Қарасай ауданында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік іріктеу кезеңі болып өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен бұл байқау – отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, береке мен бірлікті, сыйласымдылық пен түсіністікті үлгі етуге бағытталған игі бастама.
Байқауға Қарасай ауданы бойынша 8 отбасы қатысты. Олардың әрқайсысы өздері тұратын елдімекен мен ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, жас ұрпаққа өнеге көрсетіп келе жатқан отбасы ретінде кеңінен танылғанын айта кету керек. Қатысушылардың қатарында ұстаздар әулеті, кәсіпкерлер, спорт және мәдениет саласының үздіктері бар. Іс-шара қорытындысы бойынша үздік отбасылар мен жүлдегерлерді Қарасай ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Асылхан Еспаев марапаттап, алғыс білдірді.
«Мерейлі отбасы» байқауында Қаскелең қаласынан Туютовтар, Бірінші май ауылдық округінен Әлменбетовтер, Жамбыл ауылдық округінен Аширалиевтер, Жібек жолы ауылдық округінен Қыдыралиевтер отбасы жүлделі орындарды иеленді. Ал бас жүлдені Қаскелең қаласынан Бекдайыр отбасы жеңіп алды. Жеңімпаз отбасы байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.
Бұл шара – тек марапат көрсету үшін емес, ел болашағының іргетасы саналатын отбасының рөлін айшықтайтын маңызды қадам. Осындай өнегелі отбасылардың көбейе беруі – қоғамымыздың қуаты мен келешегінің кепілі.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы