Талғар қаласында грек-рим күресінен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир аяқталды. Оған еліміздің әр аймағынан 2010-2012, 2013-2015 жылдары туған, сондай-ақ Қырғызстаннан келген жас балуандар, барлығы 32 команда қатысты.
Жарыстың салтанатты ашылуында турнирді ұйымдастырушылар мен демеушілер сөз сөйлеп, Тұрар Рысқұлов көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ірі ғалым, публицист, тарихшы, дипломат, сондай-ақ Орталық Азия республикаларының, Ресей Федерациясы мен Моңғолияның экономикалық қайта құрылуына зор үлес қосқан тарихи тұлға екенін атап өтті. Бұл республикалық турнир ел тарихында алатын орны ерекше мемлекет қайраткерінің есімін құрметтеу және өскелең ұрпаққа өз Отаны мен халқына адал қызмет еткен ұлдарының ерліктерін еске алып, үлгі етуге арналғаны айтылды.
– Тұрар Рысқұловты еске алуға арналған жарыс Талғар ауданында 1983 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Соңғы үш жылда турнирге демеушілер үлкен материалдық қолдау көрсетіп отыр. Алғашында жарыс облыстық деңгейден басталса, кейінгі жылдары ол республикалық сипат алды. Оның үстіне биыл оған ашық мәртебе беріліп, турнир біліктілік сипатында болуы және жеңімпаздар ҚР спорт шеберлігіне үміткер атағын алуы үшін ресми күнтізбелік жоспарға енгізілді.
Болашақ чемпиондар үшін ең басты арман – жеңіске жету. Ал күрес кілемі үстіндегі әрбір жекпе-жек болжауға келмейді және оның нәтижесін дөп басып айту қиын. Грек-рим күресі – Қазақстанда танымал спорт түрі. Сондықтан да болар, бүгінгі жарысқа қатысушылардың қатары көп, 500-ден аса спортшы бақ сынамақ. Жарыс жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймын, барлық қатысушыға сәттілік тілеймін, – деді турнирдің негізін қалаушылардың бірі, КСРО спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Талғар ауданының Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов.
Жас балуандар 21 салмақ дәрежесінде, оның ішінде үлкендері 35-тен 100 кг-ға дейінгі – 12, кішілері 21-ден 46 кг-ға дейінгі 9 салмақ дәрежесінде бақ сынасты. Мамандардың айтуынша, Талғар спорт мектебінің кілемі үстінде күш сынасқан жас балуандар спортқа деген үлкен ынта мен жеңіске деген шынайы ұмтылыс көрсетті. Солардың бірі 14 жасар Мирас Жақия үшін спортпен айналысу – тек сүйікті әуестігі ғана емес, сонымен бірге күнделікті өмір салты.
– Мен Талғар ауданының спорт мектебінде грек-рим күресімен 8 жылдан бері айналысып келемін. Осы уақыт ішінде тек облыстық қана емес, республикалық турнирлердің де чемпионы атандым. Былтыр Бішкекте өткен халықаралық турнирде 70 кг-ға дейінгі салмақта 1-орынды иелендім. Биыл да бозкілемге осы салмақта шықтым, жаттықтырушым айтқан тапсырмаларды бұлжытпай орындап, жеңіске жету үшін бар күшімді салдым. Соның арқасында және жалықпай өткізген көп жаттығуымның нәтижесінде жеңіске жеттім деп ойлаймын. Бұл турнир менің спорттық мансабым үшін өте маңызды, – деді өз салмақ дәрежесінде жарыс жеңімпазы атанған Мирас Жақия.
Мираспен бірге Алматы облысының өкілдері – Ермек Самға, Аламир Амруллаев, Қуаныш Нұрасыл, Болат Арафат (Талғар ауданы), Ғалымжан Жігер, Талғат Нұрәлім және Әбдреш Заңғар (Қонаев қаласы), А. Иманбай (Қарасай ауданы), Байқұрман Рамазан (Кеген ауданы) сияқты балуандар өз салмақ дәрежелері мен жас санаттарында чемпион атанды.
Ақтөбе облысының спортшылары да өз салмақтарында жеңімпаз деп танылса, Тараз қаласының жасөспірімдері Мерей Кәрібай мен Мансұр Фахридинға бірінші орын бұйырды. Сондай-ақ Қырғызстан спортшылары да жеңіс тұғырының жоғары сатысына көтерілді.
Осылайша бірнеше күнге созылған республикалық ашық турнир өз мәресіне жетті, он жерлесіміз жеңімпаз атанды. Чемпиондар мен жүлдегерлер тиісті медаль, грамота және демеушілердің қомақты ақшалай сыйлықтарымен марапатталды. Ең бастысы, бұл турнир еліміздің жасөспірімдері арасында грек-рим күресі өте танымал және онымен айналысатын жас балуандардың қаулап өсіп келе жатқанын көрсетті. Жарысқа ашық мәртебе беріліп, спорт шеберлігіне үміткер атағын алу мүмкіндігінің тууы – олардың қатарын бұдан да көбейтетіні сөзсіз.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы