Аймақ әлеуетін арттыруда ауыл шаруашылығы саласының алар орны зор. Бұл орайда облыста экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті іс жүзеге асырылуда. Республикалық көрсеткіш бойынша Алматы облысы ауыл шаруашылығында жалпы өндірілген өнім көлемі жағынан 12% үлеспен 2-орында тұр.
Биыл алты айда ауыл шаруашылығында жалпы өндірілген өнім көлемі 220,6 млрд теңгені және нақты көлем индексі 103,0%-ды құрады, бұл бекітілген жоспарға сай. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 15,8 млрд теңгені (нақты көлем индексі 110,1%) және мал шаруашылығы 204,6 млрд теңгені (нақты көлем индексі 102,5%) көрсетуде.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары
434,1 мың гектарға себілді, жалпы егістік көлемі 10,2 мың гектарға артты. Былтыр 423,9 мың гектарды құраған болатын. Дәнді дақылдар себілген 171,7 мың га алаңның бүгінде 38 мың гектары жиналып (22,2%), 68 мың тонна астық бастырылды, орташа өнімділігі 17,9 ц/га. Минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі 49,1 мың тоннаны құрады, бұл жоспарлы көрсеткіштің 80,8%-ына тең. Жоспар – 60,8 мың тонна.
Су үнемдеу технологиясы облыс бойынша 57,8 мың гектар алаңға енгізілді. Бұл жоспардың 86,8%-ын құрайды. Жалпы 66,6 мың гектарға енгізу көзделген. Биыл 20,2 мың га жаңа алаң қосылған, оның ішінде тамшылатып суару – 9,0 мың гектар, жаңбырлатып суару – 11,2 мың гектарды құрайды. Жыл соңына дейін тағы 9,5 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілмек.
Ауыл шаруашылығы техника паркін жаңартуға да мейлінше көңіл бөлінуде. Бірінші жарты жылдықта 4,2 млрд теңгеге 251 бірлік техника алынды. Жылдық жоспар бойынша 490 бірлік техника алу қарастырылған, жаңару қарқыны 6,5%-ды құрайды. Бүгінде бекітілген жоспардың 51,2%-ы орындалды.
Егін шаруашылығына бағытталған «Кең дала» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 59 тауар өндірушіге 2,7 млрд теңге көлемінде қаржы берілді. Облыс бойынша жалпы 15,7 млрд теңге қарастырылған. «Қонаев» ӘКК» АҚ арқылы қосымша, 2,0 млрд теңгеге
6 адамға несие берілді.
Мал шаруашылығы саласындағы оң серпінді ірі қараның 19,1%-ға, ұсақ малдың және ет өндірісінің 3,1%-ға, сүт өндірісінің 3,8%-ға өсуінен байқауға болады. Жалпы облыс республикада ет өндірісінен 1 орын, құс саны жағынан 2 орын, ұсақ мал басы бойынша 3 орынға ие. Аймақта 21,7 мың басқа арналған 56 тауарлы сүт фермасы, 47,8 мың басқа шақталған 56 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді.
Бүгінде мал шаруашылығын дамыту мақсатында жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында облыс бойынша
13 тауарлы сүт фермасы қаржыландырылып, оның 8-і жұмысын бастады. Қалған жобалар жыл соңына дейін іске қосылады. Бұл жобалар толығымен жүзеге асырылған кезде сүт өндірісі 30,0 мың тоннаға ұлғайып, өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бағдарлама шегінде 5,9 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы және 4,7 мың басты қамтитын етті бағыттағы ұсақ мал жобасы қаржыландырылды.
Облысымыз құс етін өндіру бойынша көшбасшы болып саналады. Аймақта өндірілетін құс еті жалпы республикалық көлемнің 30,2%-ын немесе
71,1 мың тоннасын құрайды. Облыс көлемінде қуаттылығы 153,5 мың тонна болатын ет бағытындағы 6 құс фабрикасы және өнімі 515 млн дананы құрайтын 3 жұмыртқа фабрикасы, сондай-ақ 80 млн дана инкубациялық жұмыртқа шығаратын асыл тұқымды құс өсіру репродукторы жұмыс істейді.
Облысымыздағы ірі құс фабрикасы – «Прима құс» ЖШС жыл соңына дейін қуаттылығы 8,8 мың тонна болатын
ет бағытындағы инвестициялық жобаның 2-ші кезеңін жүзеге асыра отырып, жалпы өнім көлемін 17,5 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл жоба аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосады.
Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы бастамалар аясында
17 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Алты айдың ішінде 7 жоба іске қосылды. Бұл қатарда тауарлы сүт фермалары және жеміс-көкөніс қоймасы жобалары бар.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына 59,5 млрд теңге инвестиция тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,6 есеге артты. Жылдық жоспар – 135,1 млрд теңге.
Бүгінде шегіртке тектес зиянкестерге қарсы
113,9 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмысы жүргізіліп, жоспар 100%-ға орындалды. Оның ішінде итальяндық прусқа қарсы химиялық өңдеу жұмысы – 46 755 га, азиялық шегірткеге – 16 683 га, саяқ шегірткеге қарсы 50 559 га алқапты құрайды.
Науқан кезінде барлығы 201 адам, 46 автокөлік қатыстырылды. 15 жер үсті бүріккіш техникасы, бір жеңіл, 5 аса жеңіл ұшақ, 4 бүріккіш және 2 дрон аппараты химиялық өңдеу жұмысына тартылған.
Саяқ шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмысына
349,9 млн теңге бөлінді. Шегірткелерге қарсы 873,5 мың гектар жерге мониторинг және өңдеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілді.
Жалпы агроөнеркәсіптік кешен саласын дамыту бағытында жоспарланған істің орындалу барысы басты назарда.
Алма ЕСЕНБАЙ