Кеген өзенінің солтүстігіндегі Көмірші тауының етегінде шағын қыстақ бар. Ол да Көмірші деп аталады. Елдімекен әкімшілік тұрғыда Райымбек ауданы Сарыжаз ауылдық округіне қарайды. Айналасы табиғатқа бай, көркем де сұлу. Мұндағы «Көмірші арасаны» жазда демалушылардан босамайды.
Ағып жатыр арасан-бұлақ мұнан,
Сарқырайды төменге құлап құздан.
Табиғат қисынына таңғаласың,
Тастан да жас ағызып «жылатқызған».
Мөлдірейді бұлақтың тамшылары,
Тамшымен де талайды «қамшылады».
Бірінен бірі биік қарағайлар,
Бұлтқа найзағайдай шаншылады, – деп жырлап кеткеніңді өзің де байқамай қаласың.
Осы 30-40 түтіндік кішкентай ауылдан Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған азаматтар аз емес. Оның ішінде қан майданнан оралмағандары қаншама?! Жорықтан елге аман-есен келіп, өсіп-өнгендер де бар. Олар халық шаруашылығын өркендетуге үлестерін қосты. Майдангерлер арасында қайын аталарымның бар екенін мақтан тұтамын. Естеліктер арқылы зайыбым Гүлзира Тұрысбекқызы екеумізден тараған жиендері аталарын әрқашан өнегелеп отырады.
Ол кісілер Жолдыбай бабаның бір бұтағы Әміржаннан – Нұрмұханбет, Баймұханбет болып тарайды. Нұрмуханбеттен – Жүнісақын, Қожақ, Әли, Тұрысбек, Кенже. Баймұханбеттен – Шайхислам, Станпол.
Нұрмұханбет әулетінен – Жүнісақын, Қожақ, Әли, Тұрысбек аталарым қан майданға аттаныпты. Баймұханбеттен – Шайхислам ата ел қорғаушылар сапында қару асынған. Енді аз-кем деректерге жеке-жеке тоқталып өтейін. Оқырмандарға аталалар бейнесін көрсетейін.
Жүнісқан Нұрмұханбетұлы – 1905 жылы туған. 1942 жылы майданға аттанады. Сталинград үшін болған шайқасқа қатысады. 1995 жылы Ресейдің Пенза посёлкасына жерленгені белгілі болады. Әйелінің құрсағында қалған ұлы Жеңістен немерелері өсіп, ержетті.
Қожақ Нұрмұханбетұлы – 1910 жылы өмірге келген. 1941 жылы соғысқа аттанады. Атақты 100-дивизия құрамында жауға қарсы кескілесе шайқасқан. Жеңіс туын желбіретіп, туған жерге аман-есен оралады. 1978 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Айша апамызбен отасып, екі ұл өсіріп, немере сүйіп, бақытты жандар атанды.
Әли Нұрмұханбетұлы – 1917 жылы туған. 1941 жылы майданға аттанып, Венгрия, Украина, Латвия, Белорусь жеріндегі ұрыстарға қатысады. Соғысты Германия жеріне дейін жалғастырады. Көрсеткен ерлігі үшін бірнеше медальдармен, ордендермен марапатталған. 1945 жылдың соңында туған ауылы Көміршіге оралады. 1946 жылы Забира апамызға үйленіп, бақытты ғұмыр кешті. 83 жасында дүниеден озды.
Шайхислам Баймұханбетұлы – 1924 жылы дүниеге келген. Көміршінің перзенті. 1943 жылы ақпан айында соғысқа аттанды. 251-атқыштар дивизиясында офицерлік қызмет атқарады. 1944 қараша айына дейін Смоленск облысындағы шайқастарға қатысқан. Батыс майданында, Белорусь майданында Отан үшін от кешеді. «Суворов», «Кутозов» ордендерімен марапатталған.
Нарынқол аудандық партия комитетінде 1985 жылға дейін екінші хатшы болып, он жеті жыл жұмыс істеген. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі мен «Құрмет белгісі» орденін иеленген. 2010 жылы өмірден өтті. Зайыбы Мейірхан Тілеубаева апамыз тыл ардагері.
Тұрысбек Нұрмұханбетұлы – 1926 жылы өмірге келді. 1944 жылы қараша айында әскерге шақырылған. Белорусь майданына қатысқан. Берлин қаласын алуға араласады. «Ұлы Отан» соғысы орденімен, «Жеңіс» медалімен және «Ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Екі рет жергілікті кеңеске депутат болып сайланған. Райымбек ауданының Құрметті азаматы. Зайыбы Ташбүбі Нұрниязова бастауыш сынып мұғалімі, ұлағатты ұстаз, тыл ардагері. Сегіз бала тәрбиелеген үлгілі отбасы. Барлық ұлдары мен қыздары жоғары білімді.
Міне, сұрапыл жылдар тағдырына тура келген бір әулеттің өнегелі өмірбаяндары осындай. Қазір ол кісілер арамызда жоқ. Бірақ қайсар рухтарымен күн сайын сырласамыз. Артындағы ұрпақтарының бойына аталар даңқы күш дарытады. Сол туралы айтайын деп қолыма қалам алған едім.
Тұрсынбай Исанбеков,
Райымбек ауданы