Қапшағай су қоймасының жағалауындағы «ASP Club» отбасылық ойын-сауық кешенінде «Байсерке аспаны – 2025» атты авиашоуын ұйымдастыруға қатысты баспасөз конференциясы өтті.
Авиашоу ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті және авиациялық әкімшілігінің, облыс әкімдігінің, туризм департаментінің қолдауымен өткізіледі.
Баспасөз конференциясында «Тянь-Шань» авиациялық компаниясының бас директоры Владимир Анцупов, «Кіші авиацияның қазақстандық қауымдастығының» президенті Өмірбек Кеңесбаев, туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы 17 тамыз күні «Байсерке» әуеайлағында өтетін еліміздің ең ауқымды авиа шоуына дайындық барысын хабардар етті.
Баяндамашылардың айтуынша, авиация әуесқойлары үшін үлкен мереке өтеді. Басты мақсат – шағын авиацияны дамыту және ұшқыштардың жаңа буынын қалыптастыру. Қонақтарды Як-52, Як-55, Як-18Т ұшақтарында және Ми-2 тікұшағында ұшқыштардың керемет қойылымдары, демонстрациялық ұшулар, авиамодельдік шоулар, жалаулар мен түтін эффектілері бар парашютпен секіру, брендтелген әуе шарларының көтерілуі, ашық аспан астындағы авиатехника көрмесі, жұлдыздар мен үрмелі аспаптар оркестрінің қатысуымен концерт, шеберлік сыныптары мен ойын алаңдары бар балалар қалашығы күтеді.
«Байсерке аспаны» жобасы – жай ғана керемет шоу емес, маңызды әлеуметтік миссия. Бұл авиацияны жастар арасында танымал етуге, инженерлік ойлауды дамытуға ықпал етеді. Аспан туралы армандайтындардың барлығына арналған мереке жылдың басты авиациялық оқиғаларының бірі болмақ. 14 жасқа дейінгі балалар мен зейнеткерлер тегін тамашалай алады.
Іс-шара өтетін күні меймандар үшін Байсерке ауылынан әуеайлағына дейін қоғамдық көлік жүреді. Еуропалық және азиялық асханасы бар фудкорттар, VIP-аймақтар мен базар-алаңдар жұмыс істейді. Медициналық қызмет көрсету және қауіпсіздік аймақтары көзделген.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ