Журналистика факультетінің ұжымы медиа және коммуникация саласында білім берудегі жаңалықты сараптап отырады. Бүгінде журналистика анықтамасынан гөрі, ауқымы кең медиа және коммуникация сөзі кеңінен қолданыла бастады. Бұл сала білім алушыларды заманауи ақпараттық ортаға жедел бейімдеп, жұмыс істеуге дайындайды.
Медиа және коммуникация саласы аясына бүгінде цифрлық журналистика, медиаменеджмент, қоғаммен байланыс, жарнама және медиатехнологиялар сияқты бағыттар кіреді. Біз өз тарапымыздан заман сұранысына сай білім беру бағдарламаларын теориялық білім мен практикалық дағдыларды (мысалы, сыни ойлау, зерттеу, сторителлинг, визуалды нарратив) ұштастыра оқытамыз.
Тұтас әлемде қазір заманауи журналистік білім берудің тәжірибесінде практик-мамандарды тарту кеңінен жолға қойылған. Өндірісте өнген, журналистің ұстаханасында ысылған майталмандарды факультетімізде дәріс беруге шақыруды қолға алдық. Өзім де 20 жылдан астам журналистика қазанында қайнадым. Осы қажеттілікті ескеріп, былтырғы оқу жылынан бастап Әмірхан Меңдеке, Серік Жанболат, Иманбай Жұбай, Серік Әбікенұлы, Нұржан Жалауқызы сынды белгілі журналистерді дәріс оқуға шақырдық.
Журналистика факультеті дуалды білім берудің озық дәстүрін жолға қойып келеді. Салыстырып айтар болсам, дуалды білім берудің жақсы бір үлгісі медицина университеттерінде жүзеге асқан. Олар бірінші курста ғана жалпы профильді пәндер – психология, әлеуметтану, философия секілді дәрістерді тыңдау үшін университет аудиториясында отырады да, екінші жылдан бастап дәрістер клиникалық жағдайдағы аурухана, емханаларда өтеді. Дәл осы қағидат журналистика факультетінде де жүзеге асып келеді. Елімізде Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылғалы бері бұл мәселе оң шешімін тауып келеді. Министр Саясат Нұрбек, ректорымыз Жансейіт Қансейітұлы да дуалды білім жүйесін қолдайтынын әрдайым айтып келеді. Министрлік деңгейінде елімізде дуалды білім берудің ережесі 2023 жылы бекіді. Ережемен жан-жақты танысып, журналистика факультетінде дуалды білім беруді кең ауқымда жүзеге асыруға кірістік. Ол үшін ең алдымен жұмыс беруші мекемелермен меморандумға отырдық. Соның аясында дәрістер, семинарларымыздың бір бөлігі телеарналарда, баспаларда, басылымдарда өте бастады. Бір абзалы, бізге керек мекемелердің барлығы да университетімізге жақын орналасқаны қолайлы болып тұр.
Медиа мамандарына білім беру үшін ең алдымен материалдық-техникалық база мықты болуы керек. Осыны ескеріп, биыл факультетімізде ректораттың және демеуші инвесторлардың қолдауымен 8 нысанды жөндеп, қажетті құрал-жабдық сатып алып, іске қостық. Олар студенттер үйіндегі жаңа асхана, жасанды интеллект медиа зертханасы, «Түрксой» медиа білім беру орталығы, Марат Барманқұлов телестудиясы, дәріс залы, коуоркинг бұрышы – жайлы білім алуы үшін аса қажетті нысандар.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен елімізде жасанды инттелектіні дамытудың стратегиясы қабылданды. Соны ескеріп, Ғылым және жоғары білім министрлігінің жасанды интелектіні оқу процесіне енгізу тапсырмасы аясында университетімізде еліміздегі алғашқы жасанды интеллект медиа зертханасын аштық. Оның аясында журналистерге қажетті AI-QazMedia жасанды интеллект көмекшісі жасалды. Бұл жұмыс жасанды интеллект және Big data кафедрасымен бірлесе пәнаралық бағытта жасалып жатыр. Бұл жерде айқындап алатын нәрсе бар. Медиа мамандары «жасанды интеллект салдарынан жұмыссыз қаламыз» деп қорықпауы керек. Керісінше, нейрожеліні журналистердің кәдесіне жарата білуді игергені мақұл. Бұл бағыттағы жұмысымызда біз әрдайым осы қағидатты көздейміз. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу мақсатында «AI&Media» магистрлік білім беру бағдарламасын ашып жатырмыз.
Елімізде медиа және коммуникация саласында ғалымдар өте аз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында былтыр факультетімізде диссертациялық кеңес ашылды. Онда журналистика, халықаралық журналистика, медиа және коммуникация салалары бойынша PhD докторанттар даярланады. Кеңес ашылғалы 7 бірдей докторант әлеуметтік медиа, жасанды интеллект, журналистика тақырыптарында диссертация қорғағаны – біз үшін үлкен қуаныш.
Факультетімізде білім беру сапасын арттыру – ұдайы назарымызда. Бұл тарапта жұмыс беруші мекемелермен тұрақты байланыс орнатып, олардың сұранысын ескеріп, оқу үдерісіне қоғаммен байланыс бағытында оқитындар үшін «үкіметпен байланыс (GR)», «медиа менеджмент», «дрон-журналистикасы» сияқты заман сұранысына сай мамандықтарды ашу жоспарымызда бар. Дронды басқару арқылы контент жасау яғни, дрон-журналистикасы – бүкіл әлемде 2019 жылдан бері оқытыла бастаған жаңа сала. Сонымен қатар факультетімізді Орталық Азиядағы бірегей білім беру медиахабына айналдырамыз деген асқақ мақсатымыз бар. Бұл – қолдан келетін іс. Қазір осы жолда жұмыс жүріп жатыр.
Бүгінде қаламгерлерден бөлек, журналистика факультеті түлектері арасында 1 мемлекеттік хатшы, 5 министр, 3 облыс әкімі, 2 елші, мемлекет басшысының 7 бірдей баспасөз хатшысы, Президенттің 2 кеңесшісі және қазіргі Парламенттің 8 бірдей депутаты, Жазушылар одағының тарихында төраға болған 5 тұлға да – факультетіміздің түлектері. Кәсіби мереке қарсаңында Мемлекет басшысы жуырда масс-медиа өкілдерін арнайы қабылдап, марапаттады. Осы қабылдауда болғандардың 80 пайызы біздің түлектер екен. Бұл да – мәртебемізді өсірген, көңіл марқайтар көрсеткіш. Біз әрдайым оларды мақтан тұтып, кейінгі буын студенттерге өнеге етіп айтып отырамыз.
Қанат Әуесбай,
филология ғылымдарының кандидаты,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы