❄️
2°C
Қонаев
Сәрсенбі, Қараша 5, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Алатауды аралағанда…

    11.07.2025
    in Барлық жаңалықтар, Білім-ғылым, Мәдениет
    Алатауды аралағанда…
    0
    SHARES
    10
    VIEWS

         Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде философия докторы (PhD), «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, белгілі фотожурналист Досжан Балабекұлының үш тілде жарық көрген «Алатауды аралағанда…» фотоальбомының тұсаукесері өтті. Кітап «Дарын» баспасынан жарық көрді.

    Шараны аталмыш университеттің философия және саясаттану факультеті философия кафедрасы ұйымдастырды. Айтулы іс-шараға оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы, жас ғалымдар, студенттер, БАҚ өкілдері мен фотожурналистер қатысты.

    Бұл фотожинақ арқылы оқырман фотосуреттерді эстетикалық, аксиологиялық таным тұрғысынан танып, ақпараттық, географиялық көріністерге куә болады. Табиғаты көз тартатын еліміздің асқақ Алатауы мен қарлы шыңдары, өзен-көлдері біздің өмір-сүретін экожүйеміздің ең негізгі бөлшегі. Сондықтан, бұл жерде біз сүйсінетін сұлулық та, қауіпті табиғи құбылыстары да қатар жүреді. Автор Досжан Балабекұлы Алматы мен Жетісу облысындағы таулы аймақтардың (Іле, Күнгей, Теріскей, Жетісу Алатауының) келбетін шынайы суреттеуге тырысады.

    Сурет өнері мен философияның өзара байланысын көрсететін фотоальбом жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына, философия, эстетика, медиа және қоғам, фотография, география, туризм салаларына қызығатын көпшілік оқырманға арналады.

    Бұл жинаққа Досжан Балабекұлының 12 жылдан аса түсірген фотосуреттері еніп отыр. Қазақ тау жүйесін екі сөзбен «Алатау» және «Қаратау» деп екіге бөліп ажыратады. Қазақ үшін екі тау жүйесінің де алатын орны ерекше. Қазақ тіршілігі дала табиғатымен де, тау табиғатымен де үндесіп жатыр. Оны қыс қыстауындағы, жаз жайлауындағы тіршілікпен байланыстырсақ та болады. Қазақ дүниетанымында таудың орны ерекше болған. Досжан Балабекұлы осы қасиетті сөзден бастап, оның географиялық дүниетанымын фотография тілімен суреттейді.

    Автор еңбекте өзіне үнемі қолдау білдіріп келе жатқан анасы, биология пәнінің мұғалімі Жеңіскүл Беркімбаеваға ерекше алғысын білдіре отырып, әр түрлі сапарларда бірге болған ағайынға ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ автор алғашқы көлемді еңбегін марқұм педагог-ұстаздар, атасы мен әжесі Балабек Беркімбаев пен Шолпан Балабекованың рухына арнады.

    Автордың айтуынша, фотожинақ шығару туралы ой осыдан 8 жыл бұрын «Айқын» республикалық газетінде жұмыс істеп жүрген кезінде пайда болған. Марқұм журналист Жолдасбек Дуанабай кітаптың атауын да өзі ұсынып кеткен екен. Әртүрлі қаржылық жағдайлар мен демеушіліктің болмауынан, әрі жылдар өте келе тақырыптардың кеңейгеніне қарай «Дарын» баспасының қолдауымен жарық көріп отыр. Автор баспаның ұжымы мен директоры Жанат Бекетан ханымға ризашылығын білдірді.

    – Фотография дегеніміз – өмірді бейнелейтін философия, сұлулық пен талғамды суреттейтін эстетика, шындық пен құндылықтан тұратын этика мен аксиология. Сондықтан да біз фотография мен философияның өзара байланысын негізге аламыз. Бұл еңбек жылдар бойы Алматы мен Жетісу облыстарының таулы аймақтарында болған сапарлардан жиналған фотосуреттерді құрайды. Оның ішінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау», ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Қазавиаорманқорғау» мекемелерінің ұйымдастыруымен өткізген аэровизуал бақылаулар мен «National Geographic Qazaqstan» журналы мен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жүргізген фотоэкспедицияларынан эксклюзив фотосуреттер де еніп отыр, – деп таныстырды Досжан Балабекұлы.

    Фотолар тек көркемдік тұрғыдан емес, ақпараттық, деректік мәнісімен де маңызды. Өйткені, бірқатар фотолары әлі де біз үшін жұмбақ, онда ешқандай медиа алаңдардан көрмеген таулы мұздықтар мен мореналық көлдер бейнеленген. Сонымен қатар, автор осы арқылы мұздықтардың еруі, су ресурстары сынды әлемдік мәселелерге назар аудартқысы келеді.

    Асылхан Әбдірайым, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті:

    – Бұл жинақ автордың ұзақ жылдар бойғы тау саяхаттары мен ғылыми экспедициялық сапарларының жемісі. Досжан Балабекұлы – табиғат туындыларын түсіруге бейім, фотографиядағы пейзаж жанрымен айналысып жүрген қазақстандық фотожурналистердің бірі. Оның шығармашылығында табиғаттың көркем көрінісі ғана емес, сол жер туралы ақпарат беретін деректер сақталған. Фотосуреттің деректенуі, ақпарат бере алуы, географиялық мәні байқалады, – деді ол.

    Шара соңында философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек, журналист Қуанышбек Қари, Бекзат Байшалов, Бауыржан Әбішев, фотожурналист Жеңіс Ысқабай, «Дарын» баспасының директоры Жанат Бекетан Досжан Балабекұлын жаңадан жарық көрген кітабымен құттықтап, сый-сияпат жасады. Кафедраның профессорлары Жақыпбек Алтаев пен Лесхан Асқар, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайымұлы тілектерін білдіріп, ақ батасын берді.

    Айта кету керек, Досжан Балабекұлы Қазақстан Журналистер одағының, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің, Қазақстан авторлары қоғамының мүшесі, халықаралық, республикалық, қалалық фотобайқаулардың жеңімпазы, Қазақстан Журналистер одағының Рахымбай Ханалы атындағы сыйлығының лауреаты.

    Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» төсбелгісімен, Ғылым және жоғары білім саласына сіңірген ерен еңбегі үшін және Қазақ Ұлттық университетінің өркендеуі мен дамуына қосқан зор үлесі үшін «Farabi» алтын медалімен марапатталған.

    Фотоөнерді өміріне серік еткен Досжан Балабекұлы табиғаттың әлі де беймәлім қырлары мен сырларын жүрек көзінен өткізіп, бізге тамаша туындылар сыйлай берері хақ.

    Дәурен ЕРМЕКБАЙ

    Ұсынымдар

    Жұмыссыздар үшін МӘМС жарнасы бюджет есебінен төленеді

    Жұмыссыздар үшін МӘМС жарнасы бюджет есебінен төленеді

    4 months ago
    Алматы облысында ерекше балаларға арналған көмек инфрақұрылымы кеңейіп келеді

    Алматы облысында ерекше балаларға арналған көмек инфрақұрылымы кеңейіп келеді

    5 months ago
    Алматы облысының жастары донор болды

    Алматы облысының жастары донор болды

    5 months ago
    Медиа менеджмент және журналистиканың                                                                                                            экономикалық тұрақтылығы

    Медиа менеджмент және журналистиканың экономикалық тұрақтылығы

    3 weeks ago
    «Таза бейсенбіге» белсене қатысты

    Тазалық пен тәртіп өркениетке бастайды

    6 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>