Ауыл баласының арманына қанат бітіріп, спорт арқылы олардың болашағына жол ашып жүрген білікті жаттықтырушы – «Jetigen Junior»
футбол клубының жетекшісі Медет Оразбеков. Ол – жасөспірімдерге арналған футбол клубының негізін қалаушысы әрі бас жаттықтырушысы.
Жас буынды спортқа баулуды мақсат еткен жаттықтырушы 2022 жылы аталмыш футбол клубын құрды. Алғашында небәрі 14 баламен жұмысын бастаған командада бүгінде 60-тан астам жеткіншек бар. Жаттығулар аптасына бірнеше рет өтеді. Ұйымдастыру, тасымал, киім мен жарыс шығындарының бәрін Медет Болатұлы ата-аналармен бірігіп көтереді.
– Бұл клубты құрудағы негізгі мақсат – ауылдан шыққан дарынды балаларды қолдау. Олардың өз қатарластары сынды жарысқа қатысып, дамып, үлкен аренаға шығуына жол ашу, – дейді жаттықтырушы.
Медет Болатұлы – жұмысын шын ниетпен істейтін жан. Әрбір баланың мінезіне бейімделіп, бәрін сабырмен түсіндіру, сеніммен қарау – ол үшін басты ұстаным. Оның айтуынша, футболшы боламын деген балада ең алдымен тәртіп, тұрақтылық пен табандылық болуы шарт. Сонда ғана нағыз спортшы қалыптасады.
Алайда қиындықтар да жоқ емес. Жергілікті жерде футбол алаңы бар, бірақ бұл клубқа ресми түрде ешбір алаң бөлінбеген. Сол себепті жаттығуларды өткізуде едәуір кедергілер туындайды. Әсіресе қыс мезгілінде тұрақты жаттығу залы тапшы. Көп жағдайда мектеп ауласын немесе бос алаңды уақытша пайдалануға тура келеді.
Егер тұрақты орын берілсе, балаларды жарыстарға жүйелі түрде дайындауға мүмкіндік ашылар еді.
Оның сөзінше, балаларды жарысқа апару – үлкен жауапкершілік. Қаржылай қиындықтар кездескенімен, жарыстар жас спортшылардың дамуына, тәжірибе жинауына жол ашады.
– Ауданаралық жарыстарға қатыстық. Алматыда өтетін үлкен сайыстарда да бақ сынадық. Жетістіктеріміз де бар. Бірақ ең маңыздысы – балалардың спортқа деген сүйіспеншілігі, – дейді ол.
Жаттықтырушы шәкірттерінің әр жетістігіне шын қуанады. Әрдайым қолдайды. Клубтағы үлкен топтың қақпашысы Мейіржан Жасақшиев жетекшісіне деген алғысын былайша жеткізді:
– 2023 жылдан бері осы командада жаттығып келемін. Қаншама жарысқа бардық. Жаттықтырушымыз бізге жол көрсетіп, спортқа деген сүйіспеншілігімізді арттыруда. Алға қойған мақсатым – ұлттық құрамада ойнау. Клуб маған үлкен жігер сыйлады. Осыннан көп дос таптым. Менің екінші отбасым десем артық емес.
Тағы бір жас ойыншы – Алмас Бұқарбай. Ол бұл клубта 2024 жылдан бері қорғаныс шебінде ойнап келе жатыр. Алмас алдағы уақытта осы клубта кәсіби деңгейде ойнағысы келетінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл жай арман емес – нақты мақсат. Алдына мұндай үлкен мақсат қоюында жаттықтырушының үлесі зор.
Медет Болатұлы үшін бұл сөздер – ең үлкен алғыс. Себебі ол балаларға тек спорт емес, өмір мектебін де үйретіп жүр.
– Баланы футболға ғана емес, өмірге бейімдеуіміз керек. Жарысқа дайындық, тәртіп, жауапкершілік, ұжыммен жұмыс істеу – бұлар тек спортта ғана емес, өмірде де қажет қасиеттер. Мен соларды үйретуге тырысамын, – дейді жаттықтырушы. – Кейде шәкірттерімнің ішінен ерекше қабілетті балаларды байқаймын. «Мына балада болашақ бар» деп іштей сенемін. Олардың көзіндегі жалын – менің үмітім. Қазір клубта 2010-2015 жылы туған балалар ойнайды. Кейбірі 7 жастан бастап келген. Алдағы уақытта ауылдың атын шығаратын команда құруды армандаймын. Ол үшін қажет нәрсе – тұрақты алаң. Егер бізге қысқы уақытта жаттығуға арналған алаң берілсе, бұл ісімізге үлкен серпіліс болар еді. Қазір, өкінішке қарай, ондай мүмкіндік жоқ. Дегенмен қолда барды пайдаланып, балаларды футболға баулып келеміз, – дейді Медет Болатұлы.
Жаттықтырушының арманы – ауыл балаларын үлкен спортқа алып шығу. Сол үшін бар күшін, уақытын, тіпті қаржысын да аямай отыр. Себебі бұл – тек жұмыс емес, жүректен шыққан миссия.
– Менің мақсатым – сол арманның жолында талмай еңбек ету. Егер бүгінгі бала кәсіби футболист болмаса да, спортқа жақын, өмірге бейім, салауатты өмір салтын ұстанатын азамат болса, менің миссиямның орындалғаны, – дейді ол.
Жаттықтырушы алдағы жоспарларымен де бөлісті. Айтуынша, тамыз айында екі бірдей чемпионат күтіп тұр.
– Біз әр чемпионаттың алдында балалардан: «Қай жарысқа барғыларың келеді? Қай бағыт сендерге қызығырақ?» – деп сұраймыз. Себебі олардың таңдауы мен ынтасы – біз үшін өте маңызды. Баланың пікірін тыңдау – оны құрметтеудің бір жолы. Бұл – олардың өз ісіне жауапкершілікпен қарауына да көмектеседі, – дейді ол.
Сөз соңында жаттықтырушы кез келген салада жүрген маман болсын, өз ісіне адалдықпен қарау керегін баса айтты. Себебі тек шынайы жанашырлықпен, жүрекпен атқарылған еңбек қана нәтиже береді. Осы ретте клуб – жай ғана футбол үйірмесі емес, бұл – ауыл балаларын арманына апарар баспалдақ.
Диана ҚАНАТ
Алатау қаласы