Журналистер Қайнар ауылдық округіне ұйымдастырылған пресс-тур аясында өңірдегі бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Іссапар барысында тілшілер алдымен Көктал ауылындағы жол жөндеу жұмысының барысын бағамдады.
Биыл Қайнар ауылдық округіне қарасты Көктал ауылындағы 9 көшеге асфальт төсеу жұмысы басталған. Ауылдық округ әкімі Нұрбол Есенбаевтың айтуынша, жалпы ұзындығы шамамен 4 шақырымды құрайтын жол жөндеу жұмысы «МН Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген. Жобаға сәйкес, аталған серіктестік Көктал ауылындағы 9 көше мен Еркін ауылындағы 6 көшеге асфальт төсейді. Жоспарланған жұмыстың толық аяқталу мерзімі – тамыз айының соңы. Жол – ел дамуының күретамыры екенін ескерсек, бұл – тек бір елдімекеннің емес, тұтас өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Бұдан соң журналистер Еркін ауылында заманауи кіші футбол және балалар ойын алаңының ашылу салтанатына куә болды. Мұнда воркаут алаңы да қарастырылған.
Айта кетер болсақ, Қайнар округінің құрамына 9 елдімекен енеді. Бұған дейін ауылдарда арнайы спорт алаңдары болмаған. Жаңа алаң балалар мен жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік ашуда. Ауыл әкімінің айтуынша, алдағы уақытта өзге де ауылдарда осындай ойын және спорт алаңдарын салу жоспарланған.
Қуанышты сәтте алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген облыстық мәслихат депутаты, Талғар ауданының Құрметті азаматы Сұлтан Нұрдәулетов:
– Еліміздің әр түкпірінде салауатты өмір салтын насихаттауға арналған осындай орталықтар ашылып жатыр. Бұл – мемлекеттің ауылды дамыту жолындағы жүйелі саясатының жемісі. Бүгінгі жайдарлы күн – сол еңбектің нақты нәтижесі деп ойлаймын. Ауыл тұрғындарына, осы іске атсалысқан округ, аудан және облыс әкімдеріне алғысымды білдіремін. Ертең осы шағын алаңнан шығып, еліміздің көк байрағын биікте желбіретіп, Гимнімізді шырқататын мықты спортшылар өсіп шығатынына сенемін, – деді.
Келесі кезекте сөз алған Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Ерікұлы:
– Құрметті ауылдастар! Көптен күткен қуанышымыз құтты болсын! Кіші футбол алаңы ауылымыздың жас өрендеріне қызмет етсін, спортқа деген сүйіспеншілігін арттырсын! Ауылымыз көркейе берсін, – деп ақжарма тілегін жеткізді.
Бір күннің ішінде журналистер ауылдың көркіне көрік қосқан екі маңызды жобамен танысып, ауыл келбетін жаңартуға бағытталған игі істердің куәсі болды. Бұл – тек Қайнар округінің емес, бүкіл Талғар ауданының даму қарқынының бір көрінісі.
Құралбек Сәбитов
Талғар ауданы