Кәкең, Камнұр досымды айтам, «Сапаш көке» дейтін еді. Сапаш көке десе, дегендей, жаны жайсаң даладай, мінезі жарқын баладай, өзім деген адамға өзегін жұлып беретін өзгеше жаратылған жан болатын. Жанының жомарттығы мен жүрегінің кеңдігі, Төле бидей тіліп айтатын турашылдығы кімді болса да тәнті етуші еді.
Өзінің білмейтіні жоқ, көпті көріп, көп оқыған, жадына көп нәрсені тоқыған. Аузын ашса көмекейі көрінетін қазыналы қарияның қасында бірер сағат отырып қайтудың өзі маңайын дабыратып, жаныңды жадыратып, көңіліңнің көкжиегін кеңейтіп, ойыңа ой, біліміңе білім қосып жіберетін. Ең алғаш бұл кісімен осы Камнұр досымыздың үйінде отырып таныстық. Бұрын да кездескен жерде «Сәке, менің бір керемет көкем бар. Өзі ақын әрі мұғалім, керемет кісі. Сапарғазы деген ағамыз. Мен өзім «Сапаш көке» деймін. Сізді, Құдай қаласа, сол көкеммен таныстырамын», – деп жүретін еді. Сабақты ине сәтімен деп, осылайша кездесіп, танысуымыздың реті келе қалды. Өзіме бірден ұнады. Жан баласын жатырқамайды, еш нәрсесін жасырып, жаппайды. Ең керемет қасиеттерінің бірі – өнерді бағалап, өнерді ерекше сүйетіндігі. Сұраса келсек, елінің қожа екенін де бірден айтып салды. Ұзақ жылғы сырлас адамдай тіл табысып, бірден шүйіркелесе кеттік.
«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» демекші, өзімнен мүшел жастай үлкендігі болса да, жасы бірге құрдас адамдай қатты қалжыңдасып кеттік. Оған себеп, біріншіден, ол кісінің жары, Құдай қосқан қосағы Ұлтуған апайымыз руы жағынан Жалайырдың қызы, яғни маған әпке болып келеді екен. Сондықтан бірден жезде деп қалжыңдассақ, екіншіден, өзінің кішіпейіл де қарапайым, қалжыңды қатты жақсы көретін қазақы болмысы мен мінезінің арқасы еді. Ұзақ жыл мектептерде мұғалім болған әрі мектептің басшылық қызметтерін де абыроймен атқарған ұлағатты ұстаз. Кешегі Кеңестік кезеңнің коммунистік партиясының шыңдалу мектебінен өтіп, шындықтың ғана жолында жан аяспас жанкештілікті мойнына мықтап алған таптырмайтын кадр екені көрініп тұр. Әрбір істің ұңғыл-шұңғылын жазбай танитын іскер басшы, мықты саясаткер екендігіне де әбден көз жеткізген жағдайымыз бар. Әйтеуір нені істесе де, елдің игілігіне, қарапайым халықтың мүддесіне пайдам тисе екен деп істейтін. Ақысыз, пұлсыз атқаратын, еңбегін еш бұлдамайтын. Әсіресе ауыл тұрғындарының мұңы мен мұқтажын мұқият тыңдап, көп уақыттан бері қордаланып, күрмеуі қиындап кеткен күрделі мәселелерді шешуде асқан шеберлік пен іскерлігін танытқан қайраткер тұлға. Ауыл қарапайым халық тұрып жатқан елдімекен болғандықтан да ең бірінші оның жолы, суы, жарығы мен жылуы, ауылдағы мектеп пен дәрігерлік бөлімше (медпункт), мешіт секілді тағы толып жатқан қоғамдық мекемелер мен халыққа қызмет көрсету саласындағы сан мыңдаған сауалдың сауатты шешілуіне өзінің ағалық, ақсақалдық ақыл-парасаты әрі іскерлік тәжірибесімен бөлісе отырып, талай-талай оңды шешімін тапқан сауатты да сауапты істерінің куәсі болдық. Әйтеуір босқа қарап жүре алмайды. Жазуға да, сызуға да бейімділігімен жаңаша ойлап, жаңалық ашуға жаны құштар жан болатын. Ауылы мен аудандағы қоғамдық жұмыстардың қандайына болса да қарап тұра алмайтын, белсеніп, бел шешіп кірісіп кететін ерекше қасиетімен тек ел алғысына ғана бөленіп, еңбегімен еленіп жүрген елдің ағасы болды.
Сапаш көкеміз көптеген игі жақсы адамдармен де жақын араласты. Аудан ғана емес, атағы иісі қазаққа танымал әйгілі сатирик, сазгер, ақын, атбегі Қажытай Ілиясұлымен, өзінің жанындай жақсы көріп кеткен полковник шеніндегі ұлтжанды ақын інісі Ілияс Қындыбай секілді дара тұлға ағаларымызбен де талай дастарқандас болып, сыйласып жүрдік. Алайда осы кісілердің өмірден өткен кездегі қайғысына қабырғасы ерекше қайысып, «Е, қайран Ілияс» деп туған бауырынан ажырағандай күй кешкенінің де куәсі болдық. Бұл да көкеміздің асқан адалдығы мен ерекше бауырмалдылығының белгісі еді.
Бұл кісінің араласып, атсалыспаған бірде-бір қоғамдық жұмысы болмады десек, еш артық айтқандық емес. Әлі есімде, 2008 жылдың 25 қазан күні Республика күні мерекесіне Сапаш көкені аудан көлемінде болатын салтанатты мерекелік жиналысқа шақыртыпты. Ал біз болсақ, алдын ала жоспарланғандай, дәл сол мереке күнімен орайластырып, Қайнар ауылдық округінің орталығы Еркін ауылындағы «Ай-Абылай» мешітінің ашылу салтанатын өткізуге келдік. Ол кездегі сол ауылдық округтің әкімі, іскер басшы, марқұм Абай Сәдуақасұлы деген азамат болатын. Абай бауырымыздың өз қолынан келгенше халыққа жасаған жаңалығы мен жақсылықтары өте көп болған еді. «Ақылдасқан азбайды», «Ақылдасқан жерде береке бар» демекші, ұлтын сүйіп, еліне жақсылық істеуге ұмтылған ұлтжанды жігіт Абай әкімнің ұтқан жері де ауыл ақсақалдарының алқасын құрып, кімнің қандай мұң-мұқтажы бар, кімнің тұрмыс-жағдайын кімдер жетік біледі, соларға баса назар аударып, әсіресе, сол кездері жерді бөліске салып, шетінен сатып, ен байлыққа батып отырған әкім-қараларға ұқсамайтын, жер телімін сатып алуға қыруар қаражаты жоқ қарапайым халыққа әділетті түрде тұрғын үй құрылысын салу үшін ақшасыз жер беруге үлгі боларлықтай өнегені сол Қайнар ауылдық округінің әкімі Абай бауырымыз көрсетіп еді. Қалыпқа салсаң, халыққа сал деген ұстаныммен ауылындағы Дәулетқазы, Құсайын, Дүйсенәлі, Тұрсынғали Саудабаев секілді саңлаулы да салиқалы ел ағаларының ақыл-кеңесімен ел ықыласын иеленіп, үлкен абыройға кенелгенін білеміз.
Міне, осындай санаулы саңлақ қариялардың ішіндегі көшбасшысы, серкесі секілді Сапаш көкеміздің де орны мен еңбегі ерекше болатын. Осы мешіт құрылысының ең алғаш басталған күнінен бастап өзінің қаржылай да, ағалық та ақылы мен көмегін беріп, бас демеушісі болған ауыл әкімі Абай бауырымызға шын қолдау білдірген жанның бірі екенін жақсы білетіндіктен мешіттің ашылу салтанатын жүргізген ақын Камнұр досымыз жиналған жұртшылықтың ішінен Сапаш көкемізге сөз береміз деп іздеп таппай қалады. Сөйтсек, ол кісіні аудан әкімінің ұсынысымен арнайы өтетін салтанатты мерекелік жиынға шақыртып, марапаттау рәсімін жасаған екен. Талғар ауданының Құрметті азаматы деген абыройлы атағын иеленіп, біз мешіттің ашылу салтанатын аяқтап, мерекенің екінші бөлімі, яғни арнайы жайылған дастарқанға жайғаса берген сәтте, омырауында екі бірдей төсбелгісін жарқыратып, Сапаш көкеміз кіріп келе жатты. Оның біреуі бұрынырақта алған «Қайнар ауылдық округінің Құрметті азаматы» болса, екіншісі Республика күні мерекесіне орай өңіріне қадаған «Талғар ауданының Құрметті азаматы» атағының төсбелгісі болатын. Қос қуаныштың куәсі болған Сапаш көкемнің көңілі ерекше көтеріңкі еді. Бірі ауданның Құрметті азаматы атағын алып жатса, екіншісі – ауылында көптен күткен мешітінің ашылу салтанаты. Той тізгінін қолына алып, қазақы қалжыңымен көпшілікті күлкіге қарық қылып жүретін Камнұр досымыз қашанғы қалжыңбастығына салып, дастарқан басына енді ғана жайғаса берген көпшілікке қарап, әзіл-шынын араластыра:
– Ал, қадірлі ағайын, бір минутқа орындарыңыздан тұрыңыздар! Сіздердің алдарыңызға Талғар ауданының су жаңа Құрметті азаматы Сапарғазы Сұлтанғазы көкеміз келді. Сол кісіге ерекше құрмет көрсетейік, – дегені сол еді, дәл осы сәтті арнайы күтіп отырғандай екі жүзге жуық адамның бір кісідей орындарынан дүр көтерлігендері кімге болса да ерекше әсер қалдырғандай еді. Көпшілік жұрттың мұндай күтпеген ерекше құрметіне дән риза болып, еш саспастан жымиып тұрған Сапаш көкемізге тағы да Камнұр:
– Ой, көке, не деген атаққұмар адам едіңіз? Ауылыңызға арнайы мешіт ашып беруге келіп жатсақ, атақ алуға ауданға кетіп қалыпсыз. Осыныңыз енді дұрыс па? – деп тағы да бір тығырыққа тіреп алды да: «Әй, бірақ бұл Сапаш көкеме не айтуға болады? Осы уақытқа дейін алмаған атағы, қылмаған шатағы жоқ. Алтын басыңыз аман болса, алда әлі талай атақты да аласыз, ел есінде осындай еселі еңбегіңізбен қаласыз, талай жиынға барасыз. Бұл сіздің жарғақ құлағыңыз жастыққа тимей жүріп, ел үшін еткен еңбегіңіз бен төккен теріңіздің төлеуі ғой. Сіз атақ пен марапаттың қандайына болса да лайықтысыз, төрлетіңіз», – дегенде барып, дән ризашылығын білдіріп, масайрай күліп, ортамыздан орын алғаны әлі есімде.
Сапаш көкеміздің мінезі сабырлы да салмақты, білімі терең жан-жақты болды. Ерінбейтін еңбекқорлығы мен уәдеге беріктігінің арқасында ел-жұртына ардақты еді. Зейнет жасында жүрсе де, жігері мол жастардан кем қалыспай, еліне еселі еңбегін сіңірді. Сол өңірді дамытуға үлес қосып, партия жұмысын жандандырды. Жеке кабинетінде өңір тұрғындары үшін игілікті істер атқарды. Біз жазу-сызумен қоса фото-сурет өнерімен де айналысқандықтан кабинетінің жаңа талаптарға сай заманауи үлгіде безендірілуіне атсалыстық. Партияның бастауыш ұйымының атқаратын міндеттері мен қызметтері әрі құзіреті мен ереже-жарғылары туралы талаптарды тап-тұйнақтай етіп безендіріп, әрі халықтен бірлесе отырып қоян қолтық атқарылған жұмыстары туралы ақпараттар мен нақтылы қол жеткізген нәтижелер көрсеткіштеріне көпшіліктің көзін жеткізетін көрсеткіш тақталарын дайындағанда да бірге жүрдік. Көп нәрсеге көзімізді жеткіздік әрі әртүрлі іс-шараларды атқаруда жұртшылықпен қалай жүйелі жұмыстар жүргізу керектігі туралы да көп нәрсені үйрендік. Зейнеткер бола жүріп жастардың жете алмаған жетістіктеріне де қол жеткізді. Соның нақты көрінісі – өзі басқаратын мекеменің «Ең үздік бастауыш партия ұйымы – 2012» облыстық байқауының жүлдегері атануы. «Ақынның аузы дуалы» демекші, Камнұр досымыздың да айтқаны айнымай келіп, Сапаш көкеміз тағы да бірталай марапат пен атақтардың иегері атанды. Ұзақ жылғы ұстаздық еңбегінің арқасында Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздік қызметкері, жылдар бойы жас ұрпақ тәрбиесіне, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосып, өзінің тұрған ауылының ақылшы аға, ақсақалы ретінде ауылындағы әлеуметтік жағдайы төмен деген отбасыларға көмек қолын созып жүрген жомарттығы мен халқына деген сүйіспеншілігінің арқасында «Бейбітшілік әлемі» атты халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің президенті А.Нұрмановтың қолынан халықаралық «Ататүрік» алтын медалін кеудесіне тақты. Бұл турасында да кезінде «Не деген атаққұмар адамсыз?!» деп қалжыңдайтын ақын інісі Камнұр досымыздың аудандық «Талғар» газетінің 2012 жылғы 28 сәуірдегі сенбі күнгі санында:
«Алда да жана берсін еңбегіңіз,
Марапат алып талай ерледіңіз.
Әрқашан үлгі болып көпке ісіңіз,
Шаттықтың бесігінде тербеліңіз!» – деп жырлағаны есімде.
Иә, Сапаш көкеміз, Сапарғазы Сұлтанғазы секілді саңлақ ағаларымыздың салып кеткен сара жолы мен көрсетіп кеткен үлгі-өнегесі қанша жылды артқа қалдырса да, жүрегімізден мәңгі өшпейді. Еліне сіңірген еңбегі де ел есінде. Өткен жылы өмірден озған елжанды абыз қариямыздың да арамыздан кеткеніне тура бір жыл толып отыр. Жаныңыз жаннатта, тәніңіз рахатта, иманыңыз жолдас, берекеңіз орныңызда болсыншы деп тілейміз, Сапаш көке!
Сайлау ЕСІМЖАНҰЛЫ,
ұста-зергер, халықаралық және республикалық қолөнершілер байқауының жүлдегері
Талғар ауданы