ҚР Парламентінің қос палата депутаттары Жанболат Жөргенбаев, Сұлтан Дүйсембінов, Закиржан Кузиев пен Жанарбек Әшімжан, Данияр Қасқарауов, Максим Рожин Алматы облысындағы жұмыс сапарын Қонаев қаласында аяқтады. Он күн аймақ аумағындағы аудандарды аралаған депутаттар сапар соңында облыс әкімдігінде жергілікті мәслихат депутаттарымен, қоғамдық палата мүшелерімен және басқарма басшыларымен кездесті.
Кезекті сапар барысында депутаттар аудандардағы ирригация және дренаж жүйелерінің құрылысымен, сондай-ақ оларды жаңғырту және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды саралады. Өз кезегінде Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев Алматы мен Жетісу облыстарында су қоймасын салу қажет екенін алға тартты. Халық қалаулысының айтуынша, су қоймалары салынса, егістікті қажетті тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту артады. Бұл мәселені шешуге қомақты қаржы бөлінгенімен, жоба тым баяу жүзеге асып жатқан көрінеді.
– Былтыр Алматы облысы әкімдігі мен ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Ислам даму банкіне Райымбек, Кеген, Жамбыл, Іле, Талғар, Ұйғыр аудандары мен Қонаев қаласындағы суару жүйелерін қайта жаңғырту жобаларын қаржыландыруға өтінім жолдаған. Қазіргі таңда өтінім министрлік тарапынан қолдау тауып, жобаларды екі кезеңге бөліп қаржыландыру Ислам даму банкі тарапынан мақұлданды. Қайта түзету жұмыстары 2025 жылдың IV тоқсанында аяқталып, канал құрылысы қайта жанданбақ. Су тапшылығы мәселесін шешу – ауыл шаруашылығымен қатар, елдімекендердің тіршілігі үшін де аса маңызды, – деді Жанболат Жөргенбаев.
Халық қалаулылары ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесіп, ауылдық жерлердегі өндірістік процестердің жай-күйі, шаруа қожалықтарының алдында тұрған қиындықтар, өңірлердегі әлеуметтік экономикалық жағдай туралы пікір алмасқандарын да тілге тиек етті. Олардың сөзінше өңірдегі өзекті мәселелерді оңтайлы шешуге Парламентте қаралатын заң жобалары да өзіндік ықпал етеді.
– 8-шақырылым Парламентінің III сессиясында 158 заң жобасы қаралып, олардың 89-ы қабылданды. Сессия барысында біз әлеуметтік саясат пен азаматтарымыздың мүддесі бұлжымас басымдық екенін айқын көрсеттік. Бұл, ең алдымен, елдің басты қаржылық құжаты – үшжылдық бюджетте көрініс тапты. Атап айтқанда, шығыстардың шамамен 40 пайызы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау салалары мен әлеуметтік төлемдерге баса назар аударылды, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатты Жанарбек Әшімжан.
Қос палата депутаттарымен кездесуде қоғамдағы қордаланған өзекті мәселелер қаузалды. Атап айтқанда, қоғамдық палата мүшелері жерді меншіктеу, су каналдарын жүргізу сынды ауыл шаруашылығы саласындағы қиындықтарды айтып, депутаттарды аталған мәселелерді тиісті орындарға жеткізуін өтінді. Өз кезегінде қос палата өкілдері екі сағаттан астам уақытқа созылған жиында айтылған барлық проблеманы шешуге аянбай атсалысатындықтарын жеткізді. Олар жұмыс сапары барысында көтерілген мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолдап, жүйелі шешімдер қабылдауға бастамашы болатындарын айтты.
Бүгінде Мәжіліс пен мәслихат арасында байланыс нығайып келеді. Өйткені өңірдегі депутаттар көтерген өзекті мәселелердің шешім табуына мәжілісімендер атсалысып келеді. Бұл тұрғыдан өзара ықпалдастық арта беретіні анық.
– Бүгінгі басқосу – ел дамуы жолындағы маңызды мәселелерді бірге талқылап, ортақ шешім іздеген ұтымды алаң болды. Жол инфрақұрылымын жақсарту, шалғай елдімекендердің жағдайын көтеру секілді көкейкесті тақырыптар төңірегінде пікір алмасып, нақты ұсыныстар айтылды. Өңірдегі өзекті жайттарды өз көзімен көріп, елмен етене араласып, қолдау білдіріп отырған Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына шынайы ризашылығымызды білдіреміз, – деді кездесуді түйіндеген облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев.
Ерзат АСЫЛ