Қонаев қаласынан шыққан көліктер еліміздің оңтүстік-шығысын бетке ала зулады. Тақтайдай түзу жол. Бір-бірінен оза жүйіткіген көліктер Арқарлының асуына келіп, бір тыныстады. Мұндағы біраз ағайын жолаушыларға өздерінің құрт-майын ұсынып, дәмді тағамдарымен таңдай қақтыруда. Біраз аялдаған соң қайта жолға шықтық. Бағытымыз – Текелі тауы.
Елімізде ғана емес, ТМД елдері арасында ең ұзын көше болып тіркелген Текелі қаласындағы Д.Қонаев көшесімен тауды бетке алып барамыз. Бұл көшенің ұзындығы – 38 шақырым. Табиғаты тамаша, көздің жауын алады. Бұл аймақ – туристердің көптеп келетін жері. Ерекшеліктері де жетерлік. Жол бойы жайқалған көк майса шөп кілемдей құлпырады. Бір жері қызыл-ала, бір жері сары түске боялған. Жер жаннаты атанған Жетісудың бір бөлшегі болған Текелінің тауы жанарыңызды еріксіз аударып, өзінің сұлулығына сұқтандырмай қоймайды екен. Діттеген орнымызға да жеттік. «Жасыл әлем» атты демалыс орны.
Бұл жерге еншісі бөлінсе де, іргесі ажырамаған Жетісу облыстық «Жетісу» газеті Алматы облыстық «Алатау арайы» басылымының қызметкерлерін Журналистер күні мерекесі қарсаңында құтты қонақ ету үшін шақырған еді. Қос басылымның қаламгерлері арқа-жарқа болып, амандасып, бірден жарасымды әңгіменің тиегін ағытты. Тілшілер қауымының отырысының өзі өзгеше ғой, шіркін. Нүсіпбай Әбдірақым, Кәдірбек Құныпияұлы сынды аға буынның ұлағатты әңгімесі де дастарқан басында өрбіді. Жастарға ардагер журналистердің қызықты әңгімелері де, жұмыс барысындағы түрлі оқиғалары да айтылды. Жұматай аға Әміреевтің шырқата салған әндері де отырыстың сәні болды. Халық әні «Жорғатай», Сәдіқожаның «Сарыбидайы» сынды ғасырлар қойнауынан жеткен дәстүрлі әндері әуеледі бұл кеште. Текелінің тау бөктері қара домбыраның күмбірімен, ақындардың ән-жырымен әлдиленді. Кезек-кезек оқылған өлеңдер поэзия әлеміне де елітіп әкетіп жатты.
Біз отырған қазақ үйдің дәл алдындағы асау өзен де сарқырап, арқырап, ағынын арнасынан асырғысы келгендей бұлқынады. Тулаған өзен сарқырап, санаңдағы сан ойдан арылтып, жан-дүниеңді тазартып-ақ тастайды екен. Бойыңдағы бар мәселені өзімен алып кетіп барады. Бірақ оған мойып тұрған ол жоқ. Ағысынан жаңылмаған қалпы төменге құлап жатыр. Ал бір жағымыздағы жартас қолмен қаланғандай әдемі. Жаратқанның шеберлігіне шек келтіре алмайсың ғой. Мынандай сұлулықты үйіп-төгіп бере салғанын айтсаңызшы. Сол жартастың ең үстіне шығып, төменге көз салып көрдіңіз бе? Суреттеуге тілдің құдіреті жетпейді-ау. Жұмақ мекеннің дәл өзі дерсіз. Жап-жасыл желек, арқыраған өзен, аспанмен таласқан шың-құздар, биікке ұмтылған, тал-терек пен қарағай… Бәрі де алақандағыдай көрінеді.
Қашанда қаламын қалтасынан тастамай қару етіп, қағазын қалқан еткен тілшілер қауымы бұл күні табиғат аясында сергіп, ерекше бір шабыт алды. Бұл тек демалыс қана емес, қос басылымның бірлігін, бір-біріне деген ынтымағы мен сыйластығын арттырды. Кәсіби мереке қарсаңында ақ тілектерді ағытты бір-біріне. «Жетісудың» қыз-жігіттері тік тұрып, қызмет көрсетіп, нағыз қонақжайлылықтың үлгісін көрсетсе, «Алатау арайының» тілшілері келер жылы мерекені Түрген шатқалында атап өтейік деген ұсыныс айтып, осындай жылы кездесуді дәстүрге айналдырсақ деген ниеттерін де білдірді. Көрші жатқан қос облыстың аға басылымдарының тілшілері бұл күні демалыстан рухани азық алып қайтты.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ