Ақын, әнші, күйшіден кенде болмаған Жамбыл ауданында Ұлттық домбыра күніне орай рухани-мәдени шара өтті. Жыр алыбы Жамбылдың әдеби-мемориалды музейінде «Жыр мен күйдің қос алыбы» атты шара ұйымдастырылып, Жамбыл Жабаев пен Нұрғиса Тілендиевтің өнегелі өмірі мен өнері қатар дәріптелді.
«Елі үшін туған ерлердің
Алды-арты дария, кең болар.
Артықша туған азамат
Халыққа үлкен бел болар», – деп Жамбыл ақын жырлағандай, қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлға Нұрғиса Тілендиевтің де ескерткіш-кесенесі ақын музейінің ауласында орналасқаны белгілі.
Жамбыл аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұргүл Әшекеева, Жамбыл ауылдық округінің әкімі Данияр Мантаев, Нұрғиса Тілендиев мемориалды музейінің ғылыми қызметкері Нұрмұха Шаймерденов жиналғандарға құттықтау сөздерін арнап, ауылдық Мәдениет үйінің директоры Ермек Шаштайұлы ән-шашуын айтты. Жамбылдың жыр мұрасы мен Нұрғисаның күй өнері насихатталған шара аясында ән мен күйге толы өнер шеруі ұйымдастырылды. Жамбыл ауылындағы өнер мектебі мен осындағы орта мектептің мұғалімдері мен оқушылары, «Жамбыл ата келіндері» ансамблі ұлттық рухты дәріптеді. Шараға халықаралық «Самғау» жасөспірімдер арасындағы ән-би өнер байқауының Ерасыл, Ержігіт, Мейрамбек сияқты жеңімпаздары да арнайы келіп, өнер көрсетті. Жас домбырашылар Нұрғисаның, Жамбылдың күйлерін күмбірлете орындап, қазақтың рухын асқақтатты.
Келген қонақтар қазақ өнерінің шоқтығы биік тұлғаларына арналған арнайы көрмені тамашалады. Музей ауласында тігілген киіз үйдегі көрме төрінен Жамбыл, Нұрғисамен қатар «Жырдың қара жорғасы» атанған Үмбетәлі Кәрібаев сияқты алыптар ұстаған қасиетті домбыралар орын алды.
Жамбыл музейінің меңгерушісі әрі ақынның тікелей ұрпағы Салтанат Тезекбайқызының айтуынша, ақын музейінің қорында 3 мыңнан астам жәдігер бар. Осында Жамбылдың екі домбырасы сақтаулы. Бала Жамбыл жастайынан шежірешілерді тыңдап, аңыз-әңгімелерді құлағына құйып өскен, 12 жасында домбыра үйреніп, ақындыққа бет бұрады.
– Осы жасынан бастап Жамбыл домбыраны жанына өмір бойы серік еткен. Өзінің бір естелігінде: «Қолыма домбыра тисе, еркелігім жайына қалатын, сыңғырлап тұрған домбыра емес, өз жүрегім сияқты сезіледі», – деген екен. Осы күнге дейін атамыздың үш домбырасы сақталған. Екеуі осы музейде болса, үшінші домбырасы Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы Халық музыкалық аспаптар музейінде тұр, – деді Салтанат Жамбылова.
Биыл ЮНЕСКО көлемінде 100 жылдығы тойланып жатқан Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейі осында өз экспозициясын әкелді. Онда композитордың өмірінен сыр шертетін мұра ретінде жеке тұтынған заттары, дирижерлық таяқшасы мен түрлі марапаттары ұсынылған. Осы 50-ден астам құнды жәдігер бір апта бойы Жамбыл музейінің залында жылжымалы көрме ретінде келушілер назарына ұсынылмақ.
Қазақтың сөз өнері мен саз өнері қатар өрілген рухани шараға Алматы қаласынан «Парасат» әлеуметтік оңалту орталығының балалары арнайы шақырылып, тәрбиелік мәні зор кештен тағылым алды. Орталық тәрбиеленушілеріне ауыл әкімдігінің қолдауымен Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар берілді. Шараны ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл – балаларды қолдауға және оларды мәдени өмірге тартуға бағытталған игі бастама.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы