Ұлт руханиятын өркендетіп, шырқау биікке көтеретін қос қанаттың бірі – әдебиет дейтін болсақ, екіншісі – өнер екені баршаға аян. Осы орайда Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің алар орны мен қосып жүрген үлесін ерекше атап айтуға болады. Таяуда ғана өнер ұжымының еңбегі тағы бір жоғары бағаланып, биылғы жылдың «Ең үздік мәдени мекеме» номинациясын жеңіп алғанын атап айту керек. Осы жетістігі үшін оларға «JAC S3 PRO» автокөлігі сыйға тартылды.
Ресми түрде осы атауға ие болып, сахнаға шыққандарына 10 жыл толып отырған ансамбльдің алғашқы қадамдары одан әлдеқайда бұрын басталғанын біреу білсе, біреу біле бермейді.
– 2009 жылы аудандағы Мәдениет үйлерінде еңбек ететін өнерпаздардың басын қосып, шағын ансамбльдің негізін қалаған едік, – дейді Қарасай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлжан Дүйсенова бізге берген сұхбатында. – Кәсіби музыканттарды шақырып, құрамымыз сан жағынан да, сапа жағынан да толыға түсті. Алғашында олар ешқандай жалақысыз еңбек еткенін айта кету керек.
Ансамбьлдің өркендеу шағы ауданға Махаббат Бигелдиевтің әкім болып келуімен тікелей байланысты. Қай жерде қызмет жасаса да ансамбльдер құрып, өнерге барынша қолдау көрсетіп жүрген ол Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің толыққанды қалыптасуына үлкен еңбек сіңіргені ақиқат.
– Махаббат Сәдуақасұлы өзімен бірге елімізге белгілі композиторлар Бағлан Омаров пен Бауыржан Есебаевтарды ерте келіп, өнер ұжымының концерттік бағдарламасын көргенде, бізге жоғары баға берген еді. Міне, содан бастап өнердегі жолымыз ашылды десем, қателеспеймін. Әрине, бұл жерде меценаттар да қаржылай көмек көрсеткенін ерекше атап айту керек. Сапалы, заманауи музыкалық аспаптар алуымызға, сахналық киімдерімізді тіктіруге, жақсы мамандардың бізге келуіне ықпал етті.
Дегенмен «Ұшқоңырдың» өнердегі жолы теп-тегіс бола қоймағаны да белгілі. Алғашында сахналық иммиджін қалыптастыру мақсатында тегін концерттер беріп, «фольклорлы-этнографиялық» деген атаққа лайық болу үшін көп жұмыс атқарды. Өнер ұжымының репертуары белгілі композиторлардың арнайы жазған шығармаларымен толығып, өзіндік үні мен қолтаңбасы қалыптасты. Бүгінде ансамбльде домбыра, қобыз, прима, аса таяқ, шіңкілдек, жетіген, сусылдыр, шертер, адырна, шаңқобыз, қылқобыз, сазсырнай, тоқылдақ, дауылпаз сияқты аспаптар қолданылып келеді. Бір шығарманы орындау барысында әр өнерпаз бірнеше аспапта ойнап, әуенге ерекше әр мен саз беретіні осыдан болса керек.
Сахналық киім мен өнерпаздардың келбеті ұжымға ерекше сипат беріп, көрерменді сиқырлы сезімге бөлейтіні жасырын емес. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Асхат Нұғмановтың пікірінше, олар алғашқылардың қатарында электронды дыбыс күшейткіш арқылы аспаптардың үнін шығаруды қолға алған көрінеді. Сонымен қатар қолданатын саз аспаптарына үлкен мән беріп, танымал шеберлерге арнайы тапсырыс беру арқылы жасатады. Сахналық киімдер шығармашылық ұжымның шырайын ашатын болғандықтан, бұған да аса жауапкершілікпен қарайды. Бұл жерде қаскелеңдік дизайнер әрі суретші Әсел Түркебекованың еңбегі атап өтуге тұрарлық.
Құрылған күнінен бастап ҚР Мәдениет саласының үздігі Динара Кемелхан басқарып келе жатқан ұжымда 45 адам еңбек етуде. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Алмас Самалбекұлы көркемдік жетекші қызметін атқарса, ансамбль жетекшісі Санат Сұлтанов, режиссер Ержан Нұржанов, музыкалық жетекші Эльдар Омаров, бишілер жетекшісі Азат Дауытов, ансамбль сазгері, өңдеуші Архат Сейтамалиұлы ұжым мәртебесін арттыра түсуге сүбелі үлестерін қосуда. Ал жекелеген өнерпаздар туралы айтар болсақ, мұнда 20 саз аспабын меңгерген Ілес Жалғасбек, «Славян базарынан» бастап, көптеген халықаралық байқауда елімізге жүлде салған Аружан Данышпан мен Эльдар Омаров, бірқатар мюзикалық қойылымның солисі Хамит Сатаев, ансамбль репертуарына авторлық туындыларын сыйлаған дәстүрлі әншілер Нұрдәулет Жонысбек, Әділет Тілеш, Назлы Әбітова, Аружан Сағындық, Мөлдір Ахасова «Үшқоңырдың» жұлдызын жарқырата түсуге атсалысуда.
Ал ансамбльдің осы 10 жыл ішінде жеткен жетістіктерін айтар болсақ, аз уақытта тауыса қоймасымыз тағы ақиқат. Тек соңғы жылдары ғана «Үшқоңыр» ұжымы Алматы облысы бойынша «Үздік фольклорлы-этнографиялық ансамбль» номинациясын жеңіп алып, авторлық туындылардан тұратын жеке концертін берген. Сол жылы өнер ұжымының өткені мен бүгінін бейнелейтін альбом жарық көргенін айта кету керек. 2024 жылы Қонаев қаласында Алматы облысының екі жылдық мерекесіне арналып, 20 мың адамның қатысуымен өткен ауқымды шарада аспан астындағы фестивальдің ашылуы мен жабылу салтанаты «Үшқоңырға» сеніп тапсырылған. Хабар телеарнасы «Cover Show» тележобасында ұжымның музыкалық жетекшісі Элдар Омаров пен көркемдік жетекшісі Алмас Нұғыманов қатысып, бірінші орынды иеленген. Астана қаласында өткен «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» саммитінде 16 мемлекеттің басшылары алдында, соңынан V дүниежүзілік көшпенділер ойынының сахнасында өнер көрсетіп, ЮНЕСКО-ның шақыртуымен Б. Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай Парижге барып, Ашхабад қаласындағы «Мұқам» сарайында қазақ өнерін жалпақ жұртқа жария еткен де осы ұжым болатын. А, үстіміздегі жылы Н. Тілендиевтің 100 жылдығына орай Пекинде концерт беріп қайтса, дәл осы мақсатта АҚШ-тың Нью-Иорк қаласының әйгілі «Carnegie Hall» залында ансамбль құрамы өнер көрсететін болады.
Біз де өз кезегімізде аталған ансамбльді кезекті жеңісімен құттықтап, өнердің өрінен, құрметтің төрінен көріне беріңіздер деген тілегімізді жеткізгіміз келеді!
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы