгені құрайтын «Текемет» мейрамхана-қонақ- үй кешені, инвестиция көлемі 900 млн теңгені құрайтын, биыл іске қосылуы жоспарланып отырған жеміс-жидек өңдеу және шырын өндіру зауыты («Run Planet» ЖШС) бар. Сондай-ақ жоба сомасы 400 млн теңге болатын нан өндіру зауыты («АЯМ» ЖШС) өндірісін кеңейтудің екінші кезеңі жүзеге асырылмақ. Газ поршеньді электр станса («COGAN» ЖШС), гольф-клуб («DREAMASIAGROUP» ЖШС), кірпіш зауыты («Qazclinker» ЖШС) жобалау сатысында тұр.
    Өткен жылдың қорытындысы бойынша, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 80 млрд теңгені, ауыл шаруашылығы өнімі 26,5 млрд теңгені, бөлшек тауар айналымы 40 млрд теңгені құрады.
    Шағын және орта бизнес секторы тұрақты өсім көрсетуде. Жыл басында қалада 6 599 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді, олар үш жыл ішінде 2,2 трлн теңгеге тауарлар мен қызметтер көрсетті.
    Әлеуметтік салада үш жаңа мекеме – күндізгі болу орталығы, отбасын қолдау орталығы және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығы ашылды. Сондай-ақ аутизмі бар балаларға арналған оңалту орталығы жеке инвестициялар есебінен жұмыс істей бастады. Облыстық білім басқармасының тапсырысы бойын­ша көпфункционалды білім беру орталығының құрылысы жүргізілуде.
    – Марат Елеусізұлы, жаңа Алатау қаласының дамуы қай деңгейде? Жайлы орта қалыптастыруда тұрғындардың пікірі ескеріліп жатыр ма?
    – G4 City жобасы біраз уақыт бойы тек қағаз жүзінде қалып келген еді. Алайда 2022 жылы облыс орталығы Қонаев қаласына көшірілгеннен кейін жоба қарқынды дами бастады. 2024 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысының Жарлығымен Алатау қаласы ресми түрде құрылды. Жаңа шаһар құрамына Қонаев қаласының бұрынғы елдімекендері мен шағын­аудандары, сондай-ақ Іле және Талғар аудандарының кейбір аумақтары өтті. Қазіргі таңда қаланың Бас жоспары бекітіліп, институционалдық және құқықтық негіздері қалыптасты. Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың басшылығымен ведомствоаралық жобалық кеңсе жұмыс істеуде.
    Біздің басты мақсатымыз – заманауи және үйлесімді дамыған қала қалыптастыру. Қаланың ауқымды аумағын және мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуын ескере отырып, Алатау қаласында 13 өсу нүктесі мен якорлық жобалар айқындалды. Бұлар инвесторлардың қызығушылығына, қаржыландыру мүмкіндігіне, өз меншіктерінде жер телімдерінің болуына және жобаны іске асыру дайындығына қарай таңдалды.
    «Alatau» арнайы экономикалық аймағын және қаланы дамыту үшін тиімді нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру мақсатында біз China Regional Development & Planning Institute консалтингтік компания­сымен заңнамалық ұсынымдар пакетін әзірлеуге шарт жасадық. Осы ынтымақтастық шеңберінде Шэньчжэнь АЭА-ның қалыптасуы мен дамуы процесінде қолданылатын құқықтық, институционалдық және басқару тетіктерін жүйелі талдау жоспарлануда. Алынған тұжырымдар қазақстандық құқықтық өрісті, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін және «Alatau» АЭА стратегиялық мақсаттарын ескере отырып қолданылады.
    Мемлекет өз тарапынан қажетті инфрақұрылым мен тиісті жобалық құжаттаманы дайындайды. Атап айтқанда, қаланың егжей-тегжейлі жоспары, салалық даму схемалары, инженерлік-көліктік инфрақұрылымы және магистральдық желілері бар негізгі инженерлік нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
    Қазіргі уақытта екі шағынауданда 900 орынды мектеп пен фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Алатаудың облыстық маңызы бар қала мәртебесіне өтуіне байланысты жаңа әкімшілік бірлікті қалыптастыру кезінде негізгі мәселелердің бірі бюджет саласының 1590 қызметкерінің ауылдық үстеме­ақылары сақталғанын атап өткім келді. Бұл мәселе оң шешімін тапты.
    Газбен, сумен және электрмен қамту жүйелерін жаңғырту жұмысы басталды. Сонымен қатар Мәдениет үйлері мен спорт кешендерінің құрылысын қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. «Жетіген» және «Қоянқұс» шағын- аудандарында екі емхана салу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайын­далуда.
    2025 жылдың алғашқы төрт айында Алатау қаласының негізгі капиталына 14,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына қарай бұл көрсеткішті 107,7 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта инвестициялық пулға 45 жоба енгізілді, оларды іске асыру арқылы 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда.
    – Сіз мемлекеттік кірістер саласында еңбек еткен, осы жолда әбден шыныққан басшысыз. Бұл саладағы тәжірибеңіз облыс деңгейінде қаржылық жүйені тиімді қалыптастыруға қаншалықты ықпал етті?
    – Облыс құрылған сәттен бастап бюджеттік түсімді қамтамасыз ететін донор-аумақтар саны 2-ден 5-ке дейін ұлғайды. Егер бұрын мұндай аумақтардың қатарына Іле және Қарасай аудандары ғана кірсе, қазіргі уақытта оларға Қонаев қаласы, Еңбекшіқазақ және Талғар аудандары да қосылды.
    2025 жылға арналған бюджеттік кірістің жалпы сомасы шамамен 298 млрд теңгені құрайды. Бұл осы аймақтардың салықтық әлеуетінің өскенін көрсетеді.
    Жоспарлау шеңберіне алдағы үш жылда Жамбыл ауданын қосу жоспарлануда, ал уақыт өте келе Алатау қаласының да қосыларына сенім зор. Осылайша, төрт субсидиялау ауданынан басқа, облыстың қалған өңірлері де аймақ дамуына өз үлесін қоспақ.
    Салық түсімдерінің ағымдағы өсу қарқыны сақталған жағдайда, облыс үш жылдық кезеңнің соңына қарай (2029 жылдан бастап) республикалық бюджеттің доноры мәртебесіне жетеді, яғни қаржылық түсімдерді респуб­ликалық бюджетке аудара бастайды деп күтілуде.
    Өткен жылы кірістер 130%-ға немесе 120 млрд теңгеге өсті. Ағымдағы жылдың алғашқы 5 айында оң динамика сақталып отыр. Кірістер көлемін қосымша 44 млрд теңгеге ұлғайту жоспарлануда.
    – Алматы облысы тұрғындарының ауыл әкімдерін сайлауға қатысуын қалай бағалайсыз? Бұл механизмнің тәжірибеде жүзеге асуы қаншалықты тиімді?
    – Ауыл әкімдерін тікелей сайлау – жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту және есеп беретін билік қалыптас­­тыруда маңызды қадам. Бұл –
    Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Еститін мемлекет» тұжырымдамасының негізгі элементі.
    2021 жылдың маусымынан бастап заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен бері Алматы облысында ауылдық округ деңгейінде 166 сай­лау науқаны өткізілді. Осы орайда халықтың құқықтық санасы мен сайлау мәдениетінің деңгейі айтарлықтай өскенін атап өту маңызды. Бүгінгі таңда азаматтар жергілікті өзін-өзі басқаруға белсенді қатысып, саяси сауаттылығын көрсетуде. Әкімді таңдау кезінде олар көбінесе жеке қарым-қатынасын емес, үміткерлердің іскерлік және кәсіби қасиеттерін басшылыққа алады. Осылайша үміткердің құзыреттілігі, басқару тәжірибесі мен мәселелерді шеше алу мүмкіндігі бірінші орынға шығады. Мысалы, 2025 жылғы 4 мамырда өткен 11 ауылдық округтегі сайлауға тұрғындардың 64,1%-ы қатысқан. Бұл –демократияға деген сенімнің көрінісі.
    Алайда азаматтық белсенділіктің артуымен қиындықтар да туындайтыны да рас. Статистикаға жүгінсек, елдегі ауыл әкімдерінің шамамен 50%-ы өкілеттік мерзімін толық өтемейді. 2023 жылы Саты ауылының әкімі, ал 2024 жылы Шамалған ауылының әкімі тағайындалғаннан кейін бір жарым ай өткен соң өкілеттігін босатты.
    Осындай қиындықтарға қарамастан, оңды өзгерістер де бар. Мысалы, Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылдық округінің әкімі биылғы наурыз айында ғана қызметке сайланды. Басқа аймақтың тумасы болғанына қарамастан, ол Түрген округі әкімінің аппаратында 15 жылға жуық жұмыс істеді және өзінің кәсіби біліктілігі мен терең білімі арқасында жергілікті тұрғындардың қолдауына ие болды. Сайланғаннан бері ол округте бірқатар маңызды мәселелерді шешуге, яғни, футбол, ойын, воркаут алаңдарын ашу, 15 бейнебақылау камерасын орнату және табиғи полигондарды жоюға ықпал етті.
    – Бүгінгі таңда көптеген тұрғындар мәслихат депутаттары аймақ өмірінде қандай нақты рөл атқаратыны жайында жиі сұрақ қояды. Олар билік жүйесінде формальды түрде ғана қызмет атқармайды, маңызды шешімдер қабылдауға ықпал етеді деп айтуға бола ма?
    – Мәслихат депутаттары – сессияға қатысушы ғана емес, сонымен қатар жергілікті жерлердегі жағдайды нақты баяндап, халық мүддесін қорғайтын белсенді өкілдер. Олар тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасайды, ауыл халқын толғандыратын мәселелерді көтереді және нақты шешімдерге қол жеткізеді.
    Осы жылдың басынан бастап депутаттар 174 сауал жолдады, бұл формальдылық емес. Олардың басым бөлігі құрылыс, медицина, сумен қамту, жол мәселесіне қатысты. Ресми тапсырмасыз, өз бастамаларымен олар түрлі нысандарға барады. Стандарттарға сәйкес келмейтін барлық нәрсені, сапасыз материалдарды пайдаланудан бастап, кестеден арттақалушылыққа дейін анықтайды. Олардың осындай сапарларынан кейін Райымбек ауданында «Қабанды» және «Шибұт» бөгеттерінің құрылысында өрескел бұзушылықтар бар екені белгілі болды.
    Су біздің аграрлық секторымыз үшін стратегиялық ресурс болып саналады және бұл нысандардың кешігуі фермерлерге тікелей әсер етеді. Біз материалдарды қайта сараптамаға және құқық қорғау органдарына жібердік. Мердігерлер қазірдің өзінде ұйғарым алды.
    Дәл осындай жұмыс Ұйғыр ауданында жүргізілді. Депутаттар амбулатория салу кестесінен артта- қалушылықты, жобалық құжаттамадан ауытқуларды және ғимараттарды пайдалануға беру тәуекелдерін тіркеді.
    Кеген ауданында да осындай жағдай орын алды. Тапсырылған нысандар толыққанды пайдалануға жарамсыз болып шықты. Бір медициналық пункт апатты деп танылды. Топырақтың қозғалуына орай балабақша жартылай ғана жұмыс істейді.
    Әрбір жағдай бойынша біз шаралар қабылдадық. Материалдар прокуратураға жіберілді, жауапсыз мердігерлер сенімсіздер тізіміне енгізілді, ал жетекшілік ететін басқармаларға техникалық және авторлық қадағалауды күшейту тапсырылды. Сонымен қатар, менің бастамам бойынша құрылыс басқармасының басшысына тәртіптік шаралар қолданылды.
    Менің ойымша, мұндай байлам – атқарушы билік және белсенді мәслихат – бұл бақылаудың ең тиімді құралы. Біз сын-ескертпелерді жиі естісек, соғұрлым тиімді жұмыс істейміз.
    Егер нысан салынса, ол сапалы және уақытында аяқталады. Ал егер бір жерде ауытқу болса, ол да анықталады. Оны жасырмаймыз, адамдар мұны білуі тиіс.
    – Бүгінгі таңда қоғамдық келісім, тұрақты даму мәселелерін азаматтық сектордың белсенді қатысуынсыз шешу мүмкін емес. Осы орайды Алматы облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын қалай бағалайсыз?
    – Алматы облысы – бірегей этномәдени құрамы бар өңір. Мұнда 105 этнос өкілі тұрады. Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге біз қоғамдық келісімді нығайтуға, мәдениетті дамытуға және толерантты қоғамды қалыптастыруға бағытталған ауқымды жобаларды іске асырамыз. Аналар, ақсақалдар кеңесі, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық медиаторлар жұмыс істейді. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында 40 мыңнан астам адамды қамтыған 380-ден астам іс-шара өткізілді.
    Ассамблеяның үкіметтік емес сектормен өзара іс-қимылы ерекше маңызға ие. Бұл – параллель құрылымдар емес, қоғамдық коммуникацияның бірін-бірі толықтыратын арналары. Бүгінде облыста 515 ҮЕҰ тіркелген, оның 320-сы – қоғамдық бірлестік, 195-і – қорлар. Біз оларды әлеуметтік қолдаудан құқықтық ағартушылыққа, гендерлік теңдікті нығайтудан тұрмыстық зорлық- зомбылықтың алдын алуға дейінгі басым міндеттерді шешуге тартамыз.
    Ең белсенді серіктестердің ішінде мен үш ұйымды бөліп көрсетер едім. Оның біріншісі – Алматы облысының Азаматтық альянсы. Бұ – қоғаммен кері байланыстың негізгі механизмі. Альянс форумдар, тыңдаулар, тәуелсіз сараптамалар осында өтеді. Жаңа президент Қазыбек Дәуталиевтің келуімен сараптамалық жұмыс күшей­тілді, консультациялық алаңдар құрыл­ды, азаматтық қатысу тетіктері кеңейтілді.
    Екіншісі – ауылдарда бастамаларды жүзеге асыратын «Жергілікті қоғамдастықтардың тұрақты дамуы» қоғамдық қоры. Мысалы, 2024 жылы олар ауылдық әйелдерді дамыту жобасын жүзеге асырды, оған 1400-ден астам осал топ өкілі қатысты. Қаржылық сауаттылық, психологиялық тұрақтылық және адамның жеке дамуы осы бағдарламаның негізі болды.
    Үшіншіден, «Қарасай ана жүрегі» көпбалалы аналар қауымдастығын атар едім. Ұйым гуманитарлық көмек көрсетеді, адамдарды оқытады, кеңес береді. 3000-нан астам әйел оқудан өтті, 100-ден астам отбасы қолдау алды.
    ҮЕҰ-мен бірлесіп біз ауқымды жұмыс жүргіздік. 7 мыңнан астам бала жазғы демалысқа және психологиялық көмекке қол жеткізді, ауылдарда ондаған мобильді кеңес өткізілді, 500-ден астам жас волонтерлық және ағартушылық бастамаларға тартылды.
    Біздің міндетіміз – жеке жобаларды қаржыландыру ғана емес, мемлекет пен қоғам біртұтас команда ретінде әрекет ететін серіктестіктің тұрақты моделін құру. Бұл мәселеде Ассамблея да, азаматтық сектор да шешуші рөл атқарады.
    – Қоғамдық кеңестің тиімділігі және оның қызметінің ерекшелігі неде?
    – Қоғамдық кеңестер рөлі айрықша. Өмірдің барлық саласын жақсартқысы келетін белсенділер осы ортадан табылады, олар өзара сындарлы диалог құрады. Қоғамдық кеңестер азаматтардың ел өміріне белсенді қатысуын қамтамасыз ететін және мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететін тиімді құрал болып саналады. Олардың негізгі міндеті – халықтың мүддесін білдіру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және азаматтарды әлеуметтік маңызды шешімдерге үн қосуға тарту. Кеңестердің тиімділігі әртүрлі көзқарастарды біріктіруде, бастамаларды ұсынуда және оларды биліктің барлық деңгейлерінде ілгерілетуде көрінеді.
    Қоғамдық кеңестің жұмысы көп- деңгейлі қағидат бойынша құрылады. Ауылдық деңгейде оның функцияларын жергілікті қоғамдастық орындайды, ол «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабында бекітілген.
    Алматы облысында мұндай қауым­дастықтар 136 ауылдық округте жұмыс істейді. Олар жергілікті мәселелерді талқылайды және оларды шешу жолдарын ұсынады. Егер мәселені жергілікті деңгейде реттеу мүмкін болмаса, ол аудандық, содан кейін облыстық деңгейге беріледі, ал қажет болған жағдайда Ұлттық құрылтайдың талқылауына шығарылады. Мұндай тетік халықпен кері байланысты қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың өзекті сұрауларына жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
    Қоғамдық кеңестің Құрбан айт кезінде мал сатуда ветеринариялық талаптарды жеңілдету жөніндегі бастамасы осының жарқын дәлелі болды. Кеңес ұсынысы бойынша тиісті басқармалар мен ветеринария комитетіне ресми өтініш жолданды. Нәтижесінде «Төрт түлік» республикалық есепке алу нысанына ауыл тұрғындарының мал сату жөніндегі қалалық іс-шараларға кедергісіз қатысуына мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді. Бұл шараның, әсіресе табысы төмен отбасылар үшін маңызы зор болды.
    Кеңес қызметінің негізгі бағыт­тарының бірі – азаматтық келісім мен ұлтаралық бірлікті сақтау. Өңірде 105 этнос өкілі тұрады. Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, аналар, ақсақалдар кеңестерінің, этномәдени бірлестіктердің және ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың қатысуымен кешенді жобалар іске асырылуда.
    Қоғамдық келісімді нығайту және әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу мақсатында биылғы жылдың алғашқы төрт айында 380-ден астам іс-шара өткізілді.
    Алматы облысының қоғамдық кеңесі – бұл ресми құрылым емес, қоғамдық ықпалдың нақты әрекет ететін тетігі. Оның тиімділігі халықпен тікелей диалогта, жүйелі және мақсатты жұмыста, сондай-ақ азаматтық бастама­ларды іске асырыуынуда.
    – Бүгінде ауылдық округтердің тұрғындары облыстық органдарға тікелей жүгінуде, дегенмен көптеген мәселелерді жергілікті жерлерде шешуге болады. Облыста жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту үшін қандай шаралар қабылдануда? Бұл үдерісте халық сайлаған ауылдық округ әкімдерінің рөлі қандай?
    – Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайту – біздің жұмысымыздағы басымдықтарының бірі. Алматы облысында 136 ауылдық округ жұмыс істейді, олардың әрқайсысында жергілікті қоғамдастық құрылған. Бұл өзін-өзі басқарудың нақты институттары, олар арқылы жерді пайдалану, бюджет қаражатын бөлу және инфрақұрылымдық жобаларды келісу мәселелері шешіледі. Мысалы, Еңбекшіқазақ ауданында жол жөндеу бағыттары анықталды, Кеген ауданында жайылымдық жерлер бойынша мәселелер реттелді, Талғарда БЦП-сы бар балаларды қолдау орталығы ашылды.
    Бұл жүйедегі негізгі тұлға – тұрғын­дар тікелей сайлайтын ауылдық округ әкімі. Бұл жергілікті мәселелерді шешуге өкілеттік пен жауапкершілікке ие халық өкілі. Ол мәселені өз құзыреті шеңберінде шешіп, қажет болған жағдайда аудан және облыс деңгейінде көтеруі керек. Дәл осы нәрсе өзін-өзі басқаруды тиімді етеді әді адамдардың сенімін арттырады.
    Біз әкімдердің және қоғамдастық мүшелерінің басқару және коммуника­циялық дағдыларын белсенді дамы­тамыз. Жергілікті өзін-өзі басқаруды инклюзивті және тұрақты ету үшін әйелдерді, жастарды және ерекше қажеттіліктері бар адамдарды тартуға ерекше назар аударылады.
    Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс механизмі де маңызды рөл атқарады. 2024 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы білімді арттырудан бастап, отбасылар мен ауылдық кәсіпкерлікті қолдауға дейін 1 млрд теңгеге жуық сомаға 75 жоба іске асырылды. Қарасай ауданында әйелдерге арналған микроқаржыландыру курстары, Қонаевта жас көшбасшылар мен тәлімгерлерді оқыту ұйымдастырылды. 2025 жылы мұндай бастамаларды қолдауға 901 млн теңге бөлінді.
    Бүгінде облыста 1400-ден астам адамды біріктіретін 12 қоғамдық кеңес және 131 белсенді қоғамдастық жұмыс істейді. Біздің міндетіміз – әрбір сайланған әкім мен әрбір қоғамдастық облысқа жүгінбей-ақ, жергілікті мәселелерді дербес және тиімді шеше алатындай жағдайға жеткізу. Бұл шынайы, нақты жергілікті басқару болмақ.
    – Әңгімеңізге рахмет.

    Сұхбаттасқан – Алма ЕСЕНБАЙ

    Ұсынымдар

    Наурыз мерекесін бірізге түсіру керек – Этнограф

    Этнограф Болат Бопайұлы өмірден өтті

    4 months ago
    Президенттік көпсайыстан бақ сынады

    Президенттік көпсайыстан бақ сынады

    7 months ago
    Халықтық штаб Алматы облысының жастарына АЭС салу мәселесін түсіндірді

    Халықтық штаб Алматы облысының жастарына АЭС салу мәселесін түсіндірді

    10 months ago
    Тау-кен жұмысы тоқтатылды

    Тау-кен жұмысы тоқтатылды

    1 year ago
    Бұл да өтер…

    Бұл да өтер…

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>